Аптаның бес күнін елге қызмет етуді мақсат тұтып, сан салада еңбек ететін қарасайлық мемлекеттік қызметшілер әркезде бой жазып, сергуді де ұмытқан емес. Олар өткен аптаның сенбісін спорттық шараға арнап, ерлер қауымы болып бас қосып, шаршы алаңда шағын футболда бақ сынады. Мемлекеттік тапсырысты орындау аясында өткен бұл жарыстың ұйымдастырушысы – Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімі.
Жасыл алаңда өткізілген жарыстың мақсаты мемлекеттік қызметшілер арасында саламатты өмір салтын насихаттау және ұжымдық бірлікті арттыру болып табылды. Теңбіл доп турниріне денсаулық, құқық қорғау, төтенше жағдай сияқты әр саланың өкілдерінен жасақталған 6 команда қатысып, футболшы ретінде өз деңгейінде шеберлік пен ұйымшылдық қарым-қабілеттерін көрсетті.
Командалар өзара ойын өрнегін жақсы көрсетіп, жарысты шиеленісті әрі қызықты өткізе білді. Дегенмен, сайыс болғаннан кейін және ұжымдық тартысқа сай келгендіктен, біреуінің оза шабары анық. Бұл ретте үздік ойынымен ерекшеленіп, қарсыластарын қатарынан қалдырған Қарасай аудандық аурухананың футболшылары І орын, яғни 150 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды. ІІ орынның 100 мың теңгелік жүлдесі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Департаментінің Қарасай аудандық басқармасына бұйырды. Ал үздік үштікті төтеншеліктер қорытындылап, 70 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Жарыс соңында үздік командалар мен ойыншылардың спорттық белсенділіктері бағаланып, арнайы дипломдармен және кубоктар табыс етілді.
Бұл спорттық іс-шара мемлекеттік қызметшілердің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып, спорт арқылы ұжымдық рух пен ынтымақтастықты нығайта түсті. Бірлікке шақыратын қызметтен тыс мұндай спорттық бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Өз тілшіміз.

