Қарасай ауданында жас педагогтердің бас қосып, олардың кәсіби бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталған «Shamshyraq» заманауи ұстаздар HUB-ы ашылды. Аталған бастама аудандық білім бөлімі мен Алматы облысының Жастар ресурстық орталығымен бірлескен жоба ретінде жүзеге асырылды.
Әлемнің жаңашылдықтарына сай еліміздің білім беру жүйесінде де көптеген өзгерістер орын алуда. Қазіргі білім жүйесі жаттанды ақпаратты жаттауға емес, оқушының өмірде қажет болатын функционалдық сауаттылығын және жеке қабілеттерін дамытуға бағытталуда. Оның үстіне бүгінгі мектеп қабырғасына келіп жатқан жаңа буын ақпараттық технологиялармен өсіп жатқан цифрлық ұрпақ болғандықтан, оларға сабақ беру, қызығушылығын ояту ескі әдіс-тәсілдермен мүмкін емес. Сәйкесінше жүйеге енгізіліп жатқан өзгерістер орынды. Алайда бұл өзгерістер ең бірінші кезекте ұстаздардың әсіресе педагогтердің мойнына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қазіргі мұғалім тек өз пәнін ғана білетін маман ғана емес, көшбасшы, бағыттаушы және психолог бола білуі керек. Сондай-ақ жаңашылдықтардан қалыспай, инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жаңа педагогикалық идеяларды өмірге әкелуі тиіс. Бұл университетті жаңа бітірген немесе тәжірибесі аз жас маманға бірқатар қиындықтар туғызады. Осы орайда жас мұғалімдерге қолдау көрсетіп, олардың басын біріктірету бағытында іске асқан «Жас ұстаздар хабы» (Young Teachers Hub) жобасының рөлі ерекше. Ол еліміздің білім беру саласындағы жаңа серпін, жас мамандардың кәсіби тұрғыдан өсуіне, өзара тәжірибе алмасуына және шығармашылық әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін бірегей алаң болып табылады.
Таяуда Қарасай ауданында да осындай хаб өз жұмысын бастаған еді. Анығырақ айтқанда, Қарасай ауданы білім бөлімінің әдіскері Елдәулет Алтынбекұлының мәліметіне сүйенсек, ақпан айының 19-ы күні аудандық білім бөлімі мен Алматы облысының жастар ресурстық орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Оның аясында ағымдағы жылы Қаскелең қаласында жаңадан бой көтерген Жастарға қызмет көрсету орталығының базасында «Shamshyraq» заманауи ұстаздар HUB-ы ашылды.
Қазіргі уақытта ауданда сегіз мыңға жуық педагог еңбек ететін болса, оның 1080-і – жас маман. Соның ішінде 40 мұғалім «Teachskills» жас мамандар ассоциациясының құрамында.
«Shamshyraq» заманауи ұстаздар HUB-тың аясында ұйымдастырылатын воркшоптар мен тренингтер жас ұстаздардың бойында келесі маңызды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған:
– Цифрлық сауаттылық: сабақ барысында жасанды интеллект көмекшілерін, интерактивті білім беру платформаларын (Quizizz, Miro, Kahoot т.б.) тиімді қолдану;
– Икемді дағдылар (Soft Skills): тайм-менеджмент (уақытты басқару), критикалық ойлау, стресске төзімділік және көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі;
– Креативті әдістеме: сабақты ойын элементтерімен байыту (геймификация), жобалық оқыту технологияларын енгізу.
Жалпы мұнда жас мамандар үшін түрлі кездесулер ұйымдастырылудан бөлек «Жайдарман», «Дебат клубы», «Podcast» алаңдары да жұмыс істейді. Шеберлік сабақтары, көрмелер мен үйірмелер және басқа да іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Бүгінгі таңда «Жас ұстаздар хабы» тек қана тәжірибе бөлісетін орын емес, сонымен қатар заманауи мұғалімдердің жаңа толқынын қалыптастыратын негізгі қозғаушы күшке айналып отыр. Жастардың бойындағы жалын мен заманауи технологияларды ұштастыратын бұл жоба – отандық білім беру саласының ертеңгі күніне жасалған ең тиімді инвестиция болып табылады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

