Шәкірттерін білім шыңына жетелеп, «ұстаз» деген ұлағатты есімді арқалап жүру кез келгеннің бағына бұйыра бермейді. Бәлкім, сондықтан болар, мамандықтың ішіндегі ең төресі – мұғалім болу. Осы кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, оқыған-тоқығаны арқылы айналаңа пайдаңды тигізе білсең, міне сонда еңбегіңнің еленгені.
Дәл осындай ұлы жолда табандылық танытып, талайдың ықыласына бөленіп жүрген ардагер-ұстаздардың қатарында Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Білім беру ісінің үздігі» Ақлима Көсемованың ұстаздық бағытын ерекше айтуға болады. 80 жастың жетегіндегі қадірлі қарияның қаламы әлі қолынан түскен емес. Ұрпаққа өнеге ретінде әлі де айтар ақылы, жазар жырлары бар. Жақында Ақлима апаның сиясы кеппеген кезекті кітабы жарық көрді. «Өткеннің қымбат демей несі бізге, түсірейік өткенді есімізге» деп аталатын рухани құндылықтың тұсаукесері Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте өтіп, авторға лайықты құрмет көрсетілді.
Әдеби шараға ардагер-ұстаз Ақлима Рақымбердіқызының қаламына арқау болған әрі Қарасай ауданында лауазымды қызметте істейтін бірқатар азамат бой көрсетті. Атап айтқанда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры, мәслихат депутаты Орынбай Жанәділ, Қарасай аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев, Алматы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының инспекторы Раушан Абданбаева, «Қарасай аудандық жергілікті кәсіподақ» ҚБ-нің төрайымы Сара Байбосынова, ардагер-ұстаз Азиза Найымбаева және Ақлима апаның сыныптасы Қарлығаш Көпбаева болды. Сондай-ақ қадірлі мейман ретінде аудандық білім бөлімінің маманы Жұлдыз Бейсембаева, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Ұлтусын Бархинова, мәслихат депутаты Елена Константинова және басқа да ардагер-ұстаздар, ал көрермен ретінде мектеп оқушылары қатысты.
Кітаптың тұсаукесері арқау болған бұл басқосу авторға арналған кездесу кешіне ұласты. Оның әсерлі әрі мәнді өтуіне мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаева бастаған қазақ тілі пен әдебиеті пәнінің бірлестігі, музыка пәнінің мұғалімдері бір кісідей атсалысты.
Кештің шымылдығы «Ерке сылқым» күйімен ашылды. Мектеп оқушылары қос ішектің құлағында ойнап, ұлттық аспаптың құдіретін сезіндірді. Одан кейін қонақтар аяғынан тік тұрып, шараның басты кейіпкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Ақлима Көсемованы гүл шоқтарымен қуана қарсы алды. Авторды құттықтау үшін алғашқы сөз кезегі аудандық білім бөлімінің маманы Жұлдыз Ізбасарқызына берілді. Ол Ақлима апаға әріптестерінің ыстық сәлемін жолдап, ұлағатты ұстаздың ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Ақлима Рақымбердіқызы – ұстаздық қызметтен бөлек, 20 жылдан астам еңбегін аудандық білім бөліміне арнаған адам. Оның осы бағыттағы тәлімді тәжірибесі, өмір жолындағы өнегесі айтулы кеш барысында бейнебаян арқылы көпшілікке көрсетілді. Ал оның мұғалімдік міндеттен бастап лауазымды қызметке көтерілгені жайлы және еңбекқорлығы хақында оның сыныптасы Қарлығаш Дәулетбаққызы әңгімелеп, құрбысына ақжарма ақтілегін арнады. Осындай жылы лебізін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры, мәслихат депутаты Орынбай Басарұлы да білдірді. Ал тұсаукесер рәсімінде кітаптың лентасын Сағындық Жұмабайұлы мен Азиза Ахметқызы қиып, авторға ерекше ілтипат танытып, тілектерін айтып, сый-сияпаттарын табыс етті.
Кітапқа келер болсақ, мұнда автордың ескірмейтін естеліктері, мерзімді басылым беттеріндегі мақалалары және танымал тұлғалармен өткізген кездесу сәттері қамтылған. Бұл жайында ұлағатты ұстаз Ақлима Рақымбердіқызы осы кеш барысында кеңінен әңгімелеп, сағым жылдар қанатындағы ойларымен бөлісті.
«Құдай күш-қуат берсе, әлі де кітапқа сұранып тұрған жазбаларым, авторлық мақалаларым бар. Олардың басылып шығуы уақыттың еншісінде. Менің кітап жазудағы мақсатым – өмірдің бір белгісі ретінде бүгінгі жастарымыз аға буынның өмірі мен еңбек жолынан өнеге, ғибрат алсын деген ниет қана», – деді автор.
Сонымен қатар ардагер-ұстаз осы кештің өтуіне ұйытқы болған Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры Рысбүбі Мәмбетәліқызына және оның ұжымына ерекше алғысын айтып, ыстық ықыласын жеткізді. Мектеп басшысына сый-сияпатын табыстап, аналық ақ тілегін айтты.
Ал шараның соңында білім ұясының өнерлі оқушылары патриоттық әндер шырқап, автордың «Сексеннің жырыменен тілегі» деген өлеңін оқыды.
Айта кетейік, бұл кітап Ақлима Рақымбердіқызының жарық көрген үшінші туындысы. Осыған дейін «Бейбітшілік пен жасампаздыққа 20 жыл» және «Менің Президентім» атты еңбектері оқырманға жол тапқан.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.