Әлеуметтік желіге алғашқы жылдары тосырқап, үйрене алмағанымыз рас. Дегенмен, қазір екінің-бірі смартфон құрылмын меңгеріп алды. Сәлден кейін сол ғаламтор желісін де «жұлдыздар» пайда бола бастады. Нәтижесінде «блогерлер» мен «вайнерлер» қаптап, үйдегі жас аналар да өзінің блогын жүргізе бастады. Пайдасы жоқ демеймін, бірақ, зияны көбірек. Ізін суытпай «тиктокерлер» шыға бастағанын байқадық. Әсіресе, әлем бойынша шілде айында бағдарлама пайдаланушылары күрт көбейіп кеткен. Сонымен әлемдегі өмір сүру дағдысын бір мезетте өзгерткен індеттің, жер шарына тигізген зардабы қаншама?!
«Тik Tok»-тың шығу тарихын айтар болсақ…
«Тik Tok» – 15 секундтық қысқа бейнекөріністер жасауға арналған қосымша. «AppStore» және «Play Market» -дегі ең көп жүктелген бағдарламалар тізімінде көш бастап тұр. Оны «ByteDance» қытайлық компанияның басшысы, 36 жастағы табысты кәсіпкер Чжан Иминг ойлап тапты. Ол оны «Douyin» деп атаған, кейін «Тik Tok» деп өзгертілді. 2016 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Бүгінгі таңда оның байлығы 13 миллиард долларды құрайды. «Tik Tok» өкілдері Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Дубай, Мумбай, Джакарта, Сеул және Токиода орналасқан. 2017 жылы «Tik Tok» «Musical.ly» қосымшасымен бірігіп, өз мүмкіндіктерін кеңейтті. Осы арқылы аудитория 1,2 миллиардқа дейін өсті. «Tik Tok» -тың осынша кең қолданылуына Үндістан айтарлықтай әсер етті. Бұл мемлекет осы қосымшаның қолданушыларынң санының төрттен бір бөлігін құрайды. Себебі, үнді жастары өздерінің музыкалық және би қабілетін көрсетуге құмар. «Tik Tok» -тың күнделікті аудиториясы 800 миллионнан асады.
Шет елдердегі аталған әлеуметтік желінің жай-күйі қандай?
Сонымен қатар, интернет ресурстарында танымал желі туралы жанжалдар да жоқ емес. Мәселен, 2018 жылдың ақпан айында АҚШ-тағы қысқа бейнекөріністерді алмасу қызметінде ата-анасының рұқсатынсыз, 13 жасқа толмаған балалардың заңсыз түрде деректерін жинады деп кінәлады. Қызметкерлерге 5,7 млн. доллар көлемінде айыппұл салынды. Ашық қолжетімділікте кәмелетке толмағандардың жеке ақпараттары – есімі, телефоны, нөмірі мен суреті болғаны хабарланған. Келтірілген заң бойынша, қызметкерлер жас қолданушылардың жеке ақпаратын қорғап қалу мақсатында, оларға өз бейнематериалдарын бағдарламаға жүктеуге тыйым салған. Осылайша 2019 жылдың желтоқсанында АҚШ билігі мобильдік қосымшаны қолданушыларға, әсіресе, әскери офицерлерге жеке ақпараттарын салуға тыйым салды.
Үндістан билігі тыйым салған 59 қосымшаның ішінде осы қытайлық сервис те бар. Бұл елде «Tik Tok» Үндістанның тәуелсіздігі мен тұтастығына, қорғаныс қабілетіне, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне зиян келтіретін желі ретінде сипатталады. Оның үстіне Қытай мен Үндістан елдерінің арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынас жастардың бірін-бірі орынсыз қағытуына, оның соңы жаңа жанжалдың шоғын үрлеуге алып келуі де ықтимал деген қауіп те жоқ емес. Ал, Ауғанстанда сенатордың балалары мемлекет мүлкіне жататын қымбат көлікке отырып, автоматтан оқ жаудыртқан видеоны жүктегені үшін бастары дауға қалды. Қоғам наразылығын туғызған бейнетаспаны еркетотай балалар әзіл үшін түсірген екен. Сенатор халық алдында қанша жерден ақталғанымен видео төңірегінде айтарлықтай шу шыққан көрінеді.
Осы іспетті қазір «Tik Tok» саяси мінберге де айналып жатқан түрі бар. Бұл желінің өз пайдасына қарай қолданып жатқан мемлекеттер де бар.. Мысалы, карантин кезінде Мәскеудің туризм комитеті аталған платформамен бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде мәдени нысандар жабық болса да қаладағы барлық музейлерге, галереяларға қысқа бейнероликтер арқылы саяхат жасауға мүмкіндік берді. Бұл әдетте мерзімді баспасөз оқымайтын, теледидар қарамайтын жасөспірімдер мен жастардың арасында қауіпсіздікті сақтау шарттарын жеткізуге оңтайлы болғаны анық
Елімізде де «Tik-Tок» танымалдылыққа ие
«Tik Tок» әлеуметтік желісіндегі трендті түсіремін деген әр жазылушы біраз тер төгетіні анық. Бірнеше ай бұрын белін қозғалтатын биді билеймін деп сүйегін шығарып алған қыздың видеосы да осы «Tik Tок» -та тараған болатын. Жақында Тараз қаласының 15-17-тегі жасөспірімдері «Tik-Tок» үшін төбелесіп, біреуі пышақпен жарақаттанған болатын. Бұдан бөлек, бірінші реттен видео шықпай қалған немесе музыкаға іс-қимыл сәйкес келмеген жағдайда жастардың ашуға булығатыны анық. Мұның өзі жасөспірімдер мен жастардың психологиясы мен жүйке жүйесіне едәуір зиянын алып келері анық.
Тағы бір жанға батқан оқиға «Tik Tок» желісінде биыл 175 жылдығы аталып өтіп жатқан Абай Құнанбайұлының суретіне жан бітірген бейнетаспасы таралып, әп-сәтте мыңдаған көрілімге ие болды. Әрине, қазақстандық желі қолданушылары заманауи музыкамен әрленген бейнетаспаны әртүрлі қабылдады. Бірі бұл жастардың ермегі ғой деп көңіл аудармауға шақырса, енді бірі жастардың бұл ісіне түсіністікпен қарауға шақырды. Өйткені, әлемнің танымал тұлғаларының кез келгеніне осы іспетті әзіл роликтері қолданыла беретін көрінеді. Іле-шала ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханға және тағы басқа ұлт зиялыларына арналған бейнетаспалармен толықты.
Бұл желіде билеп түсіретін видеолардан бөлек,басқа да жастардың санасын улайтын видеожазбалардың қарасы көбейіп келеді. Мысалы, менің жасым 18-де болғанда мені мына жігіт(күйеуінің суретін көрсетеді) ұрлап кетті. Кейін менің аяғым ауыр болды (Жүкті кезіндегі суретін қояды). Одан соң мені күйеуім тастап кетті деп, өзінің қазіргі суретін қояды. Осы сынды видеолар біреу ғана емес біршама. Сонда біздің елдің жастары осындай насихатқа құмар ма? Саны артпаса азаймайтын бұл желіні қолдану біреулер үшін мақтаныш болса, енді біреулер үшін намыс екен. Не болса да қазақи әдеп-дәстүр шетке ысырылып, жастарымыздың бойы өзге елдің менталитетіне үйреніп кетпесе екен.
Осылай тізбектеліп кете беретін түрлі қағидаты бар бұл қосымшаның жасөспірімдердің өміріне елеулі өзгеріс тигізіп жатқандығына көз жеткіздік. Әдеби кітаптар мен том-том шығармаларды оқыта алмай жүргенімізде, оқушыларға күнделікті тапсырманы орындаттыра алмай қалатын секілдіміз. Осы ретте ауданымызда «Тik Тok» әлеуметтік желісі туралы әр түрлі жастағы аудан тұрғындарының ойын сұрап көрген болатынбыз.
Бота апа, 63 жас.
– Менің балаларымның бәрі ержеткен, кенжеміздің өзі отыздан асты. Қазіргі таңда немерелерімнің барлығы Алматыда тұрады. Өз басым ешқандай әлеуметтік желіні қолданбаймын, онша қызыға да бермеймін. Ғаламторда пайда болған бұл жаңашылдықты немерелерім білетін шығар. Мен тек «ұзынқұлақтан» естігенмін. Сондықтан олар үшін бұл желінің дұрыс немесе қажеті жоқтығын ата-аналары шешкені дұрыс болар.
Ботокөз, 46 жас
– Иә, «Тik Тok» әлеуметтік желісі туралы білемін. Өзім онда тіркелмегенмін. Бірақ, кіші қызымда «Тik Тok» бар. Екеуміз бірге қараймыз. Жасы әлі тоғызда болғандықтан әлеуметтік желіде немен айналысып жатқанын жиі тексеріп тұрамын. Бұл әлеуметтік желіден ондай бір зиянды зат әлі көрген жоқпыз. Бір байқағаным, нені жиі іздейтін болсаң, соған қатысты түрлі бейнелер шығады екен. Бастысы, баланың ұзақ смартфон қарап отырғанын қадағалаған дұрыс.
Гүлшат, 34 жас
– Қазір жылдам видео түсіруге арналған сервистің «Тik Тok» бағытын көңіл көтеру мақсатында жастар қолданады. Басқару тетігі өте оңай, құлаққа жағымды музыкалармен әрленген түсірілімдерді тез жазады. Бұл қосымша айналасында дау-дамай көп. Сол себепті де саясиланып барады. Дегенмен, бұл қосымшаны оңтайлы пайдалану арқылы нәтижелі тәрбие құралына айналдыруға болады дейтін де пікір бар. Менің жеке пікірім, осы қосымшаны пайдалануға белгілі бір жастық шектеу қойылса. Мысалы, оң-солын танып, ұяттың не екендігі жөнінде хабары болатын 11-12 жастан бастап ғана қолдануға рұқсат берілу керек. Ал, жалпы, бұл қосымшаны ұтымды қолдана білсе, танымдық, жарнамалық материалдар түсіруге болатынына көз жеткіздім.
Вика, 19 жас.
– Бұл әлеуметтік желінің адам психикасына тигізетін әсерін мен айтпасам да, мамандар дабыл қаққалы қашан. Бұл қорқынышты! Қазірде «Тik Тok» желісі басқа да әлеуметтік желілерге өз әсерін тигізіп келеді. Ондағы видеоматериалдар барлық жерлерде жарияланған. Бұл пікір тұсында, басқа да қолданып жүрген бағдарламаларымыздың тек жақсы жағы бар, зияны жоқ деп кесіп айтпаймын. Алайда, пайдасын білген, қолдана алған адамға басымырақ. Өз басым біраз әлеуметтік желілердегі парақшаларымда белсендімін. Бірақ,«Тik Тok»-қа тіркелмегенмін. Ақпаратты саралап, қажетсіз дүниелерді қарамауға тырысамын.
Эмран, 17 жас.
– «Тik tok»-тан болашақты көремін, ол өміршең бағдарлама болмақ. 1-2 жылда маңыздылығын жоғалтады деп ойламаймын Онда қызықты челлендждер мен бейнелер тізбегі жиі жарияланады. Менің қатарластарым-ның көпшілігі қолданады. Көңіл көтеруге бағытталған әлеуметтік желі деп айтуға болады. Қолым бос кезде мен де челлендждерді жібермей қатысып тұруға тырысамын. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ондағы қажетсіз контенттерді көрмеймін. Ол адамның талғамына байланысты.
Аңсаған, 9 жас.
– Мен «Тik Тok»-та бармын. Онда сабақ оқудан бос уақытымда отырамын. «Тik Тok»-та өте қызықты видеолар салынады. Соларды көрген ұнайды. Менің достарымның барлығы бар бұл әлеуметтік желіде. Біз бір-бірлеріміздің видеоларымызды көреміз, пікір жазып, лайк қоямыз. Бірақ, кейде көп уақыт отырамын. Өйткені, бірінен соң бірі шығатын бейнелерді көріп отырып, уақытымның қалай өткенін байқамай қаламын.
Түйін: Бірақ әр нәрсенің өзіндік шегі мен тоқтайтын уақыты болады. Бұл уақытша орын алып жатқан өзгеріс пе, әлде, «Тik Тok» шынында «instagram» секілді алыптардың орнын баса алады ма, оны уақыт көрсетеді. Ал, бізден талап етілетіні – бұндағы қазақ аудиториясын барынша пайдалы контентке ауыстыруға жұмыс жасау, не болмаса, жастарымыздың назарын басқа арнаға бұру.
Бұрым ОРЫНБАСАР.