Өткен аптада аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов жүргізді.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе – «Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің жай-күйі туралы» орталық аудандық аурухананың директоры Бауыржан Сатыбалды хабарлама жасады.
Қарасай ауданында 350 мыңға жуық халық тұрады, оның ішінде аудандық емханаға тіркелгені – 294 569 адам. Амбулаториялық көмекке жылына шамамен 2,2 млн келу тіркелсе, 9 айда 1,7 млн келу орындалды. Стационарлық көмек 9 айда 17 143 науқасқа көрсетілді (2024 жылы 9 айда – 17 506), оның ішінде 5457 науқасқа ота жасалды. Соңғы үш жылда аудандық аурухана жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізіп қана қоймай, аталған технологиялар түрлерін кеңейтіп келеді. 2023 жылы екі түрлі кардиохирургиялық, 2024 жылы екі түрлі нейрохирургиялық оталар, ал ағымдағы жылы екі түрлі ортопедиялық көмек сәтті жүзеге асты. Бұл – аудан тұрғындары үшін үлкен жаңалық. Себебі көрсетілген ота түрлері Алматы облысы бойынша алғаш рет аудандық ауруханада практикаға енгізілген екен.
Бүгінгі күні аудандық ауруханада жалпы 605 төсектік стационар қызмет көрсетеді. Оның ішінде хирургиялық бейін – 287 төсек, терапиялық – 96 төсек, босандыру үйі – 155 төсекті құрайды.
2026-2027 жылдарға арналған даму кешенді жоспары әзірленді. Бұл жоспар 11 негізгі бағытты қамтиды. Оның ішінде құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары, медициналық көмектің жаңа түрлерін енгізу, сондай-ақ жасанды интеллектті денсаулық сақтау жүйесіне енгізу қарастырылған.
Қазіргі таңда құрылыс бойынша бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, 11 объектіге жаңа құрылыс салу, үш объектіге күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ инфекциялық стационарды реконструкциялау және жаңа перинаталдық орталық салу мәселелері өзекті болып отыр.
Қаскелең қаласында 500 келуге және 173 тәуліктік төсекке арналған емхананың, перинаталдық орталықтың, сондай-ақ Көлащы ауылында 300 келушіге арналған, АМСК орталығының құрылысына қажетті құжаттар толық дайындалды. Бұл үшін бюджеттік өтінімдер беріліп, қаражаттың бөлінуі күтілуде.
Аудандық аурухананың автокөлік паркінде 52 көлік бар. Оның ішінде біреуі жылжымалы медициналық кешен, дәрілік заттарды тасымалдауға арналған бір JAC N35 көлігі, 19 жеңіл көлік және 7 санитарлық автокөлік бар. Жылдың соңына дейін қосымша 11 автокөлік сатып алу жоспарланған.
Аурухана бас дәрігерінің баяндамасынан кейін кеңес мүшелері Сағат Мәсімақынов, Орынбай Жанәділ, Сағындық Жылқыбаев, Серік Расмұхаметов, кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы ой-пікірін білдірді, ал Ұлтусын Бархинова ана мен бала өлімі, Сейтқали Ыбытаев медицина мекемелерінде соғыс және еңбек ардагерлерін кезексіз қабылдау жайын сұраса, Несіпбала Әбділдаева бұл салада тәртіпті күшейтуге шақырды. Бауыржан Нұрланұлы барлығына да тиянақты жауап берді.
Келесі кезекте «Қарасай ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жұмысы туралы» оның басшысы Ерлан Абдықалықовтың есебі тыңдалды.
Бөлім басшысы Отан қорғау, әскери қызметке шақыру, әскери жиын өткізу, адами және көлік ресурстарын автоматтандырылған есепке алу және тағы басқа жайттар туралы жан-жақты айтып берді. Кеңес мүшелері Сағат Мәсімақынов, Несіпбала Әбділдаева, Назгүл Еркімбаева, Тұрғанбек Оразалиев, Серік Расмұхаметов, Нартай Бөдешов ұсыныс-тілектерін жеткізсе, Сейтқали Ыбытаев әскери-патриоттық тәрбиені күшейту, Әлия Даниярова әскерге апару үшін көшеден ұстап алып кету жайында сұрады. Ал бұл сауалдарға Ерлан Төлеуғалиұлы нақты жауап берді.
Сонымен қатар бұл отырыста «Қарасай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы туралы» оның басшысының орынбасары Марлен Наурызбаевтың есебі тыңдалды.
Қарасай ауданының аумағында 2025 жылдың 11 айында әртүрлі төтенше жағдайлар түрлеріне 928 шығу тіркелді. 192 жағдай өрт ретінде есепке алынды. Өрт есебіне жатпайтын өзге де 736 жағдай бар. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде 11 адам қаза тапты және бір адам зардап шекті. Эвакуация барысында бір адам құтқарылды. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 253 әкімшілік іс қозғалды. Тұрғын үй секторында тұрғындармен жылыту маусымына дайындық және өту кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру, сондай-ақ профилактикалық жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. «Асыл арман», «Алтын ауыл», «Қарлығаш» тұрғын үй кешендеріндегі көп пәтерлі үйлерден балалардың терезеден құлауын алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Бұл мәселе жөнінде Сейтқали Ыбытаев, Серік Расмұхаметов, Тұрғанбек Оразалиев, Қаныбек Айтжанов, Ұлтусын Бархинова, кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы сөз сөйлеп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Мұнан соң «Елтай және Әйтей ауылдық округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» округ әкімдері Біржан Махатов пен Жарқын Қатубаев есеп берді.
Округ әкімдері өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, шағын және орта бизнес, салықтың жиналуы, әлеуметтік көмек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, білім, денсаулық сақтау, жол жөндеу, жарықтандыру, тазалық және тағы басқа мәселелер жөнінде кеңінен баяндап берді, қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Кеңес мүшелері халыққа тиісті жағдай жасау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды уақытымен шешу, басқа да өзекті мәселелер жайында ұсыныс-пікірлерін айтып, әкімдердің жұмыстарына табыс тіледі.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылады. Ал жиында талқыланған мәселелер бойынша қажетті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
