Үлкен қалалардың қарбалас тіршілігінен қарағанда, туған жердің түтінін түтетіп, шалғайдағы немесе жақын орналасқан ауылдарды көркейтуге үлес қосқысы келетін жастардың қатары жыл санап артып келеді. Осы орайда елімізде мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы – жас мамандарға үлкен қолдау әрі сенімді серпін беретін бірегей жоба. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаның операторы ретінде «Отбасы банк» акционерлік қоғамы қызмет атқарып, қатысушыларға барлық үдерістерді жеңілдетілген түрде ұсынып отыр.
Мемлекеттік жобаға ауылдық жерлерге тұрақты өмір сүруге және еңбек етуге келген ҚР-ның кез келген азаматы қатысуға құқылы. Мұндағы басты мақсат – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын жою және әлеуметтік салаларды дамыту. Осыған байланысты бағдарлама аясында қамтылатын салалардың тізімі де өте ауқымды. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандары бар. Бұдан бөлек ауылдар, қала мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер де осы қолдауға толықтай үміткер бола алады.
Қарасай ауданы бойынша 2026 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге келген мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетілген. Қарасай аудандық экономика және қаржы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аталған жоба аясында 130 маманнан өтінім қабылданып, кезекке қойылды. Оның ішінде 89 маманға көтерме жәрдемақы және 41 маманға тұрғын үй сатып алуға. 2026 жылы 100 маманға көтерме жәрдемақы және 28 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит бөлінді.
Бүгінгі күнге дейін көтерме жәрдемақы тағайындалған 100 маманға қаражат толық көлемде төленді. Оның ішінде білім беру жолындағы 75 маманға, денсаулық сақтау саласының 23 қызметкеріне және екі мемлекеттік қызметшіге көтерме жәрдемақы берілді. Сонымен қатар 28 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит бөлінді. Аталған кредиттер бойынша төлемдер қаржыландыру жоспарына сәйкес 2026 жылғы қазан айынан бастап жүзеге асырылатын болады.
Бағдарламаның ең басты әрі негізгі шарты бойынша жеңілдетілген кредит алған маман ауылдық елді мекенде орналасқан мекемеде немесе ұйымда таңдаған мамандығы бойынша кемінде 3 жыл үздіксіз жұмыс істеуге ресми түрде міндеттеме алуы тиіс. Бұл шарт жергілікті жердегі кадрлардың тұрақтануына оң ықпалын тигізеді.
Қазіргі цифрландыру заманында өтініш беру үдерісі барынша қарапайым әрі ашық түрде жүзеге асырылады. Мамандардың кредит алуға өтініш беруі және оны жергілікті атқарушы органдардың мақұлдауы толығымен Банктің арнайы порталында жүргізіледі. Жобаға қатысу үшін маман otbasybank.kz порталына тіркеліп, өзінің жеке кабинетіне кіруі қажет. Өтінішті рәсімдеу үшін өтініш берушіде қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы және ол Мобильді азаматтар базасында (БМГ) тіркелген болуы тиіс. Бұл қағазбастылықты азайтып, уақытты едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бюджеттік кредит беру шарттары да жас мамандар үшін өте тиімді етіп әзірленген. Берілетін қарыздың ең жоғары сомасы елді мекеннің мәртебесіне байланысты белгіленеді: аудандардың әкімшілік орталықтарына жұмысқа келген мамандар үшін бұл сома 2500 АЕК-ке дейін жетсе, ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК-тен аспайды. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі де аздаған жүктеме түсіреді, ол жылдық 1 пайызды құрайды (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі де 1%). Кредит беру мерзімі 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімді қамтиды. Ең бастысы мұнда кредитті рәсімдеу немесе кейінгі қызмет көрсету үшін ешқандай қосымша комиссиялар көзделмеген.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы шеңберіндегі барлық қарыздарға «Отбасы банк» тарапынан қызмет көрсетілетіндіктен, кредит алған азаматтар банктің ресми клиенті болуы шарт. Бұл төлемдерді уақтылы өтеуге, болашақта мерзімді өткізіп алмауға және артық өсімпұлдардың есептелуіне жол бермеуге бағытталған маңызды шара болып табылады. Банк клиенті бола отырып, азаматтар бекітілген кредит талаптарын өзгертпестен, өз төлемдерін ыңғайлы түрде төлеуді жалғастырады.
Банктің клиенті болудың және қызметтерін пайдаланудың бірнеше қарапайым әрі қолжетімді тәсілдері бар. Мамандар Otbasy bank мобильді қолданбасын жүктеп алып, соның көмегімен қашықтан-ақ ағымдағы шот пен депозит аша алады. Сондай-ақ кез келген ұялы телефоннан 300 қысқа нөміріне тегін қоңырау шалып кеңес алуға немесе өзіне жақын орналасқан банк бөлімшесіне, кеңес беру орталығына тікелей хабарласуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар «Дипломмен – ауылға!» жобасы тек тұрғын үй сатып алуға кредит берумен шектелмейді. Бағдарлама шеңберінде ауылға келген жас қазақстандықтар 100 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз біржолғы көтерме жәрдемақы алуға да үміткер бола алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі де өте қолайлы яғни, жәрдемақы мен бюджеттік кредитке өтінішті otbasybank.kz платформасы арқылы бір мезгілде беруге толық жағдай жасалған. Мұның бәрі жас мамандардың ауылдық жерде орнығуына, еңбек жолын сенімді бастауына және ел дамуына өз үлесін қосуына берілген үлкен мүмкіндік.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

