Алматы облысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура мен полиция департаменті бірлесіп кешенді жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізді. Облыс көлемінде атқарылған жұмыстар криминогендік ахуалы күрделі болып табылатын Қарасай ауданын да қамтыды. Бұл жайында жақында Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы прокуратурасы басқармасы бастығының орынбасары, әділет аға кеңесшісі Бахытбек Қарымсақов пен Алматы облысы ПД ҚҚБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Рахым Толокулов мәлімдеді.
Іс-шаралар барысында қоғамдық орындарда, ойын-сауық мекемелерінде, аула аумақтарында және автожолдарда бақылау күшейтілді. Нәтижесінде бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заң талаптарын бұзған тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Рейдтермен қатар профилактикалық есепте тұрған азаматтар тексеріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

