Қарасай ауданындағы білім саласында тағы бір жақсы өзгеріс орын алды. Анығырақ айтқанда, өткен жылдан бері аудан аумағындағы төрт орта білім беру мекемелерінде тегін стоматология кабинеттері ашылды. Соның арқасында оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ тіс дәрігерінің тексеруінен өту мүмкіндігіне ие болды. Мұндай бөлменің бірі Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауылындағы №2 орта мектебінде орналасқан. Жұмысын үш ай бұрын бастаған мамандар қазірдің өзінде оқушылар арасында белсенді түрде ауыз қуысы гигиенасына, тіс щеткасын дұрыс таңдай білуге үйрету секілді профилактикалық шараларды жүргізуде.
Жалпы тіс күтімі денсаулық үшін маңызы жоғары, себебі ауыз қуысының жағдайы ағзаның басқа жүйелерімен тығыз байланысты. Жақсы күтілген тістер ғана емес, сау қызыл иек те жалпы әл-ауқатқа әсер етеді. Соңғы жылдары елімізде ауыз қуысы ауруларының өсуі, оның ішінде тісжегі мен тіс жұлудың асқынған түрлерінің саны байқалған. Яғни тексерістен өткен онның жетеуіне тісжегі бар тістер диагнозы қойылған.
Жағдайдың болашақта күрделеніп кетпеуі үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осыдан екі жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған «Болашаққа – сау тіспен» мектеп жасындағы балалардың стоматологиялық ауруларының профилактикасын жетілдіру жөніндегі Жол картасын бекітті.
Жаңа жоба аясында 2028 жылдың соңына дейін республикаға қарасты мектептерде 987 стоматология кабинетін ашу жоспарланған. Оның ішінде, әрине, біздің Қарасай ауданы да бар. Өткен жылдың өзінде ауданымызда орналасқан Жармұхамбет ауылындағы №2, Б.Соқпақбаев, Б.Қосынов және Қарасай батыр атындағы орта мектептерінде 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 680 «Мектеп жасындағы балалардың стоматологиялық ауруларының алдын алуды жетілдіру жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған «Болашаққа – сау тіспен» Жол картасын бекіту туралы» бұйрығы негізінде тегін стоматология кабинеттері іске қосылды. Солардың біріне көз жеткізу үшін таяуда біз Жармұхамбет ауылындағы №2 білім ошағына барып, жаңа кабинеттің жұмысымен жақынырақ таныстық.
Аталған мекеменің директоры Мөлдір Есбатырованың сөзіне сүйенсек, мектептегі стоматология кабинеті өткен жылдың желтоқсан айында ашылды. Қазір мұнда тіс емдеу саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби маман Жұлдыз Байсабаев және медбике Айгүл Мауленова оқушылардың тістерін емдеу мен тісжегінің алдын алу, ауыз қуысына профилактикалық тексеру, динамикалық бақылау бағытында қызмет көрсетуде. Сонымен қатар өз жоспарларына сай стоматологиялық аурулардың профилактикасы бойынша фото және бейнематериалдарды қолдану арқылы ашық сабақтар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, бұл кабинеттерде мамандар тісжегі секілді жеңіл ауруларды емдейді. Барлық ем-дом ата-ананың рұқсатымен ғана көрсетіледі. Бірақ егер де оқушыда тісжегінің күрделі түрі, пульпит, тіс инфекциялары секілді жағдай байқалса, өзі тіркелген емханаға қаралады.
– Мектептерде стоматологиялық кабинеттерін ашудың негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балалардың стоматологиялық денсаулығын бақылау. Бұл өте маңызды, себебі тісжегі және оның асқынулары гастрит, панкреатит және миокардит сияқты көптеген ауруларды тудыруы мүмкін. Сау емес тістер адамдар, әсіресе балалар үшін өте қауіпті одонтогендік қабыну ауруларына әкелуі мүмкін. Сондықтан жеке басым Мемлекет басшысының қолдауымен осындай жақсы жоба іске асып жатқанына қуаныштымын, – деді Жұлдыз Аширбайұлы.
Емдеу бөлмесіне келер болсақ, алғашқы көмекті көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ауыз қуысы ауруларын диагностикалауға және емдеуге арналған көп функционалды стоматологиялық орындық, құрал-жабдықтарды бумен залалсыздандыратын автоклав және ультракүлгін камерасы, сондай-ақ автоклав, қондырғылар мен құрал-жабдықтарды залалсыздандыратын және ерітінді дайындауда қолданылатын булану және конденсация арқылы жоғары тазартылған суды жасайтын дистиллятор және тағы да басқа қажетті құралдар орнатылған. Қажетті аппарат пен құрал-жабдық орталық аудандық ауруханада бөлінген.
Жалпы айтқанда, «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасы балалардың ауыз қуысы денсаулығын нығайтуға, жасөспірімдер арасында профилактикалық медициналық көмекті дамытуға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға елеулі үлес қосып отыр.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
