Байырғы ұлттық ат спортының ішінде ең рухтысы – «Жамбы ату» сайысы. Көнеден келе жатқан мергендік мен ептілікті талап ететін бұл жарыс соңғы 10 жылда қайта жаңғырып, қазақ даласында кеңінен насихатталуда. Құралайды көзге атып, жүйрік жылқыны тақымдайтын қыз-жігіттер соңғы уақытта аталған спорт түрін жанына серік етіп, жауынгерлік өнерімен көзге түсуде. Олардың арасында Алатаудың ат құлағында ойнайтын жастар жетерлік.
Жақында дәл осы «Жамбы ату» сайысынан Алматы облысының және Алматы қаласының спортшылары бақ сынап, Әйтей ауылдық округінің аумағындағы «Қазанат» атшабарында әдемі ойын өрнегін көрсетті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған ашық турнирге «Қазанат» мәдени-білім беру қоры қолдау білдіріп, ұлттық ойынды ұлықтауға үлес қосты.
Қазақ халқының дәстүрінде бір істі бастамас бұрын алдымен қарттардың батасын алу игі дәстүрге айналған. Сол сияқты бұл спорттық шарада жастарға деген ізгі ілтипатын білдіру үшін Қарасай аудандық аналар алқасының төрайымы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Ақылия Бекбайқызы сөз алып, ақжарма тілегін айтып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Одан кейін сайыстың тізгінін бас төреші Сәрсенбай Құлбаев алып, төрешілерді және Алматы қаласының, Қарасай, Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарының намысын қорғауға келген үзіңгілес жастарды таныстырды.
Айта кетейік, турнирде «Жамбы ату» өнерін еркін меңгерген, ел намысын байрақты бәсекеде қорған жүрген жастар бақ сынады. Атап айтар болсақ, осы спорт түрінен республика көлемінде қола жүлдені жеңіп алған, осы жарыстың ең ересегі, 48 жастағы Бақыт Абдрахманов, ел чемпионатының күміс жүлдегері Темірлан Шамен, Алматы облысының чемпионы, осы жарыстың ең жас қатысушысы Шолпан Нығман, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Мадияр Шәріпбай, сондай-ақ Бекарыс Жарылқасын, Қазбек Асылбек, Аружан Жаңбырболат сынды Ұлы дала ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері қатысты.
Жамбы ату – қазақтың ежелгі әскери-спорттық ойыны. Оның ерекшелігі ат үстінде шауып келе жатып, арнаулы ілінген бірнеше нысананы садақпен дәл тигізуі тиіс. Бұл жерде нысана дегеніміз жылқының қылынан жасалған, арқанға ілінген шеңбер және ол «жамбы» деп аталады. Дәл осыны сайыскерлер атпен жүйіткіп келе жатып, әрбірін қағып түсіруі тиіс. Осылайша олардың мергендігі мен шапшаңдығы ескеріліп, жеңімпаз анықталады. «Жамбы атудың» осы сипаты қазақ стилі болып табылса, ал корей түріндегісі төртбұрышты нысанаға негізделген. Оның іші бірнеше шаршыдан тұрады. Ортасына жақындаған сайын ұпай саны жоғары болады.
«Жамбы ату» сайысының аталған екі түрі бойынша біз сөз еткен жастар өзара кіл мықтыны анықтауға тырысты. Бірі мергендігімен көзге түссе, енді бірі бабы мен бағы келіспей, қатарынан қалыс қалып жатты. Жарыс болған соң біреуі оза шабатыны анық. Қыз-жігіт болып қатар сынға түскен жастардың арасында ерлердің сайысынан І орынды Бақыт Абдрахманов жеңіп алды. Ал Асылбек Қазбек ІІ орынды қанағат тұтса, үздік үштіктен Мадияр Шәріпбай көрінді. Бұрымдыларға келер болсақ, І орынның жүлдесі Шолпан Нығманға бұйырды. ІІ орынды Аружан Жаңбырболат алса, Жанерке Сулейменова ІІІ орынға лайық деп танылды
Жарыс соңында жеңімпаздар ұйымдастырушылардың арнайы дайындаған медальдарына ие болып, қаржылай сыйақымен лайықты деңгейде марапатталды. Сондай-ақ үздік ойыншы қыз-жігіттерге кубоктар табыс етілді. Спортшылардың ат үстіндегі өнеріне көпшілік риза болып, қошеметпен алғысын білдірді.
«Жамбы ату» сайысының дамуына үлес қосқан «Қазанат» мәдени-білім беру қоры екенін ерекше атап өткен жөн. Оның басшысы Сырымбет Жылгелдиевтің айтуынша, бұл спорттық шара биыл алғашқы рет өткізілуде. Келешекте басқа да ұлттық спорт түрін дәріптеп, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеуді мақсат ету жоспарда бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.