Күздің қара суығы сезіліп, жылыту маусымы жақындағанда тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарға алынатыны анық. Бұл ретте төтеншеліктердің дабыл қағып, елдің амандығы үшін үй-үйді аралайтынын атап өткен маңызды. Ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап осындай профилактикалық жұмыстар Қарасай аудандық Төтенше жағдай бөлімінің бастамасымен атқарылуда. Жақында мұндай рейдтік шаралардың біріне өзіміз де куә болдық. Оған жергілікті әкімдік өкілдері де қатысты.
Қарасай ауданының аумағындағы тұрғындардың көбі газбен қамтылғандықтан, қазіргі таңда үйінде көмір жағып, ағаштың жылуына зәру жандарды табу оңай емес. Дегенмен елді мекендерден шалғай орналасқан аумақта түтінін түтетуге қамданып отырған отбасылар да табылып жатады. Одан бөлек көп қабатты үйлерді де кездестіруге болады. Мәселен, күні кеше Шамалған ауылының маңындағы бірнеше тұрғын үйдің көмір жағатынына көз жеткіздік. Ал ауданның төтенше жағдай бөлімінің мамандары баспана иелеріне улы газдың салдарын түсіндіріп, дабыл қондырғыларын бірден орнатып берді.
Аталған рейдік шара барысында аудандық Төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салып, мұржаларды дер кезінде тазалау қажет екенін және пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі сақ болуға шақырды. Байқалған кемшіліктерді жою бойынша тиісті ұсыныстар берді. Бөлім мамандарының сөзіне сүйенсек, мұндай профилактикалық жұмыстар әлі де жалғасады.
– Бүгінгі таңда тұрғын үйлердің көбі газға қосылғанымен, біразы өртке қарсы талаптарды әлі де ескермей жатады. Осы мақсатта біздің бөлімнің мамандары аудан көлемінде улы газдан және тілсіз жаудан сақтанудың алдын алу шараларын жүргізуде. Біраз үйге дабыл жүйесін орнатып, оның өте маңызды құрал екенін түсіндірудеміз. Алдағы кезеңде де бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарымызда болады, – деді Қарасай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің азаматтық қорғау аға лейтенанты Диас Нұрбайұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап осы уақытқа дейін аудандық ТЖБ мамандары мен жергілікті әкімдіктің бірлесе жұмыс атқаруымен 10-нан астам улы газға қарсы дабыл қондырғылары орнатылды. Мұндай көмек ең алдымен жағдайы төмен, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі отбасылардың үйлеріне көрсетіледі. Себебі дәл осы санаттағы жандар тұрмыстық пештерді жиі пайдаланып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға келгенде жағдайлары шектеулі екені байқалады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

