Қаскелең қаласының Абылай хан көшесінің бойындағы аудандық Полиция басқармасы мен автобекеттің маңы соңғы уақытта гүлмен көрікті көрініске айналып, ерекше әсемделуде. Орталық көшемен өткенде еріксіз көзге түсетін бұл әдемілікті бұрын соңды байқамағандықтан, ол жұмыстардың барысына қызығушылық танытып көрдік.
Белгілі болғандай, шаһарды көріктендіру ісін Қаскелең қаласы әкімдігі қолға алған екен. Мемлекетік мекеменің мәліметіне сүйенсек, биылғы гүл көшеттерін отырғызуға «ЖК Энерго Мир» деп аталатын мердігер мекеме жауапты.
Аталған компания қала аумағының тиісті жерлеріне жалпы көлемі 12 000 дана гүл егуі тиіс. Қазіргі таңда оның 8 мыңы отырғызылған. Қалған егу жұмыстары алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Сонымен қатар, мердігер мекеме егілген гүлдерді күз мезгіліне дейін тұрақты түрде күтіп-баптау жұмыстарымен де айналысады.
Өз тілшіміз.

