Қостанай облысында алапат өрт елді дүр сілкіндіргені анық. Тілсіз жаудан зардап шеккендерге көмек көрсету және кәсіпкерлерге келтірілген залалды есептеу үшін қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде арнайы штаб құрылды.
Қолдау көрсету мақсатында ашылған мұндай пунктің бірі Қаскелеңде орналасқан «Amanat» партиясының және «Атамекен» ҰКП-ның Қарасай аудандық филиалдарында ашылды.
6 қыркүйектен бастап штаб орнында қарасайлықтардың тарапынан гуманитарлық көмек қабылдануда. Қостанайлық ағайындарға алаңдаушылық білдіргендердің қатарынан «Service Darun» ЖШС-нің директоры Аида Нугиланова да табылды. Жас кәсіпкер өрттің кесірінен қиын жағдайға тап болған жандарға қандай көмек керектігін нақтылап, солардың ішінде ең қажеттісін аудандағы штабқа әкеліп өткізді. Оны «Атамекен» ҰКП-ның Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділ өзі қабылдап, кәсіпкерге ризашылығын білдірді.
Ал қоқыс шығарумен айналысатын компания басшысы А.Нугиланова өзінің тарапынан басқа да қарасайлық кәсіпкерлерге, аудан тұрғындарына үндеу тастап, қостанайлық жұртшылықты қолдауға шақырды. Сонымен қатар өз кәсібінің жандануына, дамуына қолдау білдіріп, кәсіп саласында кеңестерін айтудан жалықпайтын «Атамекен» ҰКП-ның Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Басарұлына және осы филиалдың бұрынғы консультанты Елена Константиноваға ерекше алғысын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысында орын алған табиғи апатқа байланысты гуманитарлық көмек жинау мақсатында бүгін ауданымызда арнайы штаб өз жұмысын бастады. Оның орналасқан жері – «Amanat» партиясының және «Атамекен» ҰКП-ның Қарасай аудандық филиалдары. Мекенжайы: Қаскелең қаласы, Қарасай батыр көшесі, 31. Байланыс телефон нөмірі: 8 (727 71) 2-28-48.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.