Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ақылбек Бексұлтан Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті есептік кездесуін өткізді.
Округте жаңа өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылында «Caspian Beverage Holding» алкогольсіз сусындар зауытын салуға дайындық жүргізілсе, Тұрар ауылында «GLOBAL LOGISTIC COMPANY» ЖШС-і құс фабрикасының құрылысын жүргізуде.
Сонымен қатар Жібек жолы және Көлащы ауылдарындағы ауызсу жүйелерін, ал Жібек жолы, Көлащы және Тұрар ауылдарындағы электр желілерін жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында Жібек жолы ауылындағы Мәдениет үйінің маңынан 0,4447 гектар жерге саябақ пен сквер салу жоспарлануда.
Көше жарығы Жібек жолы ауылындағы Байжарасов және Қорқыт баба көшелеріне, Тұрар ауылындағы Байжарасов көшесіне және Көлащы ауылындағы Қонаев көшесіне орнатылып, іске қосылды.

