Бүгінгі таңда Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және базарлардағы делдалдарды азайту мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынды. Бағаны бақылау үшін өңірлік комиссия апта сайын мониторинг жүргізіп, статистикалық мәліметтер негізінде қымбаттаған тауар түрлерін анықтайды.
Осы мақсаттағы жұмыс тобы өткен аптаның жұма және сенбі күндерінде аудан аумағындағы базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылады. Алдымен жұма күні Қаскелең қаласындағы «Достар» базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және сауда үстемесін бақылау мақсатында арнайы мониторингтік шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов бастаған аудандық кәсіпкерлік бөлімі, мемлекеттік кірістер органдары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі, полиция басқармасы және төтенше жағдайлар саласының мамандары қатысты.
Тексеру барысында негізгі назар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қойылатын сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауын қамтамасыз ету, бағаның негізсіз өсуінің алдын алу, сондай-ақ делдалдық тізбектерді қысқарту назарға алынды. Сонымен қатар базардағы сауда орындарының заң талаптарына сәйкестігі, баға белгілерінің дұрыс көрсетілуі және тұтынушыларға ашық ақпарат беру мәселелері де қаралды. Ал мониторинг жүргізген жауапты органдар өкілдері кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, баға қалыптастыру талаптарын сақтау бойынша нақты ескертулер берді.
Аудан әкімінің орынбасары Адис Жаратбекұлының айтуынша, мұндай бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Заң талаптарын бұзу деректері анықталған жағдайда, жауапты органдар тарапынан тиісті әкімшілік шаралар қабылданады.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес дәл осындай азық-түлік бағасын қадағалау шарасы сенбі күні де ұйымдастырылды. Оған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов өзі жетекшілік етті. Оның бастауымен жұмыс тобы тасжолдың бойындағы «Алтын Орда» базарына арнайы ат басын бұрып, сауда орталығының жай-күйін бақылап, ондағы кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15 пайыздан артық үстемеақы қоспау туралы негізгі талапты түсіндірді.
Одан бөлек сатушыларға қолданыстағы заң талаптарына қатысты ақпарат айтылды. Атап айтқанда, әрбір өнімнің сәйкестік сертификаты мен декларациясы болуы міндетті. Құжат болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұдан бөлек тауар өлшейтін таразылардың рұқсат сертификаты болуы керек.
Ал облыс әкімінің орынбасары Қанат Болатұлы «Алтын Орда» базарын аралау кезінде мұндағы саудагерлермен жақын тілдесіп, оларға мониторинг жұмысының негізгі мақсатын түсіндірді. Ал БАҚ өкілдерімен тілдесу барысында «Алтын Орда» базарын жаңғыртуға қатысты ақпаратпен де бөлісті.
– Базардағы саудагерлерге жағдай жасау үшін Үкіметтің тапсырмасы болған. Сол тапсырманың аясында модернизация дейміз ғой, қазір құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Шамамен, 20-30 пайызға бітті деуге болады. Толыққанды аяқталуы 2028 жылға жоспарлануда.
Енді бұл тек қана бір «Алтын Орда» базарында емес, бізде жалпы аудандардың сауда орталықтарын, базар деп айтамыз ғой, базарлардың бәрінде осындай модернизация жасап, заманауи жаңағы бүгінгі заманға сай, талапқа сай жасау үшін талап қойып жатырмыз кәсіпкерлерге», – деп пікір білдірді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Есболатов.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Қанат Болатұлы базар ішіндегі сауда қатарларын аралап, саудагерлермен әңгімелесу кезінде әрбір кәсіпкердің мүддесі қорғалатынын және заңсыздықтарға жол берілмейтінін айтты.
«Алтын Орда» базарында бүгінгі таңда 4 мыңға жуық жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Мұнда жанға керек дүниенің бәрі табылады. Тіпті, жақын маңдағы елді мекеннің кәсіпкерлері осындағы тауарларды алып, үстемақысын қосып, тиімді бағада кәсіптерін дөңгелетуде. Тасжолдың бойындағы ең ірі сауда орталығында күн сайын миллиондаған теңгенің тауар айналымы жүреді.
Айта кетейік, «Алтын Орда» базарында ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Азық-түлік бағасына әсер ететін стратегиялық нысан болғандықтан, өзгерістер мемлекет бақылауында.
Жобаға 35 млрд. теңге инвестиция тартылған. 2028 жылға дейін заманауи павильондар, қонақ үйлер, автотұрақтар және жаңа автобекет салу жоспарлануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

