Өткен аптаның алғашқы күні басталған Қарасай ауданындағы әскери тактикалық арнайы оқу-жаттығу осы аптада, яғни 27 мамыр күні аяқталды. Азаматтарды темірдей тәртіпке баулыған бұл шараның негізгі мақсаты аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға қарсы тұруға және қорғаныс қабілетті нығайтуға бағытталған болатын. Оны жүйелі түрде жүзеге асыру үшін аталған әскери жиын ҚР Қорғаныс министрлігінің «99220» әскери бөлімімен бірлесіп, Алматы облысы әкімдігі мен аумақтық қорғаныс бригадасының жұмылдыру дайындығы аясында 18-27 мамыр аралығына жоспарланды.
Осыған дейін мәлім еткеніміздей, тактикалық арнайы оқу-жаттығуға Қарасай ауданының аумақтық қорғаныс бригадасының 158 әскери міндеттісі қатысты. Оның ішінде 16 запастағы офицер, 32 запастағы сержант және 110 запастағы сарбаз бар. Аталған азаматтардың алғашқы топтық басқосуы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Мұнда оларға оқу-жаттығудың негізгі ережелері мен талаптары түсіндірілді. Одан кейін ерлеріміз тактикалық жиын өтетін «Nur-Aman» спорт кешеніне барып, оқу-жаттығудың ресми ашылуына қатысты. Дәл осы күні ер азаматтар бір қатарда сап түзеп, киім-кешектерін түгендеп, алғашқы жаттығуларын жасады. Ал екінші күні қару-жарақтарды жинаумен және оны қолдану тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ бұл күні 16 қарасайлық азамат әскери ант қабылдап, Отан алдындағы жауапкершілік пен адалдыққа серттесті.
10 күнге жоспарланған әскери жиын барысында жігіттер саптық және дене дайындықтарынан өтіп, темірдей тәртіпке үйреніп, ер азаматқа жүктелетін жауапкершіліктің маңыздылығын сезінді.
Сонымен қатар әскери міндеттілерге аудан аумағындағы белгілі бір нысанды қорғауға қатысты маңызды тапсырма жүктелді. Бұл жауапты жаттығу онкүндіктің соңғы күніне бір күн қалғанда жүзеге асырылды. Осы мақсатта қарасайлық азаматтар «Арлан-2026» деп аталатын арнайы тактикалық оқу-жаттығуға қатысып, жедел әрекет ету шеберліктерін көрсетті. Бұл шараға, сондай-ақ Алматы облысы аумақтық қорғаныс бригадасының аумақтық қорғаныс батальоны күзет ротасының жеке құрамы, Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары және аудандық полиция басқармасының қызметкерлері де қатысып, өздеріне жүктелген міндеттерді орындады.
Ал аталған әскери жиын «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на қарасты Қарасай аудандық электр торабының жаттығу алаңында ұйымдастырылды. Оған Алматы облысы әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Мақсат Тастанов, Алматы облысы аумақтық қорғаныс бригадасы «99220» әскери бөлімінің командирі, полковник Алмас Аубакиров және Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек қатысты.
Оқу-жаттығу барысында Қарасай ауданының электр торабын күзету негізгі нысан ретінде қорғауға алынды. Ал оны жаулап алу үшін заңсыз әскери барлауы дрон арқылы бақылап, шабуыл жасауға әрекеттенді. Содырлардың осындай жоспарына әскери міндеттілер қарсы тұрып, террорлық іс-әрекеттің көзін жойып, нысанды аман сақтап қалды. Сонымен қатар полиция басқармасының мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері дер кезінде келіп, бірі лаңкестерді тұтқындаса, екіншісі мекемені өрттен құтқарды.
Осылайша оқу-жаттығуда шыңдалған әскери міндеттілер өздеріне жүктелген міндетті толықтай атқарып, негізгі назарға алынған Қарасай аудандық электр торабын лаңкестерден аман алып қалды. Бұл жиынның соңында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы сөз сөйлеп, тактикалық жаттығудың жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, азаматтардың іс-әрекетіне оң бағасын берді.
Ал 10 күнге жоспарланған тактикалық арнайы оқу-жаттығудың соңғы күні салтанатты шараға ұласты. Оған Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысып, аталған оқу-жаттығудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ 10 күн бойы әскери тәртіпте шыңдалған қарасайлық азаматтарға алғысын білдірді.
– Сіздер қатысқан тактикалық арнайы оқу-жаттығу төтенше жағдайға қарсы жылдам әрекет етуге, қоғамдық қауіпсіздікті қалыптастыруға шыңдады деген сенімдемін. Әскери біліктіліктеріңіз арқылы Отан қорғауға дайын екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Бұл өте маңызды жиын деп санаймын. Сондықтан осы ретте осындай оқу-жаттығудың өтуіне атсалысқан ҚР Қорғаныс министрлігіне және басқа да қызметтерді атқарған әр саланың өкілдеріне алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Қарасай ауданының басшысы Жасұлан Тоққожаұлы.
Бұл жиында, сонымен қатар Алматы облысы әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, полковник Мақсат Тастанов та сөз сөйлеп, мұндай шаралар тұрақты ұлттық қауіпсіздікті нығайтатынын атап өтіп, оқу-жаттығудың сәтті аяқталуымен құттықтады.
Одан кейін аталған жиын барысында тактикалық тәртіпке қатысқан барлық әскери міндеттілер марапатталды. Оларға аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталар табыс етілді. Одан бөлек Алматы облысы аумақтық қорғаныс бригадасы «99220» әскери бөлім командирі Алмас Аубакировтың атынан оқу-жаттығуда шыңдалған қарасайлық азаматтарға және аталған жиынға жан-жақты көмек көрсеткен дені үшін әр саланың мамандары құрметке бөленіп, Алғыс хаттарға ие болды.
Әскери жиын соңында 10 күн бойы оқу-жаттығуда шыңдалған әскери міндеттілер қоян-қолтық ұрыс қимылдарынан көрініс қойып, «Үшқоңыр» ансамблі әндер шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

