Елімізде дарынды, белсенді әрі талапты жастардың жаңа бастамалары мен келешегі жарқын жобаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты гранттық жобаның кезекті кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы негізі қаланған бұл ауқымды бағдарлама бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпіріндегі шығармашыл жастарға өз идеяларын жүзеге асыруға кең жол ашып отыр.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының негізгі мақсаты өнерлі, білімді және жаңашыл жастардың қабылетін шыңдап, олардың қоғамға пайдалы бастамаларын мемлекеттік деңгейде қаржылай қолдау болып табылады. Биылғы жылдың соңына дейін аталған бастама аясында өзекті әрі үздік деп танылған 30 жобаға арнайы грант тағайындалады. Оның әрбірінің қаржылай көлемі 3 миллион теңгені құрайды. Бұл мүмкіндікке 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының кез келген азаматы үміткер ретінде қатысып, өз жобасын ұсына алады.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында алты негізгі бағыт бойынша үлестіріледі. Олардың қатарында:
– «Ғылым» – жаңа ғылыми жобалар мен іргелі зерттеулерді іске асыруға арналған;
– «Мәдениет» – Қазақстанның бай мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық дәстүрлер мен өнерді жаңғыртуға бағытталған жобаларды қолдайды;
– «Ақпараттық технологиялар» – заманауи IT-шешімдерді, бағдарламалық өнімдер мен жаңадан басталып жатқан стартап жобаларды әзірлеуге мүмкіндік береді;
– «Бизнес» – жастардың жаңа бизнес-идеялары мен кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруды көздейді;
– «Медиа» – заманауи медиа жобаларды, оның ішінде жастар аудиториясына арналған танымдық, пайдалы және қызықты контент құруды қамтиды;
– «Волонтерлік» – қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған қайырымдылық және волонтерлік бастамаларды қолдауға арналған.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген үміткерлердің өтінімдері биыл 24 қыркүйек пен 14 қазан аралығында қабылданады. Байқауға қатысу үшін қажетті құжаттар топтамасын мемлекеттік немесе орыс тілдерінде дайындау қажет. Үміткерлер бекітілген қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның толық сипаттамасын (PDF нұсқада), жоба мазмұнын ашатын бейнематериалды (60 секундтан аспайтын) немесе презентацияны (10 слайдтан аспайтын), тағы бір қосымшаға сәйкес шығындар сметасын (PDF нұсқада), сондай-ақ жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесін тапсыруы тиіс. Егер жоба бойынша зияткерлік меншікті растайтын құжаттар немесе патенттер бар болса, оларды да PDF түрінде өтінімге қоса тіркеуге болады.
Еліміздің болашағына үлес қосып, өз идеясын өмірде жүзеге асырғысы келетін дарынды жастар үшін бұл – үлкен мүмкіндіктер алаңы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

