Өткен аптаның жексенбісі күні ауданға қарасты Жандосов ауылдық округінде әкімнің сайлауы болған еді. Маңызды саяси науқанға округ тұрғындары белсенділік танытып, таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру нәтижесіне сүйенсек, халықтың сеніміне 2022 жылдан бері аталған округті басқарып келген Алмас Жамбауов ие болды.
Осылайша, Алмас Жамбауов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 36-бабының 4-тармағына сәйкес 2026 жылдың 28 сәуірінен бастап аудан әкімінің №15 өкімімен Жандосов ауылдық округінің әкімі лауазымына қайта тағайындалды.
Осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек қайта сайланған әкімге қолдау білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын табады деген сенімін білдірді. Аудан орынбасарынан кейін жиынға қатысқан ақсақалдар да сөз сөйлеп, жас басшының округтің өркендеуіне үлкен үлес қосатындығына сенім білдіріп, ақ баталарын берді.
Айта кетейік, Алмас Ғалымжанұлы 1992 жылы 3 қазанда Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданындағы Жанашар ауылында дүниеге келген.
2010 жылы Қаскелең қаласындағы С.Керімбеков атындағы орта мектепті аяқтап, Алматы қаласында орналасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскен. 2014 жылы аталған білім ордасын «құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, сол жылы оқуын әрі қарай жалғастырып, 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 2017 жылы Жандосов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде бастаған. 2019 жылдың маусым айынан бастап 2022 жылға дейін Жібек жолы ауылдық округі әкімі аппаратында әкімнің орынбасары болып жұмыс істеді.
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жандосов ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

