Газетіміздің өткен нөмірінде ағымдағы жылдың 10 мамыры күні еліміз бойынша басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) науқанында ауданымыздың өрендері жоғары нәтижелер көрсетіп жатқаны жайлы жазып, оқырман қауыммен жағымды жаңалықты бөліскен болатынбыз. Бұл – жай сөз емес. Ауданымыз бойынша биылғы оқу жылында білім додасына қатысуға ресми түрде 3 609 мектеп бітіруші түлек өтінім білдірген еді. Емтиханның алғашқы күндерінен-ақ қарасайлық түлектер өздерінің білім деңгейлерінің жоғары екенін дәлелдей алды.
Тіпті, олардың қатарында білім додасының ең жоғары шегі саналатын 140 баллдың 139-ын қанжығасына байлап, аудан бойынша биылғы рекордтық көрсеткіш орнатқан білімгеріміздің бар екенін ерекше мақтанышпен атап өткіміз келеді. Жақсы көрсеткіштер – түлектердің және бүкіл аудан ұстаздары мен ата-аналарының 11 жылдық қажырлы еңбегінің айқын жемісі.
Осыған орай, газетіміздің бүгінгі санында 11 жыл бойы алтын ұя мектебінде алған терең білімінің нәтижесін іс жүзінде көрсетіп, ауданның абыройын асқақтатып жатқан үздік түлектерімізді оқырмандарға жақынырақ таныстыратын боламыз. Олардың білім жолындағы жетістікке жету құпиясы мен алдағы жоспарлары туралы толығырақ төменде жазылған.
Аруназ Болатхан
Жамбыл ауылындағы №2 орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 139 балл.
– Мен бұл маңызды сынаққа 10-сыныптың аяғынан бастап мақсатты түрде дайындала бастадым. Таңдау пәндерім дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі болды. Әрине, 139 балл алғаныма қуаныштымын, алайда максималды көрсеткішке бар-жоғы 1 балл жетпей қалғаны сәл көңіліме келді. Дегенмен, алда ҰБТ тапсыруға тағы бір мүмкіндігім бар. Келесі жолы міндетті түрде сол межеге жетуге тырысамын. Болашақта Астана қаласындағы белді университеттердің бірінде білім алғым келеді.
Осы жолда маған демеу болып, қанаттандырған ата-анама алғысым ерекше. Жеткен табыстарымның бәрі – солардың төккен тері мен қамқорлығының жемісі. Сонымен қатар бойыма білім нәрін құйып, үлкен өмірге жолдама берген, маған әрдайым сенген ұстаздарыма бас иемін, – деді Аруназ.
Ақбота Қалдыбай
Н.Әлімқұлов атындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 137 балл.
– Көптеген құрдастарым секілді мен де Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты 10-сыныптан бастадым. Таңдау пәні ретінде өзім ерекше ұнататын қазақ тілі мен әдебиетін таңдадым. Бастапқыда 137 балл алғанымды естігенде қатты қуана қоймадым. Себебі наурыз айында өткен ҰБТ-ның қосымша кезеңінде 136 балл жинаған болатынмын. Әрине, негізгі емтиханда ең жоғары –140 балды бағындырғым келді. Алайда қазіргі нәтижеме де ризамын және мұны үлкен жетістік деп білемін.
Ендігі мақсатым – Қаскелең қаласында орналасқан халықаралық SDU университетінің «Филология» мамандығына оқуға түсу.
Өмірімдегі осы бір маңызды кезеңнен сүрінбей өтуіме септігін тигізіп, әрдайым қасымнан табылған жақындарыма, сынып жетекшіме және моральдық тұрғыдан демеу болған достарыма шексіз алғысымды білдіремін, – деді Ақбота.
Аружан Шамшырақ
Н.Әлімқұлов атындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 137 балл.
– Биология мен химия пәндерін таңдап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 137 балл жинағаныма өте қуаныштымын. Десе де, бұл жетістікпен тоқтап қалмай, шілде айында өтетін тестке де қатысып көрмекпін. Тағы бір рет бағымды сынап, ең жоғары – 140 балды бағындыруға тырысамын.
Алдағы басты мақсатым – еліміздегі ең ірі, жетекші әрі қара шаңырақ медициналық жоғары оқу орны С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне (ҚазҰМУ) оқуға түсу. Болашақ мамандығым ретінде стоматология (тіс дәрігері) саласын таңдадым.
Осы уақытқа дейін маған сенім артып, әрдайым қолдау көрсеткен аяулы ата-анама, сынып жетекшіме және адал достарыма шексіз ризашылығымды білдіремін!, – деді Аружан.
Динара Мырзахмед
Қарасай батыр атындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 137 балл.
– Ұстаздарымның арқасында дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндеріне деген қызығушылығым оянып, түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатыстым. Бұл қызығушылығымның нәтижесінде 9-сыныпта ҰБТ-да дәл осы пәндерді таңдайтынымды нақты шештім. Ал 10-сыныптан бастап осы бағытта жүйелі түрде дайындала бастадым. Қазіргі таңда жинаған 137 балым жақсы нәтиже болғанымен, тамыз айындағы ҰБТ-ға да қатысып, көрсеткішімді одан әрі жоғарылатуды ойлап отырмын.
8-сыныпта кезекті бір олимпиада құқық, халықаралық қатынастар, экономика және бизнес саласының көшбасшысы Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University базасында өткен еді. Сол кезде аталған білім ордасын бір көргеннен ғашық болдым. Содан бергі басты мақсатым – алдағы ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, осы оқу орнының студенті атану.
Соңғы жылдары маған демеу болып, қолдау көрсеткен барлық жақындарыма, ата-анама және ұлағатты ұстаздарыма шексіз алғысымды айтамын, – деді Динара.
Кәусар Қизат
Шамалған ауылындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 136 балл.
– Негізгі ҰБТ-да бағындырған көрсеткішіме көңілім толады. Десе де, алда өтетін сынақтың соңғы кезеңіне де қатысып, бағымды тағы бір сынап көрмекпін.
Болашақта «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсуді армандаймын. Осы мақсатта жақында халықаралық ағылшын тілі деңгейін анықтайтын IELTS тестін тапсырып, 7.0 балл алдым. Қазіргі сәтте өзім қалаған жоғары оқу орындарының бағдарламаларын зерттеу үстіндемін.
Маған әрдайым демеу болатын жақындарыма және 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан Шамалған ауылындағы орта мектеп ұстаздарына айтар алғысым шексіз, – деді Кәусар.
Нұрдана Орынбасар
Ораз Жандосов атындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 135 балл.
– Жалпы, 135 балл – өте жақсы нәтиже. Дегенмен бізге ҰБТ-ны тағы бір рет тапсыру мүмкіндігі берілгендіктен, бағымды қайта сынап көрмекпін. Ендігі мақсатым – біраз дайындалып, бұл жолы көрсеткішті 140 балға жеткізу. Бұған бар күш-жігерімді саламын.
Болашағымды заң саласымен байланыстырғым келетіндіктен, мамандықты таңдап қойдым. Ал жоғары оқу орнына келетін болсақ, оны екінші ҰБТ-ның қорытындысы белгілі болғаннан кейін нақтылаймын.
Осы сынақтан сүрінбей өтуіме атсалысқан Ораз Жандосов атындағы орта мектептің ұстаздарына, сынып жетекшіме және жақындарыма шексіз алғысымды айтамын. Алдағы уақытта маған артылған үміт пен сенімді ақтау үшін аянбай еңбек ететін боламын, – деді Нұрдана.
Әсем Зарипова
Қарасай батыр атындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 134 балл.
– ҰБТ-ға мен жүйелі түрде дайындалдым. Мектептегі қосымша сабақтармен қатар, жеке курстарға да қатыстым. Соның нәтижесінде алғашқы 94 балдық көрсеткішім айтарлықтай өсіп, наурыз айындағы ҰБТ-да 105 балл жинадым. Ал негізгі тестілеуде бұл көрсеткіш 134-ке дейін көтерілді. Бұл – менің алғашқы нәтижелеріммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
9-сыныпта оқып жүргенде-ақ мен болашақ оқу орным ретінде педагогика бағыты бойынша жетекші білім мекемесі болып табылатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін таңдап қойған едім. Қазіргі уақытта сонда оқуға түсуді ойлап отырмын.
ҰБТ-дағы және өмірдегі өзге де жетістіктерім үшін, ең алдымен, Жаратқанға, екіншіден ата-анама, сондай-ақ мектеп директоры мен барша ұстаздарыма шексіз ризашылығымды білдіремін!, – деді Әсем.
Ахат Набатов
Шамалған ауылындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 132 балл.
– Болашағымды денсаулық сақтау саласымен байланыстырғым келгендіктен, ҰБТ-да бейіндік пән ретінде биология мен химияны таңдадым. Бұл тестке өте белсенді әрі тыңғылықты дайындалдым. Сынақ мерзімдерінде 138 баллға дейін жинап жүргендіктен, негізгі ҰБТ-ның қорытындысы – 132 балл мені қатты қуанта қойған жоқ. Әрине, бұл медицина үшін өте жоғары әрі жақсы нәтиже екенін түсінемін. Десе де, өмірімдегі ең маңызды әрі қиын кезеңдердің бірі артта қалғанына жеңілдеп қалдым.
Қазіргі уақытта менің алдымда үлкен таңдау тұр: С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (ҚазҰМУ) немесе Астана медицина университеті (АМУ). Қазір бар ойым – осы екі іргелі оқу орнының арасынан болашағыма септігін тигізер дұрыс таңдау жасау.
ҰБТ-ға дайындық барысында ақыл-кеңесін аямаған аяулы ұстаздарыма және әрқашан маған сеніп, жігер берген жақындарыма шексіз алғысымды білдіремін. Осы кісілердің қолдауы мен сенімінің арқасында бұл үлкен белестен сәтті өттім! – дейді Ахат.
Айгерім Эмирова
А.Байжанов атындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ нәтижесі – 132 балл.
– Өзім жақсы көретін математика-география комбинациясын таңдап, ҰБТ-ға біраз уақыт дайындалдым. Бүгінде сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын – нәтижеме ризамын.
Алдағы мақсатым – дұрыс жоғарғы оқу орнын таңдап, қаржы мамандығының қыр-сырын меңгеріп, білікті маман болу. Қазіргі уақытта болашағымды сеніп тапсыратын лайықты жоғары оқу орнын қарастырып жатырмын.
Осы жауапты кезеңде маған бағыт-бағдар беріп, сенім артқан отбасыма және білім берген ұстаздарыма мың алғыс, – деді Айгерім.

