Жуырда Алматы облысы әкімнің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов біздің ауданда жұмыс сапарымен болып қайтты. Аудан әкімі Жандарбек Далабаевпен және Қаскелең қаласындағы бірқатар қызмет жетекшілерімен бірге ол «Қарлығаш» шағын ауданындағы тұрғын үй кешені мен Әйтей ауылындағы орта мектеп құрылысындағы істің жайымен танысты.
«Қарлығаш» шағын ауданына сегіз гектар жер бөлінген. Бекітілген бас жоспар бойынша, бұл жерде жалпы алғанда сегіз жеті қабатты және 22 тоғыз қабатты тұрғын үй салынады. Жеке қазандық, су жинақтау торабы, трансформаторлық подстанция да ойластырылған «Қол жетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша, тұрғын үй салу үшін қаражат жинақтау жүйесін бюджеттік несилеу аясында, төрт үй жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тапсырылған. Оның екеуі қазір пайдалануға берілген. Сонымен қатар, коммерциялық бес жеті қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталған.
Сондай-ақ, өткен жылы бұл жерде 150 орындық осы аттас балабақшаның ашылғанын да атап айтқан жөн.
Ал, 2019 жылға қойылған міндет жеті және тоғыз қабатты үйлердің құрылысын бастау, әрі аяқтау. Мұның нәтижесінде 1798 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Әйтей ауылында 3,6 гектар аумақта, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, 1200 орындық орта мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бас мердігерлері – «U-Con-Two» Bi-Group. Жобаның құны 3,5 млрд. теңге. Құрылысты бітіру үстіміздегі жылға жоспарланған.
Осыған дейін мұнда бетонасты негізін құю, екі су жинақтау скважинасын орнату сияқты жұмыстар орындалған. Қазіргі кезде металл құрылғыларын монтаждау тәрізді істер атқарылып жатыр.
Лаззат Махатұлы екі маңызды нысанды да аралап көріп, жұмыс барысымен жан-жақты танысты, құрылысты жүргізушілермен кездесіп, бірқатар тапсырма берді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.