Осы аптада Қарасай ауданындағы барлық мемлекеттік орта білім ошақтарында көптен күткен оқу жылының соңғы қоңырауы соғылды. Айтулы мереке «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған заманауи Қаскелең орта мектебінде де жоғары деңгейде атап өтілді. Түрлі-түсті шарлар мен гүлдерге бөленген мектеп ауласындағы «Балалық шақпен қоштасу, болашаққа жол ашу» деген терең мағыналы жазу салтанатты шараның ең басты ұранына айналды.
Сәтті қадамға аяқ басқан түлектер мен ұлағатты ұстаздарды құттықтау үшін бұл шараға аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты.
Мерекенің ең жарқын сәті үлкен өмірге қадам басқалы тұрған 11 сыныптың түлектері болды. Шара барысында жүргізушілер әр сыныпты таныстырып, сынып жетекшілері мен оқушылардың есімдерін, сондай-ақ олардың мектеп қабырғасында қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін мақтанышпен атап өтті.
Ал салтанатты басқосуға арнайы келген аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы мектеп түлектерін өмірлеріндегі осы маңызды кезеңмен шын жүректен құттықтады.
– Сіздерге алдағы уақытта білімді, адал және еңбекқор болуды тілеймін. Бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таңдап, ата-аналарыңыздың, алтын ұя мектептеріңіз бен туған еліміздің мақтанышына айналыңыздар! – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ Жасұлан Естенов білім беру саласындағы көпжылдық адал еңбегі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бірқатар педагогтерді өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлыға Сағындықова, математика пәнінің мұғалімі Айгүл Өтебаева және басқа да ұлағатты ұстаздар болды.
Аудан басшысымен бірге мерекеде сөз алған «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, ардагер мұғалім Ұлтусын Бархинова да жас түлектерге жылы лебізін білдірді. Ол мектеп бітірушілерге ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) жоғары балл жинап, өз қабілеттеріне сай мамандық таңдауын және еліміздің тірегіне айналуын тіледі. Ал сынып жетекшілерінің атынан Динара Диманбаева сөйлеп, шәкірттеріне ақ жол мен сәттілік тіледі.
Мерекелік іс-шараның концерттік бағдарламасын танымал қазақстандық әнші Өмірқұл Айниязов өзінің тамаша туындысымен ашып берді. Бағдарламаның қалған бөлігін түлектердің өздері сынып жетекшілерінің қолдауымен жоғары деңгейде дайындаған. Шығармашылық кеште мектеп, ардақты ұстаздар және қимастыққа толы соңғы қоңырау туралы әндер шырқалып, білім ошағымен қоштасу вальсі орындалды.
Шара барысында маңызды дәстүрлердің бірі білімнің символикалық кілтін тапсыру рәсімі де өтті. 11-сынып түлектері бұл аманатты мектептің болашақ бітірушілері – оныншы сынып оқушыларына салтанатты түрде табыстады.
Іс-шараның ең толқынысты сәтінде түлектер үшін мектеп қабырғасындағы ең соңғы қоңырау соғылды. Бұл рәсімге 8 жұп қатысты: бір жағында үлкен өмірге қанат қаққан бітіруші түлектер тұрса, екінші жағында білім әлеміне сапарын енді ғана бастаған бірінші сынып оқушылары қоңырау сыңғырын естіртті.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

