Соңғы жылдары еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде, соның ішінде құқықтық саласында ауқымды әрі елеулі өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған жасампаз реформалардың нәтижесі бүгінде сот жүйесінің де жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне серпін берді. Әсіресе, сот билігінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстардың жемісі бүгінде айқын сезіле бастады. Осы орайда, заң үстемдігі мен әділдіктің айнасы іспетті жергілікті соттардың жұмысы әрқашан жұртшылықтың жіті назарында екені даусыз.
Жуырда біз Қарасай аудандық сотының төрағасы Дінмұхамед Адайбаевпен арнайы кездесіп, аудан көлемінде заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысымен танысқан болатынбыз. Ашық сұқбат барысында соңғы уақытта соттың жұмысы қалай жүріп жатқандығы, өндірісте қаралған істердің сипаты мен динамикасы, сондай-ақ заманауи сот реформаларының жергілікті жердегі нақты нәтижелері егжей-тегжейлі талқыланды.
– Дінмұхамед Жарасұлы, өзіңіз жақсы білетіндей, Қарасай ауданы халық тығыз қоныстанған, және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өте қарқынды дамып келе жатқан іргелі аудандардың бірі. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, мына сұраққа жауап берсеңіз, аудандық соттың бүгінгі таңдағы жұмыс жүктемесі облыстың өзге өңірлерімен салыстырғанда қаншалықты жоғары және бұл көрсеткіштер уақыт өткен сайын қалай құбылуда?
– Жалпы алғанда, заң үстемдігін қамтамасыз ететін кез келген сот органының күнделікті қызметі мен жұмыс барысы әрдайым қауырт әрі жауапты болатыны белгілі. Ал Алматы облысы бойынша Қарасай ауданы халық саны жылдам өсіп, экономикасы жақсы дамып келе жатыр. Осы себепті де, мұндағы аудандық сотқа түсетін салмақ пен жұмыс жүктемесі әлбетте өте жоғары.
Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қарасай аудандық соты Алматы облысы бойынша ең жоғары жүктемесі бар сот органы болып табылады. Оның үстіне ағымдағы жылдың көрсеткіштері көрсеткендей, біздің жұмыс көлеміміз өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы да айтарлықтай өсті.
Ашып айтсақ, азаматтық істер бойынша 2025 жылдың алғашқы 5 айында сот өндірісінде 3484 талап қою арызы тіркелген болатын. Бұған қоса, аудандық соттың міндетіне тек істерді мәні бойынша қарау ғана емес, сонымен қатар сот орындаушыларының заңды ұсыныстары мен қаулыларын санкциялауға қатысты ауқымды материалдармен жұмыс істеу де кіреді. Аталған 2025 жылдың 5 айында осындай 8917 материал тіркеліп, оның 8741-і қысқа мерзімде мұқият қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Ал енді ағымдағы 2026 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысына көз жүгіртсек, сотқа келіп түскен арыздар мен шағымдардың саны ерекше қарқынмен, тіпті геометриялық прогрессиямен өскенін байқаймыз. Мәселен, биылғы жылдың бес айында тіркелген азаматтық талап қоюлардың саны бірден 5770-ке жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда азаматтар мен заңды тұлғалардың сотқа жүгіну белсенділігінің тым жоғары екенін көрсетеді. Дәл осы кезеңде сот орындаушыларынан келіп түскен және жедел шешімді талап ететін материалдардың саны да еселеп артып, 11835-ті құрады.
Мұндай үлкен сандар сот құрамына түсетін жауапкершіліктің жүгін ауырлата түсетіні сөзсіз, алайда біздің судьялар корпусы мен сот мамандары бұл салмақты абыроймен көтеріп келеді.
– Аудандық сотта негізінен қандай санаттағы істер жиі қаралады? Соңғы жылдары құқықтық үрдістерде қандай басымдықтар байқалады және қай санаттағы істердің үлесі артты?
– Қылмыстық істерді қарау деңгейіне тоқталатын болсақ, 2026 жылдың алғашқы 5 айының ішінде сотта 143 қылмыстық іс ресми түрде тіркеліп, соның ішінде 120 іс бойынша нүкте қойылып, үкімдер мен тиісті қаулылар шығарылды. Қылмыстық сот өндірісі бағытында да Қарасай аудандық сотының атқарып жатқан жұмысы мен жалпы жүктемесі облыс көлеміндегі ең жоғары және күрделі көрсеткіштердің қатарынан ойып тұрып орын алады.
Ал сотқа түсетін азаматтық істердің құрылымына тереңірек талдау жасасақ, олардың ішінде ең көп кездесетіні әрі көлемдісі – түрлі шарттық міндеттемелерден, келісімшарттардың орындалмауынан туындайтын азаматтық-құқықтық даулар. Заманауи үрдістерге сай, соңғы уақытта цифрлық технологиялардың дамуымен қатар, интернет-алаяқтыққа, онлайн-несиелерге және қаржылық айла-шарғыларға байланысты туындайтын күрделі даулардың саны да өте қатты артып келеді. Бұл соттан жаңаша тәсілдер мен жоғары ақпараттық сауаттылықты талап етеді.
Сонымен қатар Қарасай ауданының жер қатынастарымен байланысты туындайтын азаматтық істер мен даулы мәселелер дәстүрлі түрде өте көп қаралады. Соңғы жылдары өңірде инфракұрылымды дамыту, жол салу және әлеуметтік нысандар тұрғызу жұмыстары белсенді жүріп жатқандықтан, әсіресе мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін қайтарып алу және оның өтемақысын белгілеуге қатысты талап арыздардың үлесі мен саны айтарлықтай өсіп отыр. Бұл істердің әрқайсысының артында жүздеген азаматтың мүддесі мен тағдыры тұрғандықтан, біз әр іске өте үлкен жауапкершілікпен қараймыз.
– Өзіңіз айтып өткеніңіздей, Қарасай ауданында жер мәселесі өте өзекті болып табылады. Бұл ретте жер телімдеріне, шекара дауларына қатысты істерді қараудың қандай ерекшеліктері мен қиындықтары бар? Нақты мысалдарға тоқталып өтсеңіз.
– Мұндай істерді қарау барысында жер учаскелерінің шекараларының қабаттасуы, бір жер учаскесіне бірнеше меншік иесінің құқықтарының тіркелуі сияқты мәселелер істі қарауды қиындатады. Бұл ретте архивтік құжаттарды көтеру, геодезиялық сараптамалар тағайындау жиі орын алады.
Мәселен, біздің сотта қаралған үлкен резонансты істердің бірі – республикалық тас жол бойында орналасқан «Барыс» автобазарының жер учаскелеріне байланысты болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарасай ауданы әкімдігі Б. есімді азаматтың атына 2004-2019 жылдар аралығында жасалған, Қаскелең қаласына жақын орналасқан жалпы көлемі 36 гектардан асатын ірі жер телімдерін сату-жалға беру шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа өтініш білдірген еді. Сот барлық мән-жайды мұқият тексере келе, бұл талап арызды ішінара қанағаттандырды. Нәтижесінде, Б.-мен жасалған барлық ірі жер сатып алу және жалға алу келісімшарттары заңсыз деп танылып, күші жойылды. Тек мүлік құқықтарын мемлекеттік тіркеудің өзін жарамсыз деп тану туралы талап арызды техникалық себеппен (тіркеуші органның жауапкер ретіндегі дұрыс емес мәртебесіне байланысты) қабылдамады. Сонымен қатар Б.-ға мемлекеттік бажды төлеу міндеттелді. Бұл іс соттың заң алдында бәрінің тең екендігін көрсеткен айқын дәлелі болды.
Көп жағдайларда жер дауы азаматтардың құқықтық сауатсыздығынан немесе таныстарына соқыр сенім артуынан да пайда болады. Тәжірибемізден тағы бір мысал келтірейін, таяуда ғана бізде өте күрделі іс қаралды. Жер меншік иесі С. есімді азамат өзінің танысы З.-ға 2 гектар жерді 33 учаскеге бөліп, құжаттарын ресімдеуді тапсырған. Алайда З. есімді азамат сенімді теріс пайдаланып, қолдан жасалған сенімхат арқылы 22 үлесті қарапайым азаматтарға жасырын түрде сатып жіберіп, қаражатты өзі иемденген. Әрине, бұл алаяқтығы үшін ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бірақ мәселе мұнымен біткен жоқ. Жердің бұрынғы иесі С. сот арқылы учаскелерді қайтарып алуға және сол жерге үй салып үлгерген бейбіт тұрғындарды баспаналарынан көшіруге әрекеттенді. Сот істі қарау барысында бұл мәселенің туындауына талап қоюшы С.-ның өз салғырттығы себеп болғанын анықтады. Ол жерді бөлу процесін өзі бастағанымен, оны мүлдем бақылаусыз қалдырған. Тіпті, заңсыз сатылым туралы білгеннен кейін де тұрғындарға ескерту жасамастан, 5 ай бойы құрылысты үнсіз бақылап отырған. Сот бұл жағдайды талап қоюшының жеке бизнес-тәуекелі деп таныды. Ал жерді сатып алған азаматтар ақшасын адал төлеп, алаяқтық туралы білмеген, яғни адал сатып алушылар болып шықты. Олар үйлерін ресми түрде салып, заңды тіркеуден өткізген. Сондықтан аудандық сот азамат С.-ның талап арызын қанағаттандырудан толық бас тартып, жерді қазіргі иелерінің меншігінде қалдырды. Тұрғындар өз үйлерінде қалатын болды, ал С. келтірілген шығынды тек сотталған алаяқтан ғана талап ете алады. Осылайша, сот көптеген отбасының далада қалуынан сақтап, әділ шешім шығарды.
– Соңғы уақытта елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама айтарлықтай күшейтілді. Қарасай ауданында бұл бағыттағы істердің динамикасы қандай? Заңның қатаңдатылуы отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың азаюына нақты әсер етіп жатыр ма?
– Иә, бұл бүкіл қоғамды толғандырып отырған өте өзекті мәселе. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген тұлғаларға қатысты заңда көзделген құқықтық ықпал ету шаралары, оның ішінде әкімшілік және қылмыстық қамауға алу шаралары өте қатаң қолданылуда. Бұрын бұл санаттағы істер бойынша тараптардың татуласуы жиі кездесетін болса, қазір заңнаманың күшейтілуіне байланысты жауапкершіліктен жайдан-жай жалтару мүмкін емес.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, заңнаманың күшейтілуі отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың біртіндеп азаюына оң әсерін тигізіп жатыр. Құқық бұзушылар енді заңның қатаңдығын сезіне бастады. Сот өз тарапынан отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, агрессорларға қатысты заң шеңберінде ең қатаң шараларды қолдануды жалғастыра береді.
– Бүгінде республика деңгейінде де, аймақтарда да алаяқтық, әсіресе интернет-алаяқтық деректері күрт өсіп отыр. Қарасай ауданындағы бұл бағыттағы ахуал қандай? Тұрғындар көбіне қандай айла-шарғылардың құрбаны болып жатады?
– Жоғарыда атап өткенімдей, сотта алаяқтыққа қатысты істердің саны, өкінішке қарай, артып келеді. Заман дамыған сайын алаяқтардың да айла-тәсілдері түрленіп жатыр. Көп жағдайда азаматтар өздерінің жеке деректерін, банк карталарының кодтарын бөгде адамдарға өз еркімен беруі, күмәнді интернет-ресурстарды пайдалануы немесе жеңіл табыс табуды уәде еткен қаржылық пирамидаларға сеніп қалуы салдарынан зардап шегеді.
Сонымен қатар біздің аудан үшін тән тағы бір мәселе – жер телімдерін құжатсыз, нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен сатып алуға алдану. Азаматтар арзан жер көріп, заңды құжаттарын тексерместен, үлкен көлемде ақша беріп қояды. Ең өкініштісі, көбінесе оларды бейтаныс адамдар емес, өздерінің жақын достары, туыстары немесе ортақ таныстары алдап кетеді.
Сондықтан азаматтарға белгісіз тұлғаларға жеке және банктік мәліметтерін бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және кез келген қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде барынша сақ болуға шақырамын. Мүлік сатып алу кезінде, әсіресе жер телімдерін сатып алар алдында құжаттарын құзырлы органдар арқылы толықтай тексеріп, тіпті туыстар мен достарыңыздан сатып алсаңыз да, заңды рәсімдеуден аттап өтпеуге кеңес береміз. Сақтықта қорлық жоқ.
– Алаяқтық тақырыбын қозғағанда, осыдан бірнеше жыл бұрын көптеген тұрғынды шулатқан «Торедо» ЖШС-нің ісін айналып өте алмаймыз. 150-ден астам адамның қаражатын жымқырған бұл компанияға қатысты сот ісі қазіргі уақытта қандай кезеңде? Зардап шеккен азаматтардың шығындарын өтеу мәселесі қалай шешілді?
– Расында, аталған іс ауданға ғана емес, республика көлемінде үлкен резонанс тудырды және біраз халықты шулатты. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл істің мән-жайы мынада: 2021 жылы «Торедо» ЖШС басшылығы (ерлі-зайыпты Т. мен Ж.) әлеуметтік желілерде ауқымды жарнама науқанын бастаған. Олар Қаскелең қаласында салынып жатқан «HOME», «HOME SAU» және «HOME Южный» тұрғын үй кешендерінен пәтерлерді нарықтағыдан едәуір төмен бағамен ұсынды. Адамдар уәдеге сеніп, өздерінің жылдар бойы жинаған қаражаттарын беріп, келісімшарттар жасасқан.
Алайда, шын мәнінде, құрылыс салушының құрылысқа тиісті лицензиясы да, рұқсат қағаздары да, тіпті құрылыс жүргізуге қолайлы жер телімі де болмаған. Көзбояушылық үшін олар ғимараттардың бетон қаңқаларын көтеріп қойып, ал үлескерлердің ақшасының басым бөлігін өздері иемденіп, бас пайдасына жаратқан. Сонымен қатар, олар тіпті банкте кепілде тұрған үйлердегі пәтерлерді де сатып үлгерген. Салдарынан жүздеген адам ақшасыз да, үйсіз де қалды.
2025 жылы біздің сот бұл схемаға қатысушыларды ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп таныды. Басты айыпталушы азамаша Ж. 7 жылға колонияға қамалса, ал оның сыбайластары 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Алайда заңдағы бірқатар өзгерістерге байланысты апелляциялық шағым бойынша 2025 жылдың қазан айында Алматы облыстық соты бұл шешімді қайта қарады. Айыпталушы Ж. мен тағы бір сотталған Қ. есімді әйелдің асырауында кішкентай балалары болғандықтан, сот заң шеңберінде олардың жазасын өтеуді кейінге қалдырып (сәйкесінше 1 жылға және 3 жылға), сот залынан босатып жіберді. Қалған қатысушылар үшін үкім мен нақты бас бостандығынан айыру мерзімдері өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар сот сотталғандардан алданған үлескерлердің пайдасына материалдық шығынды (әр азаматтың шығынына қарай біреуге 4 миллион, біреуге 20 миллион теңге) толық өндіруді міндеттеді. Қазіргі уақытта бұл қаражатты өндіру бойынша сот орындаушылары жұмыс істеп жатыр.
Бұл жерде бір ескере кететін жайт, екі әйел де уақыты келгенде өз жазаларын міндетті түрде өтейтін болады, заңнан ешкім қашып құтыла алмайды.
– Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған жекелеген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үстінен іс қозғалғаны мәлім. Осы уақытқа дейін аудандық сотта бұл бағытта қандай істер қаралды және кінәлі тұлғаларға қандай жауапкершілік шаралары қолданылды?
– Қаңтар оқиғасы еліміз үшін үлкен сын болды. Бұл кезеңде тек халықтың арасында ғана емес, тәртіп және құқық қорғау органдарының арасында да біраз заңсыздықтар мен өрескел олқылықтар орын алды. Біздің сот бұл бағыттағы істерді де өте мұқият және әділ қарады.
Нақтырақ айтқанда, 2022 жылдың қаңтарында блокбекетте Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның 99 азаматы ұсталған болатын. Олар ешқандай заңды құжат рәсімделместен Қошмамбет ауылындағы арнайы қабылдау-бөліміне жеткізілген. Кейіннен қызметкерлер тарапынан азаматтарды лаңкестік пен жаппай тәртіпсіздіктерді жасағандары туралы мойындату мақсатында күш қолданылған.
Нәтижесінде Қарасай аудандық соты осы Қошмамбет ауылындағы арнайы қабылдау-бөлімінде болған азаптауларға қатысты 6 жоғары лауазымды полиция қызметкері мен олардың қол астындағыларды кінәлі деп тауып, жауапқа тартты. Әрқайсысы заңға сәйкес 3 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ олардың барлығы полициялық және арнайы шендері мен атақтарынан айырылды.
Жалпы, мемлекет атынан билік берілген полиция қызметкерлерінің мұндай қорлық әрекеттерге барғаны мүлдем дұрыс емес және кешірілмейді. Біз өз тарапымыздан әрқашанда заң үстемдігін қорғап, кез келген адамның конституциялық құқығын бұзғандарды, лауазымына қарамастан, қатаң жауапқа тартатын боламыз.
– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында сот жүйесіне де заманауи электронды форматтар белсенді енгізілуде. Қарасай аудандық сотының жұмысында қандай технологиялық жаңалықтар бар? Цифрландыру сот процестерінің ашықтығы мен қолжетімділігін қаншалықты арттырды?
– Заман ағымына қарай сот жүйесі де серпінді өзгеріп келеді. Қазіргі уақытта біздің сотта азаматтық сот ісін жүргізу үдерісінің шамамен 90 пайызы электрондық форматқа көшірілген. Бұл қағазбастылықты азайтып, уақытты үнемдеуге үлкен септігін тигізуде. Сот отырыстарының басым бөлігі онлайн режимде өткізіледі, бұл тараптардың сотқа келіп, уақыт пен қаражат шығындамауына мүмкіндік береді. Жоғарғы Соттың «Сот кабинеті» сервисі арқылы іске қатысушы тараптар өздеріне қатысты істердің материалдарымен, хаттамалармен және шешімдермен қашықтан, үйлерінен шықпай-ақ кез келген уақытта таныса алады. Бұл сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын жаңа деңгейге көтерді.
Сондай-ақ судьялардың жұмыс сапасын арттыру және көмек көрсету мақсатында «Төрелік» ақпараттық жүйесіне «Азаматтық істер бойынша сот практикасын интеллектуалдық талдау» модулі енгізілген. Бұл жүйе заманауи жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, ұқсас істер бойынша сот практикасын автоматты түрде талдауға және судьяларға құқық қолдану тәжірибесін терең зерделеуге мүмкіндік береді. Аталған жаңашылдық сот шешімдерінің біркелкілігін сақтауға және қателіктерді болдырмауға үлкен көмек болып отыр.
– Дінмұхамед Жарасұлы, уақытыңызды бөліп, біздің сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет. Өзіңіз білетіндей, алда Судья және сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі келе жатыр. Осы айтулы күн қарсаңында аудандық соттың абыройын асқақтатып, жұмыстың алға басуына өлшеусіз үлес қосып жүрген әріптестеріңіз бен сот қызметкерлеріне қандай тілек білдірер едіңіз?
– Иә, бұл – біздің ұжым үшін өте маңызды әрі айтулы мереке. Жоғарыда өзім атап өткендей, Қарасай аудандық сотының жұмыс жүктемесі өте жоғары болса да, біздің судьяларымыз бен сот қызметкерлері осы қиындықтарға қарамастан, күн демей, түн демей әділдік жолында қызмет етіп келеді. Соттың жетістігі мен беделі – осы ортақ жұмыстың, ұжымның бірлігі мен жоғары кәсібилігінің нәтижесі. Әрбір судьяның, әрбір хатшы мен кеңсе қызметкерінің атқарып отырған еңбегі өлшеусіз.
Осы айтулы кәсіби мереке қарсаңында барлық әріптестерімді, сот жүйесінің ардагерлерін және аянбай тер төгіп жүрген сот қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын! Сын сағаттарда әділдікті ту етіп, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметтеріне толағай табыстар тілеймін.
Еліміздің сот жүйесінің абыройы әрқашан биік болсын!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

