28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытындағы бірқатар маңызды міндет айқындалды.
Әсіресе, Президент азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесіне тоқталып, мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж жандарға бағытталуы қажеттігін атап өтті. «Мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар әлеуметтік саясатты қайта қарау барысында әрбір реформаның азаматтардың жағдайына әсерін мұқият ескеру қажеттігін тапсырды.
Осы басымдықтарды халыққа кеңінен түсіндіру, Жолдауда белгіленген міндеттердің жүзеге асырылу тетіктерін талқылау мақсатында Қарасай ауданына республикалық деңгейдегі арнайы спикерлер келді.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы Тұтқышбаев, «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының I шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Арман Серікұлы Жансенгіров және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров қатысты.
Басқосу барысында Жолдауда көтерілген энергетика саласын дамыту, әлеуметтік-мәдени бағыттағы реформалар, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, атаулы көмектің тиімділігін арттыру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жағдай жасау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей спикерлерге қоюға мүмкіндік алды. Жиынның негізгі мақсаты – республикалық деңгейде белгіленген міндеттерді жергілікті жерде түсіндіру және оларды іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді ортаға салу.

