Алла Тағала қасиетті Құранда: «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін. …» («әл-Бақара» сүресі, 185 аят), деп бұйырған.
Көзді ашып-жұмғанша мұсылмандар үшін жылдың ең маңызды мезгіліне де жетіппіз. Наурыздың алғашқы күнінде көптен күткен қасиетті Рамазан айы басталады. Бұл мезгілде күнәлар кешіріліп, Раббымыз Алланың шексіз мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылады. Осы ерекше ай қарсаңында Рамазанға қатысты маңызды нәрселерді еске түсірек артық болмас.
Рамазан – Ораза айы. Ораза – асыл дініміздің парыздарының бірі. Балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін әрбір мұсылман ер мен әйел ораза ұстауы керек. Оны себепсіз қалдыру – күнә. Ораза ұстау кезінде мұсылман таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жыныстық қарым-қатынастан бас тартады. Таңғы уақытта сәресін ішіп, ауыз бекітеді де, ақшам намазының уақытында ауызын ашады.
Хайыз-нифас мезгілінде әйел кісінің, жүкті және емізулі баласы бар әйел кісінің, ораза ұстаса сондай-ақ денсаулығы нашарлауы мүмкін науқастың, күні бойы дәрі қабылдауға мәжбүр болатын адамның, жолаушының ораза ұстамауына рұқсат. Дегенмен аталмыш адамдар мүмкін болған кезде ораза күндерінің қазасын өтеуі қажет.
Жылдың басқа мезгілінде де ораза ұстауға шамасы келмейтін қарияға және ораза ұстай алмайтын ауруға (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға тек күніне бір міскінді екі рет, яғни 30 міскінді екі рет немесе 60 міскінді бір рет тойдыру керек. Оны бірден беруге және бөліп те беруге болады. Тамақтандыруы – уәжіп.
Рамазан айында өзге мезгілдерде атқарылмайтын ерекше құлшылық – жамағатпен оқылатын тарауық намазы. Ол – қасиетті айда мүміндердің жүректерін біріктіретін ерекше жамағат намазы. Бұл – ардақты пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бері келе жатқан дәстүр. Сол себепті мешіттерімізде тарауық намазына жиналу арқылы Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннетін жаңғыртуға асығуымыз қажет.
Қадір түні де осы Рамазан айында жасырылған. Сауабы мың айдан да қайырлы бұл түн Алла елшісінің (с.ғ.с.) үмметіне берілген үлкен нығмет.
Рамазан айында мұсылман елдерінде зекет төлеу әдетке айналған. Зекет парыз амал ғана емес, ислам дініндегі қайырымдылықтың маңызды түрлерінің бірі ретінде қарастырылады. Зекет белгілі бір санаттарға (кедей, мұқтаж, қарыз бар адамдар және т.б.) жататын адамдарға беріледі.
Сонымен қатар, Рамазан айында төленетін садақаның тағы екі түрі бар. Бұл пітір және підия.
Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.
Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау «підия» деп аталады.
Туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді.
Підия садақасы – ол бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Підияны бірден Рамазан айының басында немесе соңында беруге болады. Сондай-ақ бір айдың підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп берсе, оның оқасы жоқ.
Рамазан айы Ораза айт мерекесімен аяқталады. Ораза айт – ислам күнтізбесінің ең маңызды күндерінің бірі. Бұл күні мерекелік ұжымдық намаз оқылады, адамдар туыстарымен жиналып, ақ дастарқан жайып, бір-бірін құттықтайды.
Рамазан айы – көп жауапкершіліктерге қарамастан мұсылмандар үшін тыныштық мезгілі. Бір жыл бойы дүниелік істермен айналысып, осы айда шын ниетімен: «Алла Тағалам, міне, мен Рамазан айына да жеттім. Мен бұл айда өзімді Саған толықтай арнағым келеді. Менің күнәларымды кешіре гөр. Маған разы болып, осы Рамазанда мені тозақтан құтқара гөр», деп дұға ететін болсақ, Раббымыз міндетті түрде дұғамызға жауап қайтарады деп үміттенеміз.
Құрметті Қарасай ауданының тұрғындары! Бұл ерекше мезгілді толығымен Алла Тағалаға құлшылық етуге, игілікті істер жасауға, өз-өзімізге есеп беріп, бойымыздағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіруге арнағанымыз абзал.
Бұдан бөлек жетімдерге, мүгедектерге және жалғызбасты қарттарға қол ұшын беріп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырайық дегім келеді.
Мүбәрак айда Алла Тағала баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігіне бөленуді нәсіп етсін! Алладан біздің ұстаған оразаларымыз, жасаған құлшылықтарымыз бен тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін деп сұраймын. Әмин!
Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ,
Қарасай ауданының бас имамы.