Өткен аптаның жұмасында ауданымызда «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы болып өтті.
Талдықорған қаласынан Қарасай жеріне арнайы келген қонақтарымыздың іссапары Наурызбай батыр ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қоюмен басталды. Аталмыш қоғамдық кеңестің бірқатар мүшелері жұмыс барысын талқылау үшін Қаскелең қаласының Абай атындағы мектеп-гимназиясына аяқ басты. Елбасымыз оқыған білім ордасы меймандарымызды жылы қарсы алды. Білім мекемесінде Президентіміздің естеліктері жинақталған мұражай бар екені баршамызға мәлім. Сол мұрағаттағы мұраларды көру сәті келген қонақтарымызға да бұйырды. Ұлт Көшбасшысының оқушы кезінен хабар беретін заттар олар үшін маңызды, жаңа дерекке айналғандай. Осылайша кішігірім экскурсияны аяқтаған делегация мүшелері мәжіліс залда кезекті көшпелі отырысты бастады.
Маңызды жиын «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымның төрағалығымен өтті. Сондай-ақ, бұл қоғамдық кеңестің жұмысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров пен аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова және басқа да қоғамдық кеңестің мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жоспар бойынша жұмыс барысы екі ауқымды тақырыпта ой қозғады. Атап айтсақ, олар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы орындалуы керек міндеттердің бірі – «Туған жер» бағдарламасы және екіншісі биылғы Жолдауындағы адами капитал – жаңғыру негізі деп алға қойған мақсаты. Осы аталған қос міндеттер Қарасай ауданында қалай жүзеге асырылуда, олардың орындалу барысы туралы ақпаратты аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы өз баяндамасында айтып өтті.
Сөз арасында ауданымызға қатысты түйіткілді мәселелер де назардан тыс қалмады. «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшелері өз тараптарынан шешімі табылмаған жұмыстар болса, қол ұшын созуға дайын екендерін жеткізді. Көшпелі отырыстың әдемі нүктесін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров қойды. Ол ауданымыздың жеткен жетістіктеріне қысқаша тоқтала кетті.
– Аудан арасында ішкі мәселе болмайды емес, болады. Алайда, оны дер кезінде шеше білу, әрі нәтиже шығару – басты міндет. Ал, қарасайлықтар үнемі сапа үшін жақсы жұмыс атқаратын аудандардың бірі, – деді облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ, «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы Нүсіпбай Додабайұлы алдағы көшпелі отырыстың күн тәртібі мен тақырыбын белгілеп берді. Ол желтоқсан айына жоспарланған. Ондағы кезекті кеңес жиынының тақырыбы: Елбасының «Парламент пен Үкімет, облыстық мекемелер тек қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деген тапсырмасы, «Қазақстан жазушылары құрылтайының қаулысына енген бұл тапсырманың облыстық көлемде орындалуы қай деңгейде?» . Сондай-ақ, Жетісудың киелі орындарын нақтылау, насихаттау» жұмыстарының барысы туралы.
Алдағы жоспарлы міндеттерін айқындап алған қоғамдық кеңес мүшелері Қарасай ауданының Үшқоңыр ауылына қарасты сәні мен сәулеті жарасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралады. Елбасымыздың балалық шағы мен қызмет жолынан сыр шертетін бұл ғимарат қонақтарды ерекше әсерге бөледі. Ізгі ілтипаттарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.