Аудан әкімі Жасұлан Естенов кезекті есептік кездесуін Әйтей ауылдық округінде өткізіп, аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың барысы мен атқарылған жұмыстардың нәтижелерін сараптады. Дәстүрлі жиынға мемлекеттік мекемелердің өкілдері, салалық бөлім басшылары және жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Бүгінде 19 624 тұрғыны бар Әйтей ауылдық округінде соңғы уақытта ауқымды шаруалар жүзеге асып, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасалды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Әйтей ауылындағы Ұлытау көшесінде көптен бері пайдаланылмай бос тұрған су мұнарасының құбырлары толықтай тазаланып, қайта пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Өмірұзақ» тұрғын үй кешеніндегі кәріз сорғы станциясына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдарды жарықтандыру мақсатында Құмарал ауылының Кеңдала көшесінің 1,2 шақырым аралығы, сонымен бірге Әйтей ауылының Ақмешіт (0,7 км) және Қосынов (0,23 км) көшелеріне заманауи түнгі жарықтандыру бағандары орнатылып, іске қосылды.
Округтегі ең басты мәселе саналатын газдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы аудан бойынша 47 елді мекеннің 43-і табиғи газбен қамтылған, бұл көрсеткіш 91,5 пайызды құрайды. Соның ішінде Әйтей ауылдық округіне қарасты 300 түтіні бар Сауыншы ауылын газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, қазіргі уақытта нысанды қабылдап алу шаралары жүруде. Ауқымды жоба аясында ұзындығы 15, 6 км болатын газ құбыры тартылды. Оның 14 шақырым 400 метрі жер үстімен жүргізілсе, 850 метрі жер асты желілері арқылы істелді. Сонымен қатар жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2026 жылы Үштерек ауылындағы Үшбұлақ, Құмаралдағы Кеңдала, Сауыншыдағы Гүлдана, сондай-ақ Әйтей ауылындағы Аңырақай, Желдісай және Жұмбақ төбе көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілді.
Тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын ескере отырып, 2026 жылдың 26 қаңтарынан бастап №3 «Әйтей – Жандосов» және №5 «Жандосов – Қаскелең» бағыттарындағы қоғамдық көлік қозғалысы қайта жаңартылды. Жолаушылар тасымалын сапалы етіп ұйымдастыру үшін аталған бағыттарға «YUTONG» маркалы 6 жаңа автобус желіге шығарылды.
Мәдени-әлеуметтік сала бойынша да оң өзгерістер жоқ емес. Әйтей мен Жібек жолы ауылдарында 200 орындық Мәдениет үйлерінің құрылысы қолға алынып, Жібек жолы ауылындағы нысан биыл пайдалануға берілді. Ал Әйтей ауылындағы Мәдениет үйін келесі жылы ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Мұнымен қоса округте шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда 1 218 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оларға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында округ бойынша 6 жобаға жалпы көлемі 56,5 млн теңге несие берілді. Оған қоса Әйтей ауылының тұрғыны Бауыржан Умбетов қайтарымсыз грант иеленіп, ірі қара мал сатып алу арқылы сапалы табиғи сүт өнімдерін өндіруді жолға қойды.
Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндап болған соң, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде округтегі бірқатар өзекті әрі шешімін күткен түйткілді мәселелер көтерілді. Соның ішінде халықты ұзақ уақыттан бері мазалап келе жатқан басты мәселенің бірі – маңайдағы қоқыс полигонының жағдайы. Тұрғындардың айтуынша, полигоннан шығатын жағымсыз иіс тыныс алуды қиындатып қана қоймай, ондағы химиялық қалдықтардың су мен топыраққа араласуы қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Түйіткілді мәселеге полигонға жауапты компаниянің өкілі түсінік берді. Оның айтуынша, жағымсыз иісті жою мақсатында осыған дейін шетелдік заманауи техникалар қолданылғанымен, күтілгендей нәтиже бермеген. Қазіргі уақытта кәсіпорын қоқыс өңдейтін жаңа зауыттың құрылысын жүргізу бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Зауыт іске қосылған жағдайда полигонға түсетін қалдықтардың басым бөлігі қайта өңделіп, аталған мәселе шешілуі керек. Аудан әкімі компания өкілдеріне тұрғындармен қайта кездесіп, толық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және зауыт құрылысын барынша жеделдетуді тапсырды.
Сонымен бірге жиында округтегі ауызсу мен электр қуатының жиі өшетіні сөз болды. Бұл мәселе бойынша Жасұлан Естенов жағдайды өзі түсіндірді. Бұған дейін бұл инфрақұрылымдарға жекеменшік компания жауап беріп келгендіктен, көптеген кемшіліктер орын алған. Ал әкімдік сот процестері арқылы аталған нысандарды қайтадан мемлекет меншігіне қайтарды. Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелер ескірген құбырлар мен электр желілерін кезең-кезеңімен жаңартып, абоненттерді өз теңгеріміне көшіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл шаралар толығымен аяқталған соң, су мен жарық тапшылығы ретке келтіріледі.
Мұнымен қатар халық тарапынан округтегі медициналық мекемелердің жетіспеушілігі де көтерілді. Бүгінде округте екі дәрігерлік амбулатория, бір медициналық пункт және бір фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсетіп жатқанымен, халық саны қарқынды өсіп жатқан елді мекенге бұл жеткіліксіз. Аудан әкімі бұл бағытта ауқымды жоспарлар бар екенін жеткізді. Қазіргі уақытта аудандық көпбейінді орталық ауруханада күрделі жөндеу жүргізілуде, ол осы жылдың желтоқсанында аяқталады. Сонымен бірге алдағы уақытта Қаскелең қаласында заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталып, жұқпалы аурулар ауруханасын қайта жаңғырту жоспарланған. Жалпы аудан бойынша құны 34,0 млрд теңгені құрайтын 6 жаңа жобаның жобалау-сметалық құжаттамалары дайын. Оның ішінде Қаскелеңде 500 келушіге арналған жаңа емхана, сондай-ақ Бекболат, Қайнар, Ұлан, Шалқар және Көлащы ауылдарында жаңа медициналық нысандар салуға ЖСҚ әзірленіп, 6,4 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданған. Алдымен осы басталған жобалар іске асырылғаннан кейін ғана басқа да жаңа жобалар қолға алынбақ.
Басқосуда ауылдағы бос тұрған ескі мектеп ғимаратының тағдыры да талқыланды. Тұрғындар бұл нысанды қаңқасы қалып тозғанша, халыққа пайдалы басқа әлеуметтік немесе кәсіпкерлік нысанға айналдыруды ұсынды. Аудан әкімі бұл ғимараттың апатты жағдайда деп танылғандықтан қолданысқа жарамайтынын атап өтті. Өткен жылы бұл нысанды жеке кәсіпкерлерді тарту мақсатында облыстық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының теңгеріміне берілгенімен, бизнес тарапынан қызығушылық болмаған. Осыған байланысты ғимаратты қайтадан аудан әкімдігінің иелігіне қайтару процесі жүріп жатыр. Шешім оң қабылданса, апатты нысан толығымен бұзылып, орнына халыққа қажетті заманауи, әлеуметтік нысан салынатын болады.
Жиында жиі сөз болған тағы бір мәселе – электр жарығының себепсіз әрі жиі өшуі еді. Бұл сауалға аудандық электр желілері мекемесінің басшысы жауап берді. Маманның айтуынша, массивтердегі жеке трансформаторларды есепке алмағанда, Әйтей округін электр қуатымен 10 кВ екі желі қамтамасыз етіп отыр. Бірақ желілердің ескіруіне байланысты апаттық жағдайлар жиілеп кеткен. Мәселені түбегейлі шешу үшін келесі жылы жаңа үлестіру пунктін салу және Батандағы қосалқы стансадан ауылға қосымша жаңа желі тарту жоспарланған. Қазіргі уақытта тиісті жобалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар округке қызмет көрсететін апаттық бригадалар мен штат саны көбейтілген, бұл туындаған апаттық жағдайларды әлдеқайда жылдам әрі жедел жоюға мүмкіндік беруде.
Жалпы жиында жоғарыда айтылғандардан бөлек жол, су, қаңғыбас иттер секілді өзге де округ үшін өзекті болып отырған мәселелер көтерілді. Аудан әкімі Жасұлан Естенов қойылған сұрақтардың барлығына жауап беріп, округ әкімімен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

