Ән – көңілдің ажары. Күй – халықтың назары. Концерт – көпшіліктің базары. Аудандағы мәдениет саласының қызметкерлері халықтың көңілін көтеру жолында аянбай тер төгіп жатады. Ал, аудандық Мәдениет үйіміз көп жылдар бойы нағыз мәдениет пен өнердің, жаңалық, бастамалардың, адамдар жиі бас қосатын орталық болып келеді. Оның қасиетті сахнасынан талай таланттың тұсауы кесіліп, өнер биігіне ұшып, көптеген жеңістерге жетіп қол жеткізіп жатыр. Мәселен, облыс бойынша «Халықтық» атағы бар және жаңадан құрылған театрлар байқау-фестивалінде жоғарғы деңгейде өнер көрсеткені үшін «Қарасай Жастары» театры бас жүлде мен қомақты қаражаттың сертификатына ие болды. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Әділжан Аманжол Қазақстанның Халық артисі, әнші, композитор Дәнеш Рақышевтің 95 жылдығына арналған «Саясында алманың» атты байқауда Бас жүлде иеленген еді. Мұнан бөлек мәдениет ошағыныңөнерпаздары көптеген халықаралық байқауларға қатысып, жеңіспен оралды.
Өткен аптаның жұмасы күні ауданымызда өнердің дамылсыз дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Мәдениет үйі жоғары аталып өткен жеңістер мен жетістіктерін, сондай-ақ, өзге де өзінің жыл он екі ай атқарған жұмыстарын көрсету мақсатында есептік жиын өткізді. Оның барысында ұжымның атқарған жұмыстарынан бөлек, алдағы 2022 жылға енгізілген біраз өзгерістер жайлы кеңінен айтылды.
Салтанатты шараның басында мәдениет ошағының тарихы, оның ұжымының жеткен жетістіктері жайлы толығырақ ақпарат айтылған арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Мұнан кейін аудандық Мәдениет үйінің басшысы Болатхан Айтмұхаметов сөз алып, аталмыш шараға жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, өздерінің атқарған жұмыстары жайлы айтып өтті.
– Ең алдымен бәріңізді жаңа жылдарыңызбен құттықтағым келеді. Өздеріңіз білетіндей, мәдениет саласының қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасайды, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді. Ауданымызда ұйымдастырылатын әр шараның жоғары деңгейде өтуіне әр кезде үлестерін қосып келеді. Биылдың өзінде біздің ұжымымыз 1195 әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізді. Сондай-ақ, ауданымызда ашылған 53 үйірмеде 988 қарасайлық балалар өнердің әр саласына баулынуда, – деді. Сондай-ақ, ол мәдениет саласына көп жылдар бойы үлестерін қосып келе жатқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
Осыдан кейін Шамалған, Ұмтыл, Іргелі, Береке ауылдарында орналасқан мәдениет үйлері мен Саңыраулар қоғамдық клубының басшылары бір жыл бойы атқарған жұмыстары жайлы баяндама жасады.Нақтырақ айтқанда, әр басшы өткен 2021 жылы өздерінің мекемелерінде болған өзгерістер туралы, атқарған мәдени іс-шаралары, өнерпаздарының жеткен жетістіктері жайлы толығырақ айтып өтті.
Бұдан кейін марапаттау рәсімі жалғасын тауып, аудандық Мәдениет үйінің басшысы жыл қорытындысы бойынша үздік атанғандарды марапаттады. Мәселен, Іргелі ауылдық округінің Мәдениет үйі аудандағы «Үздік Мәдениет үйі» атанса, ал, «Үздік мәдениет қызметкері» атағын Ұмтыл ауылындағы мәдениет үйінің қызметкері Жазира Данибекова иеленді. Сонымен қатар, шарада мәдениет үйінің барлық филиал директорлары Құрмет грамотасымен, әдіскер пен операторлар Алғыс хаттармен марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.