Бұл ерекше сәттің куәсі болып, шамалғандықтардың шаттығын бөлісуге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді.
Елді мекенге кіре берісте жаңадан бой көтере бастаған ықшам аудан ортасына сән-салтанатымен тігілген алып сахна төріне шығып, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен тың жобаларының арқасында дамудың даңғыл жолына түскен еліміздегі қолға алынып жатқан жақсы істердің шарапаты киелі Жетісу өңірінде де көрініс тауып келетінін, соның ішінде Қарасай ауданында да атап айтуға тұрарлық көп жетістіктер бар екенін тілге тиек еткен өңір басшысы үлкен азаматтықтың үлгісін көрсетіп отырған Болат Әбішұлына жиналған халық атынан алғысын айтты.
– Қазір біздің елімізде, соның ішінде Алматы облысында, Елбасының бағдарламаларына сай үлкен жұмыстар жасалып жатыр, – деді Амандық Ғаббасұлы. – Күні кеше ғана шымылдығын жапқан «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде қаншама мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері бізге келіп, таңданыстарын жасыра алмады… Осының бәрі мемлекетіміздің әлеуеті артқанын, халықтың тұрмысы жақсарғанын аңғартпай ма?! Экономикамызды түзеп алғаннан кейін Елбасы халықтың рухани жаңғыруы мәселесін көтеріп отыр. «Туған жер» деген бағдарлама да осыдан келіп туындайды. Облысымызда осы бағытта 90 жоба қолға алынған. Міне, үлкен меценат Болат Әбішұлы өзі бастама көтеріп, жер алып, 20 үй салуда. Оның 17-нің құрылысы аяқталып, тағдыр тауқыметін тартып жүрген отбасыларына тегін берілмекші. Мұндай шаруаға бару үшін алдымен кең жүрек пен жан жылуы қажет-ау. Отанын, елін сүйген, халқының тағдырына бейжай қарамайтын азамат қана осындай ізгі іске бара алады. Өздеріңіз Қызылағашта болған апатты ұмыта қоймаған шығарсыздар. Қаншама адам қайғы құшып, баспанасыз қалған кезде Болат Әбішұлы келіп, қиын жағдайға тап болған жандарға өз қаражатына 20 үй салып берген еді. Онымен қоса, сол үйлерге жиһаз қойып, мал-мүлкіне дейін көмектескеніне өзім куәмін. Сондықтан, баршаларыңыздың атыңыздан Болат Әбішұлына алғыс айтқым келеді!
Көп күттірмей-ақ, меценаттың өзі жаңа үй иелеріне баспаналарының кілтін тапсырды. Солардың қатарындағы Мұстафаев Шыңғыс І топтағы мүгедек. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған. Қаншама жыл тұрақты төрі болмаған екі баланың әкесі қайырымды жандардың атына шын жүректен алғысын жаудырып, толқыныс үстінде көзіне жас алды. Ал, алты перзентін жалғыз өзі асырап жүрген Дильбар Құттыбай Шымкент қаласында тұрады екен. «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы білдірген жанайқайына құлақ түріп, көмек қолын созған ел ағаларына шексіз ризашылығын білдірген көп балалы ана енді Президенттің туған жеріне қоныс аударатынына қуанышты екенін де жасырмады.
Жалпы, 120 шаршы метр аумақтан тұратын бұл 17 үйдің құрылысына 124,5 млн. теңге жұмсалса, 35 млн. теңгеге жуық қаржы оның инженерлік коммуникациясына бөлінген. Осы жылдың сәуірінде басталған құрылыс жұмысы бес айдың ішінде толық аяқталып, барлық үй орталық газ, су, электр жүйесіне қосылған. Кейбірі, тіпті, қажетті жиһаздармен де қамтамасыз етілген. Баспана іші талапқа сай етіп әрленіп қана қоймай, аулалары көгалдандырылып, биік қоршаулармен де қоршалып, есік алдына асфальт төселген.
Шараның ресми бөлімінен соң облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы, меценат Болат Әбішұлы және Қарасай ауданының әкімі Махаббат Садуақасұлы үйлерді аралап, жаңа қоныс иелерін құттықтады. Өңір басшысы жанарлары шаттықтың көз жасына толған жандарға теледидар тарту етті.
Клара КӨПБАЕВА.[:]