Айдың күннің аманында 5 сәуір күні түс кезінде Тұрар ауылындағы жер үйден шыққан өрттің жалыны оның қасында орналасқан балабақшаны да шарпып өткен еді. Абырой болғанда, бүлдіршіндер мен мекеменің қызметкерлері аман қалған. Құтқарушылар қызметі де дер кезінде келіп, ғимараттың толық жанып кетудің алдын алды.
Бүгінде «Happy Kids» балабақшасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Тілсіз жаудан зардап шеккен білім ошағына аудан басшылығынан бастап, жаны жомарт жандар қол ұшын созуда. Олардың қатарында Жібек жолы ауылдық округінен сайланған ауданның мәслихат депутаты, «ПК Алтын таға» ЖШС-нің директоры Нұрбол Берікболұлы да бар. Атымтай азамат білім беру мекемесінің осындай күйге түскеніне бей-жай қарамай, қайырымды іске бастамашыл болып, ұжымның атынан қаржылай қолдау білдіруді жөн санапты.
«Балабақша білім мен тәрбиенің баспалдағы болғандықтан, ғимараттың мұндай күйге түскені бізге де ауыр тиді. Осы ретте Жібек жолы ауылдық округінен сайланған мәслихат депутаты ретінде көмектесуге өзім бастамашыл болып, ұжыммен бірлесе ақылдасып, ғимараттың жөнделуіне қаржылай көмек көрсетейік деп шештік. Біз осындай қиын сәттерде бірлігімізді танытуымыз керек. Балабақшаның алдағы жұмысына сәттілік тілеймін», – дейді халық қалаулысы Нұрбол Берікболұлы.
Ал балабақшаның құрылтайшысы Фархат Талғатұлы өз кезегінде Нұрбол Берікболұлыдай азаматтар мен басқа жанашыр жандардың қолдауына ризашылығын білдіруде. Айтуынша, көптің қолдауымен қазіргі уақытта мекеме толықтай жөнделуде.
– 5 сәуір күні көрші үйдегі цехтан басталған өрт біздің балабақшаға да өтті. Сол кезде балаларды бірден далаға шығардық. Кейін оларды ата-аналарына табыстадық. Ешқандай адам шығыны болған жоқ. Тек материалдық жағынан зардап шектік. Қазіргі уақытта біздің жағдайымызды түсініп, қарасайлық кәсіпкерлер, аудандағы балабақшалар көмектесуде. Олардың ішінде Нұрбол Берікболұлы бастаған «ПК Алтын таға» компаниясының ұжымы да бар. Қолдау білдірген барлық жанашыр жандарға тек алғыс айтамын. Бүгінгі таңда осындай көмектің арқасында балабақша толықтай қалпына келтірілуде, – дейді балабақша құрылтайшысы.
«Көп түкірсе, көл» дегендей, отқа оранған балабақшаға бүгінгі таңда әркім қолдан келгенінше қол ұшын созуда. Жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда екенін айта кеткен жөн. Егер қаржылай қолдау білдірем деушілер болса, төменде көрсетілген Kaspi GOLD картасының реквизиттері бойынша ақша аударуға болады.
Карта нөмірі: 4400 4301 8755 2895. Телефон нөмірі: +7 705 985 0555
FARKHAT ABDIKADYR
Қаражат тікелей «Happy Kids» ЖШС балабақша құрылтайшысының жеке шотына түседі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.