Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде елімізде жаңа Конституция күшіне енген болатын. Осыған орай, өзге салалар сияқты мемлекеттік қызмет жүйесінде де бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Осы аптаның сейсенбісінде Қарасай ауданына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев келіп, жергілікті қызметкерлермен кездесті. Аудан әкімі Жасұлан Естеновтің төрағалығымен өткен бұл жиынға ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты. Басқосу барысында мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысы мен мансаптық дамуына тікелей әсер ететін негізгі заңнамалық өзгерістер кеңінен түсіндірілді.
Басқосу барысында алғашқы мазмұнды баяндаманы департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Айзада Ерлан жасап, заңнамадағы басты бағыттар мен тың өзгерістерге кеңінен тоқталды. Баяндамашының айтуынша, елімізде кадрларды даярлаудың, іріктеудің және оларды мемлекеттік аппаратқа тартудың мүлдем жаңа модельдері енгізілуде. Атап айтқанда, мектеп оқушылары арасында ерте кәсіптік бағдар беру жүйесі жолға қойылып жатыр. Бұл мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға мемлекеттік қызметтің маңызын түсіндіруге, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ талантты әрі креативті жастарды мемлекеттік басқару саласына кеңінен тарту мақсатында арнайы дайындық институты құрылуда. Бұл мемлекеттік функцияларды тиімді әрі сапалы орындауға қажетті негізгі құзыреттерді қалыптастыруға, білім беру мен оқу-тәрбие іс-шараларының тұтас кешенін жүзеге асыруға бағытталған.
Заңнамалық бастамалардың тағы бір маңызды қыры – мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу арқылы мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру және цифрландыру. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке іріктеу «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жүйе мемлекеттік қызметшілерді де, мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушы лауазымдарға үміткерлерді де қамтиды. Ең басты артықшылықтардың бірі – кадрларды іріктеудің ашықтығы мен жеделдігі артты. Мәселен, бұрын конкурстық рәсімдер бірнеше айға созылса, енді құжаттарды қабылдау мерзімі 3 жұмыс күнге, ал конкурстың өзі 3-4 жұмыс күнге дейін қысқартылып, жалпы іріктеу шешімі 5-7 күн ішінде қабылданады. Бұл азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу кезеңін едәуір жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді жояды.
Сонымен қатар жаңа заңнамада мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен жеке өмір теңгерімін сақтауына үлкен мән берілген. Ендігі жерде қызметшілерге толық емес жұмыс уақыты режимін қолдану мүмкіндігі ұсынылып, икемді жұмыс кестесін енгізудің құқықтық негіздері бекітілді. Жұмыс уақытын ұйымдастырумен қатар әлеуметтік кепілдіктер де едәуір кеңейтілді. Бұрын белгіленген 30 күнтізбелік күндік жыл сайынғы негізгі еңбек демалысына қосымша ретінде, мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 10 жылдан асқан қызметшілерге сараланған түрде қосымша демалыс беріледі. Нақты айтқанда, мемлекеттік қызмет өтілі 10 жыл болса, 3 күн, 15 жыл болса, 5 күн, ал 20 жылдан асатын болса, 10 күнтізбелік күн қосымша ақылы демалыс қарастырылған. Оған қоса, азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғаларға орай (неке қию, бала туу, бала асырап алу, сондай-ақ жақын туыстарының қайтыс болуы сияқты жағдайларда) күнтізбелік жыл ішінде 10 күнге дейін созылатын қысқа мерзімді ақылы демалыс алу құқығы заңмен кепілдендірілген.
Жаңа Заңның маңызды жаңашылдықтарының бірі – меритократия қағидатын одан әрі күшейтуге бағытталған көлденеңінен өсу тетігі. Бұл механизм мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін жан-жақты жүзеге асыруға, кадрлардың ұтқырлығын арттыруға және түйткілді мәселелерді шешуде мемлекеттік органдар арасында тәжірибе алмасуға кең жол ашады. Мысалы, аудан әкімдігі аппаратының бас маманы өзінің біліктілігі мен тәжірибесіне сәйкес облыстық басқарманың бас маманы лауазымына, ал құқықтық бөлімнің бас маманы кадр қызметінің бас маманы лауазымына тікелей ауыса алады. Осылайша, көлденеңінен өсу институты әрбір маманның жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың мансаптық траекториясын кеңейтеді және болашақта жоғары басқарушылық лауазымдарды иеленуге берік кәсіби негіз қалыптастырады.
Жас мамандарды бейімдеу мен қолдау жүйесі де сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Әкімшілік мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған қызметшілердің кәсіптік бейімделуін қамтамасыз ету, оларға жүктелген лауазымдық өкілеттіктерді сапалы орындау үшін қажетті білім, дағды мен әдістемелік көмек беру мақсатында арнайы тәлімгерлер бекітіледі. Тәлімгерлікке мемлекеттік қызмет өтілі кемінде 3 жылды құрайтын, жоғары кәсіби және моральдық-этикалық қасиеттерге ие тәжірибелі мамандар тартылады. Бұдан бөлек қызметтік қажеттілікке байланысты басқа лауазымның міндеттерін уақытша атқару кезеңінде мемлекеттік қызметшіге уақытша атқаратын лауазымның айлықақысы негізге алынып, өзге де төлемдерді ескере отырып, ҚР заңнамасына сәйкес қосымша ақы төленеді.
Еңбек заңнамасының сақталуы да басты назарда. Мемлекеттік қызметте аптасына 40 сағаттық жұмыс режимі қатаң бекітіліп, белгіленген мерзімнен тыс жұмыстарға (овертайм) жол берілмеуі тиіс. Егер мерзімнен тыс жұмыс қажеттілігі туындаса, заңға сәйкес міндетті түрде қосымша ақы төлеу немесе тиісті демалыс күндерін беру заңды түрде кепілдендіріледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы адал әрі өнімді еңбек еткен ардагер мамандарды ынталандыру шаралары да ұмыт қалмаған. Мемлекеттік және уәкілетті органның ведомстволық наградасымен марапатталған әрі кемінде 25 жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар қызметшілер зейнеткерлікке шыққан кезде оларға төрт лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы беріледі.
Одан бөлек жаңа өзгерістерге сәйкес, жұмыстан тыс уақытта автокөлікті мас күйде басқару немесе есірткі заттарын тұтыну мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық ретінде сараланады. Осыған байланысты қызметкерлерді медициналық куәландырудан өткізу талаптары күшейтілуде. Сонымен қатар тәртіптік жазалардың жаңа сақталу мерзімдері бекітілді: ескерту – екі ай, сөгіс – үш ай, қатаң сөгіс – төрт ай, ал лауазымына сай еместігі туралы ескерту алты айға дейін күшінде сақталады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдана Ержанқызы баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы соңғы өзгерістерге тоқталды. Оның сөзінше, заңнамадағы жаңашылдықтар алдын алу тетіктерін кеңейтіп, мемлекеттік органдардың басшылары мен кадр қызметтерінің жауапкершілігін арттырды. Заңда «жеке мүдде» және «байланысты тұлғалар» ұғымдары кеңейтіліп, мүдделер қақтығысы ықтимал, нақты және орын алған болып үш санатқа бөлінді. Енді мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған тұлғалар 15 жұмыс күні ішінде жеке мүдделері туралы декларация тапсыруға, ал мүдделер қақтығысы туындағанда бекітілген алгоритм мен мерзім бойынша ескерту жасауға міндетті.
Сонымен бірге жақын туыстар мен байланысты тұлғалардың бірге немесе бағынысты қызмет атқаруына қойылатын шектеулер де күшейтілді. Бұрын мемлекеттік қызметші тек жақын туыстары бар жерге орналаса алмайтын болса, енді алыс-жақын туыстары (нағашы, бөле, жиен), жекжаттары және басқа да байланысты тұлғалары қызмет ететін жерге де жұмысқа кіре алмайды. Бұл ереже бұзылған жағдайда оны ерікті түрде жоюға 3 ай мерзім беріледі. Кадрлық процестерді цифрландыру мен комплаенс-қызметтер аффилирлікті автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен кеткен тұлғалар үшін бұрын өздері бақылаған немесе тексерген коммерциялық ұйымдарда басқарушылық лауазымдарды атқаруға қатысты «суыту кезеңі» енгізілді.
Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарламағандарға 100 АЕК айыппұл көзделген, ал бұзушылық туралы хабарлаған азаматтарға құпиялылықты сақтау, 3 жылдық еңбек құқықтарын қорғау және 30-дан 4000 АЕК-ке дейін біржолғы ақшалай сыйақы төлеу сияқты кепілдіктер беріледі. Пара беруді ұсыну немесе уәде етудің өзі Қылмыстық кодекстің 367-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Мүдделер қақтығысын реттемеу, заңсыз сыйлықтар алу немесе беру, тыйым салынған кәсіпкерлікпен айналысу, кадрлық шектеулерді бұзу және қызметкерлердің бұзушылықтарына жол беру бойынша басшылар мен жауапты тұлғаларға қатаң әкімшілік, тәртіптік және қылмыстық жауапкершіліктер белгіленген.
Жалпы алғанда, жаңа заңнамалық бағыт сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуден оның жүйелі түрде алдын алуға және ашықтықты қамтамасыз етуге негізделген.
Түсіндірме жұмыстарынан кейін облыс мамандары мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев жергілікті қызметкерлердің сұрақтарына тұшымды жауап берді. Кездесуде енгізілген өзгерістердегі бұлыңғыр тұстар бойынша ұсыныстар әзірленетіні атап өтілді.
Жиын соңында Нұрсұлтан Ақылбекұлы қарасайлық әріптестерінің жұмысына сәттілік тілеп, мемлекеттік қызметші абыройын түсірмеу қажет екенін баса айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

