Жыл сайын желтоқсан айының алтысы күні елімізде ҚР Прокуратурасы күні аталып өтеді. Бұл – мемлекет ішіндегі заңдылықты нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда заңдылықты сақтау жолында еңбек етіп жүрген сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Осыған орай айтулы күннің қарсаңында ауданымызға жаңадан келген прокурор Айдос Чормановпен кездесіп, сұқбаттастық. Оның барысында прокурормен танысып қана қоймай, жалпы аталған органның бүгінгі тыныс-тіршілігі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар төңірегінде әңгіме құрдық.
– Айдос Тұрсынжанұлы, алдымен Сізді жаңа қызметіңізбен және алда келе жатқан кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Ауданның прокуратурасына басшы болып келгеніңізге 1,5 айдай ғана болғандықтан, бүгінгі сұқбатымызды танысудан бастасақ. Өзіңіз қай жердің тумасы боласыз? Қайда білім алып, заң саласына қашан қадам бастыңыз?
– Құттықтауыңызға рақмет! Сұрағыңызға келсек, мен 1978 жылы еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан алып шаһар – Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Жоғары білімді Қазақ мемлекеттік заң университетінде алып, оны 1999 жылы тәмамдадым. Заң саласына алғашқы рет 2000 жылы келдім. Яғни, осы жылы мен өзімнің алғашқы еңбек орныма Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі ретінде жұмысқа орналастым. Одан кейін ретімен Алматы қаласы, Павлодар және Алматы облыстарындағы заң қадағалаушы органдарында жауапты қызмет атқардым.
Ашып айтқанда, 2007 жылдан бастап Бас прокуратураның азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот актілері мен атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау департаментінің бөлім прокуроры және аға бөлім прокуроры ретінде жұмыс істедім. Одан кейін төрт жыл Павлодар облысы Павлодар қаласының прокуроры, төрт жыл Алматы облысы Қонаев қаласының прокуроры лауазымында қызмет еттім. Ал ағымдағы жылдың қазан айының тоғызы күні өздеріңіз білетіндей, Бас прокурордың №132/6 бұйрығымен Қарасай ауданының прокуроры лауазымына тағайындалдым. Жалпы заң саласында еңбек етіп келе жатқаныма 25 жылдан асты.
– Енді біздің ауданымыздың прокуратура қызметіне тоқталсақ. Жаңа басшы ретінде басқаруға келген мекеменің жұмыс жүргізу жүйесінің денгейі жайлы не айта аласыз? Өз тарапыңыздан өзгерістер енгізу ойыңызда бар ма?
– Бір сала бойынша істесе де әр мекеменің өзінің ішкі тұрақтап қалған жүйесіне болады. Сондықтан, әрине, Қарасай ауданының прокуратурасына жаңа басшы ретінде келгелі мекеменің ішкі өмірімен танысып, жұмыс жүргізу деңгейін жан-жақты зерделеп шықтым. Жалпы алғанда, қарасайлық прокуратураның жұмысы жүйелі, жақсы деңгейде деп айта аламын. Мұндағы қызметкерлердің кәсіби дайындығы жоғары, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады.
Дегенмен де, кез келген ұйымның дамуы үшін жұмысының сапасы мен жылдамдығын үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Бұл, әрине, прокуратура саласына да байланысты. Осы ретте басшысы ретінде алдыға қойған мақсаттарымның бірі азаматтарды қабылдау форматын кеңейтіп, онлайн қабылдауларды жиі өткізу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту болып табылады. Сонымен бірге, өтініштерді қарау, қадағалау қызметін жүргізу барысында цифрлық жүйелерді толық пайдалану арқылы уақытты үнемдеп, тиімділікті арттыру жоспарлануда. Одан бөлек, заңдылықтың сақталуын қадағалау барысында профилактикалық бағытты күшейтіп, проблемаларды алдын ала анықтауға басымдық берілмек.
– Қазір қоғамды толғандыратын тақырыптардың бірі – заңсыз иемденілген жерлерді мемлекетке қайтару. Бұл, әрине, Қарасай ауданына да байланысты. Осы ретте заңсыз немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бағытында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Әрине, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің тараптан пайдаланылмаған жер учаскелерін анықтау және қайтару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Яғни, аудан бойынша жер қатынастарына қатысты жағдай толық зерделеніп, бірқатар талдаулар мен тексерулер ұйымдастырылып, заңсыз иемденілген жер учаскелерін анықтау бойынша кешенді мониторинг жүргізілуде. Аэрофототүсірілім, картографиялық материалдар және жер кадастр деректері салыстырмалы түрде талданып, сәйкессіздіктер анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы айналымына қосылмай тұрған жерлер бойынша меншік иелеріне ескерту беріліп, пайдаланылмаған мерзімдер расталған жағдайда оларды мәжбүрлеп мемлекетке қайтару процестері жүргізіледі.
Прокуратура және уәкілетті органдар арасында өзара әрекеттесу жолға қойылды. Барлық материал бір орталыққа жинақталып, құқықтық баға беру және шара қабылдау механизмі біріздендірілді. Оған қоса жер иелеріне жерді мақсатты пайдалану міндеттері, заң талаптары және жауапкершілік туралы кеңес беріліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қайтарылған учаскелердің ауыл шаруашылығына, әлеуметтік нысандарға немесе өзге де қажетті бағыттарға берілуі қадағаланады.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жүргізіліп, қоғам тарапынан сұранысқа ие мәселенің нақты шешім табуына жағдай жасалуда.
– Жер мәселесін көтеріп отырғандықтан, біраз дауға іліккен Үшқоңыр жайлауы жайлы да сөз етпеске болмас. Жуырда Алматы облысы әкімімен өткен брифингте журналистер тарапынан Болат Назарбаевтың «Prime Capital Holding» жеке компаниясы арқылы иеленген Үшқоңыр жайлауындағы 9 мың гектар жер телімі қашан мемлекет меншігіне қайтарылатындығы туралы сауалдар қойылған еді. Бұл ретте туындайтын сауал аталмыш жер дауының мәселесі шешімін тапты ма? Ол мемлекет меншігіне қайтарылды ма?
– Иә, бұл мәселені біз білеміз, қадағалауымызда ұстап отырмыз. Жалпы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңы талаптарына сәйкес, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ҚР Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы болып табылады. Бұл ретте, ағымдағы жылдың қазан айында ведомствомен аталған жер учаскелері Қарасай ауданының коммуналдық меншігіне өтеусіз қабылдау туралы сыйға тарту шартымен өткізілді.
Өздеріңіз естіген шығарсыздар, жақында ғана Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифинг өткен еді. Оның барысында облыс басшысы, әрине, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер туралы да ақпарат берген кезде Қарасай ауданындағы Үшқоңыр аумағында 3400 гектар жер мемлекетке қайтарылғанын да атап өтті.
– Жылдан жылға өзектілігі артып жатқан тағы бір мәселе – алаяқтық. Соңғы жылдары еліміздегі алаяқтық бойынша қылмыстар, оның түрлері, зардап шеккендер саны күрт өсіп жатқаны ешкімге жасырын емес. Осы ретте Қарасай ауданындағы ахуал қандай? Бұл бағытта сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар қолға алынған?
– Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі алаяқтық болып табылатыны рас. Әсіресе, ғаламтор дамыған заманда интернет арқылы жасалатын алаяқтық кеңінен таралуда. Десе де Қарасай ауданында ағымдағы жылдың өткен кезеңінде аталған қылмыс түрі 15%-ға азайған. Нақтырақ айтқанда, алаяқтыққа байланысты қылмыстар саны 961-ден 809-ға дейін төмендеген.
Жалпы біз жылда осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында өзге құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істейміз. Мәселен, ағымдағы жылы да аудандық полиция басқармасымен бірлесіп жұмыс жоспарын әзірлеп, соның аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткіздік.
Сонымен қатар «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы онлайн кездесу өткізіліп, аудан тұрғындарына алаяқтық жасалған жағдайда әрекет ету тәртібі түсіндірілді, сауда орталықтарының LED-экрандарында осы қылмыстардың алдын алу бойынша материалдар жарияланып, билбордтар орнатылды.
– Айдос Тұрсынжанұлы, өзіңіз білетіндей, осы айда еліміз бойынша оның ішінде әрине, біздің ауданымызда да «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы жүргізіліп жатыр. Аталған бастама аясында аудандық прокуратура тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық мәселесі қазіргі кезде қоғамда шешілмей отырған індеттің бірі болып отыр. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбінде әлсіз балалар, қарттар, мүгедектер мен әйелдер қауымы ұшырайды. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мәліметі бойынша, биыл 7 айда отбасылық-құқықтық салада 2 мыңнан аса қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Былтырмен салыстырғанда 3 еседен көп. Сондықтан жылда өзге салалар секілді прокуратура тарапынан да осы күрделі мәселеге көптің көңілін аудартатын «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы белсенді түрде қолдау тауып, оның аясында түрлі жұмыстар атқарылады.
Мәселен, ағымдағы жылы аталған маңызды акция аясында аудан прокуратурасының үйлестіруімен тұрғындардың жергілікті мекенжайына шығу ұйымдастырылып, профилактикалық және ҚР ҚК-нің нормаларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және жолын кесу мақсатында аудандық полиция басқармасымен бірлесіп бейнероликтер әзірленіп «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы жариялануда. Мұнан бөлек те өзге жұмыстар қолға алынып, алдағы уақытта жалғаса беретін болады.
– Қарасай ауданы прокуратурасы бойынша жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз? Заңдылықтардың сақталуын қорғау бағытында қандай шаралар жүзеге асырылды?
– Ағымдағы жылы аудан прокуратурасы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарды. Жүргізілген шаралар негізінен профилактикалық қадағалауды күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды.
Нақтылағанда, жүргізілген тексеру мен талдау жұмыстарының нәтижесінде, еңбек, денсаулық сақтау, білім беру, жер, экономика саласында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, оларды жою жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға қадағалау актілері енгізілді. Жалпы алғанда, аудан прокуратурасының қызметі заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған нақты әрі жүйелі шаралармен толықтырылған жыл болды.
– Сіздердің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларыңызға мән бергенде прокуратура саласына цифрландыру жүйесін енгізу белсенді түрде жүргізіліп жатқанын байқадық. Осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Прокуратура қызметіне цифрландыру жүйесін енгізу – біздің жұмысымыздың ашықтығын, жеделдігін және тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды бағыттардың бірі. Соңғы уақытта бұл салада бірқатар нақты қадамдар жасалды.
Біріншіден, өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі кеңейтілді. Азаматтар бізге әлеуметтік желілер, электронды пошта және арнайы онлайн платформалар арқылы жүгініп, өз мәселелерін үйден шықпай-ақ жеткізе алады. Барлық электронды өтініштер бірыңғай базаға тіркеліп, қаралу мерзімдері автоматты түрде қадағаланады. Екіншіден, Цифрлық мониторинг құралдары енгізілді. Жер қатынастары, экономика, әлеуметтік сала бойынша заңдылықтардың сақталуын қадағалау барысында деректерді талдаудың электронды әдістері қолданылады. Бұл заң бұзушылықтарды ерте анықтауға әрі тиімді шара қабылдауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, әлеуметтік желідегі ресми парақша арқылы кері байланыс күшейтілді. Жүйелі түрде ақпарат беріліп, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жедел жауап беріледі. Бұл халықпен ашық коммуникация орнатуға және түсіндіру жұмыстарын жандандыруға ықпал етіп отыр. Төртіншіден, прокурорлық қадағалау процестерін автоматтандыру. Істерді тіркеу, есеп жүргізу, статистика қалыптастыру сияқты ішкі жұмыс бағыттары цифрландырылып, адами факторға тәуелділік азайды. Бұл қызметкерлердің жүктемесін жеңілдетіп, негізгі қадағалау функцияларына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Бесіншіден, құқықтық ақпараттың қолжетімділігі артты. Азаматтар өздеріне қажет құқықтық түсініктемелерді, жаңалықтарды, ескертулерді онлайн форматта ала алады. Жекелеген тақырыптар бойынша бейнероликтер, жадынамалар мен түсіндіру материалдары тұрақты түрде жарияланып отыр.
Жалпы алғанда, цифрландыру біздің қызметімізді ашық, қолжетімді және сапалы етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді.
– Аудандық прокуратура қызметкерлерінің алда тұрған міндеттері қандай? Сол жайында айта кетсеңіз.
– Алдағы кезеңде аудан прокуратурасы қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттер айқын және жауапты. Негізгі басымдықтар бірнеше бағыт бойынша белгіленген. Яғни, ол заңдылықтың жоғары деңгейде сақталуын қамтамасыз ету. Оның ішінде құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметіне қадағалауды күшейтіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеу, әсіресе, әлеуметтік саладағы, жер қатынастары мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы заң бұзушылықтардың алдын алу ерекше назарда ұстау. Сондай-ақ тұрғындардан түсетін өтініштерді сапалы қарау, халықтың қажеттілігіне сәйкес әрекет ету және проблемаларды уақытылы шешу – негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Осы ретте азаматтармен ашық әрі қолжетімді байланыс форматын одан әрі дамыту жоспарланған.
Оған қоса профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру шараларын жүйелі жүргізу, тиісті органдардың жұмысына талдау жасап, тәуекелдерді ерте анықтау жұмыстары жалғастырылатын болады. Цифрландыру бағытын одан әрі жетілдіру үшін электронды қадағалау жүйелерін жетілдіру, ақпараттық жүйелерді кеңінен пайдалану және халыққа қызмет көрсетудің онлайн форматын дамыту бағытында жұмыстар атқарылады. Тағы бір бағыт ол –мемлекеттік және жергілікті органдардың шешімдеріндегі заңдылықты күшейту.
– Түсінікті, рақмет.
Айдос Тұрсынжанұлы, уақытыңызды бөліп, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпаратпен бөліскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.
Сізді және Сіз басқарып отырған аудандық прокуратура қызметкерлерін алдағы төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, мемлекет игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.