Ауданымызда әлеуметтік жағдайды жақсарту, отбасылық құндылықтарды ұлықтау және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету бағытында белсенді қызмет атқарып келе жатқан іргелі мекемелердің бірі – «Отбасын қолдау орталығы». Аталған орталық құрылған күннен бастап қарасайлық көп балалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың және балалардың мүддесін қорғап, оларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетіп келеді.
Тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, әрбір мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп жүрген бұл мекеме жақында ғана өз жұмысын сапалы әрі ауқымды деңгейде жалғастыру мақсатында жаңа ғимаратқа қоныс аударған болатын. Есігін айқара ашқан жаңа нысанның мүмкіндіктерін таныстыру және өзара іс-қимылды күшейту мақсатында өткен аптаның жұмасында орталықта «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Шараға аудандық деңгейдегі серіктес мекемелер мен сала мамандары қатысып, маңызды мәселелерді ортаға салды.
Орталық басшысы Елена Константинованың айтуынша, мұндай кең әрі заманауи нысанға көшу ұжымның алдағы жоспарларын жүзеге асыруға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге кең жол ашады. Жаңа ғимарат ішінде келушілерді қабылдауға барлық қолайлы жағдай жасалған. Мұнда балалардың ойын бұрышымен жабдықталған арнайы психолог кабинеті, әртүрлі өмірлік тығырыққа тірелген азаматтарға жеке кеңес беретін заңгерлер мен мамандардың жұмыс бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар түрлі алқалы жиындар, семинарлар мен дөңгелек үстел отырыстарын өткізуге арналған жайлы конференция залы да қарастырылған.
Орталықтың тағы бір ерекшелігі – Қонаев қаласындағы облыстық дағдарыс орталығына жіберілетін отбасыларға арналған уақытша күту бөлмесінің болуы. Бұл кеңістік тұрмыстық техникалармен, атап айтқанда, тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, жайлы төсек-орын және балалардың уақытты қызықты өткізуіне арналған ойын жабдықтарымен толық қамтылған. Осының арқасында көмекке мұқтаж жандар өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезіне алады.
– Ағымдағы жылдың шілде айының үшінші жұлдызында Алматы облысы бойынша «Отбасын қолдау орталықтары» бастамасының аясында ортақ «Ашық есік күні» өтті. Бұл ауқымды шара біздің аудандық орталықта да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мекемеміздің жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты, біздің негізгі мақсатымыз – қызмет алушыларымыз мен серіктес ұйымдарды жаңа мекенжайымызбен, орталықтың кеңейтілген мүмкіндіктерімен таныстыру болды. Жаңа нысанның орналасқан жері өте қолайлы. Жанымызда қиын жағдайға тап болған отбасыларға тікелей қолдау көрсететін бірнеше маңызды мемлекеттік органдар шоғырланған. Сонымен қатар бұл аймаққа келіп-кету тұрғындар үшін қиындық тудырмайды, өйткені мұнда көптеген қоғамдық көлік бағыттары қатынайды, – деп атап өтті Елена Владимировна.
Шараның маңыздылығы тек жаңа ғимаратты таныстырумен шектелген жоқ. Кездесу аясында орталық мамандары, әлеуметтік қызметкерлер, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері, жеке сот орындаушылары, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ мамандары, «Ана үйі» қоғамдық қоры мен заң кеңесшілері палатасының өкілдері бір үстел басында бас қосты. Мұндай кең ауқымды құрамдағы кездесу көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсету барысында туындайтын өзекті мәселелер мен күнделікті жұмыста кездесетін кедергілерді ашық талқылауға мүмкіндік берді. Әр саланың білікті мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, қордаланған түйткілді сұрақтарды шешудің ең оңтайлы, тиімді және кешенді жолдарын қарастырды.
Орталық жетекшісі мәлімдегендей, шараның ең мазмұнды бөлігі жан-жақты талқылауға ұласқан дөңгелек үстел отырысы болды. Жиын барысында әрбір ауылдық округ әкімдіктерінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер өздерінің күнделікті тәжірибесінде жиі ұшырасатын өзекті мәселелерді көтерді. Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдардың басым бөлігі тікелей әлеуметтік қызметкерлердің заңды құзыретіне кірмейтіндігі белгілі болып отыр.
Мәселен, азаматтар баласына алимент төлемей жатқан жауапсыз ата-аналардан қаражат өндіру, жеке тұлғалардың банкроттық жариялау тәртібі, сондай-ақ «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй бағдарламаларына қатысу шарттары мен қажетті құжаттар тізімін анықтау, тіпті атаулы әлеуметтік көмек алу секілді алуан түрлі мәселелер бойынша әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жиі жүгінеді. Тұрғындар осы сұрақтардың барлығына сала мамандарынан нақты шешім мен құқықтық қолдау күтетіндіктен, әлеуметтік қызметкерлер үшін өзге де мемлекеттік мекемелермен бірлескен, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс тетігін қалыптастырудың маңызы зор. Осы ретте, жиынға арнайы келген сала мамандары өзекті сұрақтарға қатысты маңызды ақпараттарымен бөлісіп, құнды кеңестерін берді.
Нақтырақ айтқанда, Алматы облыстық соты өкілінің мәлімдеуінше, алимент мәселесі бүгінгі күні Алматы облысында күрделі әрі әлеуметтік ахуалға тікелей әсер етіп отырған түйткілдердің бірі болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың өзінде облыс көлемінде алимент төлеуге қатысты 300 іс қаралса, соның ішінде міндетінен қасақана жалтарған 26 ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мәселенің негізгі төркіні көбіне ата-аналардың заңды төлемнен саналы түрде жалтаруында немесе баласына бөлінетін қаражатты азайту мақсатында өздерінің айлық табысын төмендетіп көрсетуінде болып отыр. Осы тұста тұрғындардың біразы құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, алимент төлемеудің немесе шынайы жалақыны жасырудың заң алдындағы салдары қандай ауыр болатынын жеткізіп, сондай-ақ алименттен қашу үшін ресми жұмыс істеуден бас тартудың еш қисыны болмайтынын ескерту қажет екенін жеткізді. Өйткені, заң жүзінде алимент уақытылы төленбеген жағдайда борышкердің тек жалақылық шотына тек шектеу қойылады, ал оның зейнеткерлік және мемлекеттік жәрдемақылық шоттарына бұғаттау қойылмайды. Демек, тұрғындарға ресми жұмыспен қамтылудан жалтақтаудың ешқандай негізі жоқтығын жеткізу маңызды екенін сөз етті.
Сонымен қатар сот өкілі өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін де ашық айтты. Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша бар-жоғы 150 сот орындаушысы ғана еңбек етеді. Салыстырмалы түрде алсақ, бір маманның мойнына жылына 7-8 мыңға жуық іс жүктеледі екен. Атқарушылық өндірістің мұндай шамадан тыс жүктемесі сот үкімдері мен шешімдерін аяғына дейін сапалы әрі жедел іске асыру барысында айтарлықтай қиындықтар тудыратыны жасырын емес.
Өз кезегінде «Отбасы банк» акционерлік қоғамының өкілі қазіргі уақытта мемлекет тарапынан іске асырылып жатқан қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігіне тоқталып, баспаналы болу үшін үміткерлерге қойылатын талаптар, қажетті санаттар мен құжаттар тізімі жайлы толық мағлұмат берді.
Мұнан бөлек, мазмұнды кездесу аясында әлеуметтік қызметкерлер тарапынан қойылған заңнамалық сұрақтарға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары мен Заң кеңесшілері палатасының өкілдері заң шеңберінде тұщымды жауаптар беріп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеудің бағыттарын айқындады.
Шараны ұйымдастырушы, аталған орталықтың басшысы Елена Константинованың айтуынша, мұндай бірлескен жұмыс алдағы уақытта әрбір отбасының мәселесін оңай әрі жедел шешуге үлкен септігін тигізеді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

