Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы ел дамуының жаңа белесін айқындап берген маңызды құжат болды. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап қана қоймай, келешкет шешімін табуы тиіс өзекті мәселелер мен нақты міндеттерді де айқындады.
Көп жыл бойы білім саласында еңбек еткен ұстаз ретінде Президентіміздің әр Жолдауында оқу-ағарту ісіне, өскелең ұрпақтың болашағына айрықша көңіл бөлетіні мені әрдайым қуантады.
Бұл жолы Мемлекет басшысы құрылыс саласын дамытуға баса мән бере отырып, әрбір өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының қажеттілігіне кешенді талдау жүргізу керек екенін ерекше атады. Бұл өте уақытылы әрі стратегиялық тұрғыдан дұрыс көтерілген бастама деп білемін. Өйткені елімізде демографиялық өсім жыл сайын артып келеді, осыған орай балаларымыз үшін заманауи білім беру мекемелеріне деген сұраныс та еселеп өсуде. Сондықтан биыл құрылыс саласына берілетін басымдық аясында, ең алдымен, жаңа мектептердің құрылысын қарқынды жүргізіп, олардың санын айтарлықтай көбейту қажет деп есептеймін. Кешенді талдау арқылы ғимараттардың қай өңірге көбірек қажет екенін нақты анықтап, қаражатты тиімді жұмсауға мүмкіндік туады. Бұған қоса Мемлекет басшысы, атап өткендей, алдағы бірнеше жылда жаңа автожолдар, өнеркәсіп және энергетика нысандары, теміржолдар, көпірлер, инженерлік желілер, гидротехникалық нысандар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және мәдениет ошақтары салынатыны қуантады.
Сапалы инфрақұрылым мен заманауи мектептер – бұл біздің балаларымыздың жарқын болашағы мен еліміздің дамуына қосылған ең үлкен инвестиция.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың құрылысына айрықша тоқталды. Президент өңірлерде заманауи перинаталдық орталықтар мен көпбейінді ауруханалар салуды, сондай-ақ қолданыстағы ескі медициналық нысандарға ауқымды реновация жүргізуді тапсырды. Оның ішінде ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында бой көтеретін көпбейінді балалар ауруханасын салу керек екені де айтылды. Бұл – тамаша жаңалық. Халқы тығыз орналасқан Қарасай ауданы үшін мектеп пен аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың көбеюі – ең маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі.

