Бүгінде Қазақстан – өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, Мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар ел. Бұл, әрине, осыдан 34 жыл бұрын қол жеткізген тәуелсіздігіміздің арқасы. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл сәт көрінбей өткенімен, 34 жылдың ішінде аяққа енді тұра бастаған мемлекетіміз бірнеше өтпелі кезеңді бастан кешірді. Кеңес үкіметінің құрған жүйесімен өмір сүруге үйреніп қалған халық нарықтық экономикаға бейімделе алмай, біраз қиындық көрді. Жұмыссыздық белең алып, әлеуметтік-экономикалық күйреу, дағдарыс басталды. Істеп тұрған үлкен-кіші өндірістер тарап кетті. Десе де, қазақ елі өркендеуде өз жолын таба біліп, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге кірісті. Осылайша ақырындап жағдай түзеліп, елдің еңсесі көтерілді.
Бүгінгі мақаламызда біз осы алмағайып сәтті өз көзімен көріп, оны шеттей бақылап қана қоймай, елдің дамып, бүгінгі қалпына дейін көтерілуіне үлкен үлесін қосқан азамат жайлы айтатын боламыз. Кейіпкеріміздің аты-жөні – Тутадзе Хайруддин Кәрімұлы. Биыл жасы 84-ке келген құрметті ақсақал Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округінің тұрғыны, өніп-өскен әулеттің ақылшысы әрі қамқоршысы, ауылдың қадірменді қариясы. Ұлты түрік болғанымен қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, жеріне аса құрметпен, сүйіспеншілікпен қарайтын Хайруддин ақсақалдың өмірі құрылыс саласына байланысты болған. Алматы қаласы мен Қарасай жеріндегі бірқатар нысандардың бой көтеруіне атсалысқан. Бүгінде оның жолын балалары мен немерелері жалғастыруда. Сондықтан болар оның басқарып отырған шаңырағын халық «құрылысшылар әулеті» деп атап кеткен.
Жалпы Хайруддин атамыз жайлы айтатын болсақ, ол 1941 жылы әсем табиғатымен, таулы аймақтарымен танымал Грузия мемлекетінде дүниеге келген. Нақтырақ айтқанда, елдің оңтүстігіндегі Месхети атты тарихи аймақтың аумағында орналасқан Аспиндза ауданындағы Толоши ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Қарияның өмір есігін ашқан жылына қарап-ақ оның біраз қиын сәттерді бастан кешіргенін түсінуге болады. Ал өз өмірі жайлы бөліскен естеліктерін ести отырып, жүрегінде ауыр із қалдырған сол сәттердің жарасы әлі де жазылмағаны байқалады.
Бәріне белгілі өткен ғасырда Кеңес үкметі қарамағында болған елдердің басына ауыр қайғы мен ауыртпалық әкелген Ұлы Отан соғысының зардабы үлкен еді. Ел басына түскен ауыртпалықты тек майданға аттанғандар ғана емес, сондай-ақ тылда қалғандар да сезінді. Аштық пен жоқшылық, балалардың еңбекке ерте араласуы сол кезеңдегі өмірдің шынайы көрінісі болды. Әсіресе, соғыс өрті балаларға ауыр тиді, олардың көбі әке-шешесінен, жақындарынан айырылып, жетімнің күйін кешті. Біз әңгімелеп отырған Хайруддин атамыз да солардың бірі. Кейіпкеріміздің әкесі Кәрім Шахпандарұлы 1941 жылы көптеген ер азаматтар секілді әскер қатарына қосылып, соғысқа аттанған. Алайда арада бір жыл өткен соң майданда қаза тапқан. Бұл Тутадзе әулеті үшін ауыр соққы болды.
1944 жыл бір мүшесінен айырылып, енді ғана есін жия бастаған отбасы басына тағы бір қиындық әкелді. Сол жылдары Грузия мемлекетінің жүргізген қате саясатының нәтижесінде Тутадзе әулеті өзге елдерде де қудаланып жатқан бірқатар басқа ұлт өкілдері секілді Қазақстанға жер аударылды. Сөйтіп, 4 жасқа енді толар шағында Хайруддин Тутадзе апасы Ажар, анасы Инжи, ағасы Нәтіп, әпкесі Билормен шекара асып, қазақ жеріне нақты айтқанда, Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданына қарасты «Путь Ильича» (қазіргі Көксай) ауылына қоныс аударды. Дүние-мүлкі сонау Грузия елінде қалып, болып жатқан жағдайдан абдырап, не істерін білмеген отбасыға сол кездері ауылда беделі асып тұрған Мәлібек Атшабаров деген азамат қол ұшын созған. Ол Тутадзе әулетін жаңа жерге қоныстануға көмектесіп, кейінгі кезде де барынша өзінің қамқорлығын көрсетіп отырған. Мәлібек атаның осы жақсы ісі, адамдарды діни көзқарастарына ұлтына бөлмей, әркезде бауырмашылдық танытқаны Хайруддин ағамыздың жүрегінен ерекше орын тапты. Сондықтан болар ол Мәлібек атаны әкесі секілді сыйлап, оның балаларын туғанындай бағалап, жақын тартып келеді.
– Қазақ халқында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Оның терең мағынасы мен даналығы бар. Мәлібек Атшабаров жайлы айтқанда осы сөздер ойыма жиі келеді. Ол кісінің менің отбасыма, маған жасаған жақсылығы тым көп.
Қоныстанған жылдар жайлы апамнан, анамнан, ағамнан, әпкемнен жиі еститінмін. Сол кездердегі жағдайдың құрбаны болған отбасым біраз қиындықты көрді. Әрине, бірнеше күннің ішінде кенеттен туған жерден айдалаға айдалып кету оңай емес қой! Бірден жаңа елге, жаңа ортаға, өзге тілге үйренісу, өз орнынды табу әркезде де қиын. Осындай сәтте өзге ұлтты отбасынан теріс бұрылмай, қамқорлығына алған Мәлібек қарияның жақсылығын еш ұмытпаймыз. Сондықтан қанша жыл өтсе де Мәлібек ақсақалға айтар алғысым шексіз, – деді сол бір қиын-қыстау кезеңді есіне алған Хайруддин атамыз.
Кейіпкеріміздің жасөспірімдік шағы да біраз сүреңсіз сәттерге толы болған. Бұл, әрине, сол кездері елде орын алған ауыртпашылықпен байланысты болған. Хайруддин атамыз мектеп табалдырығын 1957 жылы аттаған. Өзімен қатарлас балалар секілді білім алу үшін ол тұрып жатқан Көксай ауылынан көршілес жатқан Райымбек ауылдық округіндегі Абай ауылына қатынаған. Себебі оған жақын мектеп жетіжылдық Абай ауылының орта мектебі еді. Көршілес болғанымен екі араның арақашықтығы 8 шақырым еді. Амал жоқ, білім алу үшін жас кейіпкеріміз мектепке жаяу барып, жаяу қайтқан. Ал сабаққа уақытылы үлгеру үшін таңмен таласа бірге тұруға мәжбүр болған. Мұндай жағдай қыс мезгілінде қалай болғанын елестету қиын. Бірақ үйдегілердің қолдауымен, өзінің оқуға деген ынтасының арқасында бұл кезеңнен де сүрінбей өткен.
Жеті жылдан кейін күнделікті 16 шақырымды артта қалдырып, Хайруддин ағамыз өзі біраз уақыт қызығып жүрген Алматы шаһарындағы құрылыс техникумына оқуға түсуге бел буды. Жас жігіттің жолы болып, оқуға түсті. Онда өзінің болашақ мамандығымен жақынырақ танысып, қажетті алғашқы ақпаратты алып, сала таңдауда шатаспағанын, дұрыс жолмен жүріп кел жатқанын түсінді. Техникумды ойдағыдай аяқтаған ол алған білімін одан әрі жетілдіру үшін Мәскеуде орналасқан Бүкілодақтық құрылыс институтына түсуді ұйғарды. Бұл кезде де оның жолы болып институттың құрылысшы-инженер факультетінде оқыды. Жас студенттің ақылын, ынтасын байқаған айналасындағылар оған Мәскеуде қалып, жұмыс істеуді ұсынды. Алайда өз болашағын Қазақстанда ғана көрген ол оқу аяқтаған соң, еліне оралды.
Институтта алған білімін тәжірибемен ұштастыру үшін Алматы қаласында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшылар тобына қосылды. Алғашқы жылдары құрылысшы, шебер, прораб кейіннен инженер болып жұмыс істеген.
Прораб болған кезінде қала аумағына кіретін Алатау ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізген. Таудың басынан ауылға дейін алты шақырымдық құбыр тартып, халыққа ауыз суды қолжетімді еткен.
Осындай жұмысты ол Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген ауылдық округінде де жүргізуге көмектескен. Яғни Түрген мен оның маңындағы ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалау институты таудан өтетін 10 шақырымдық құбырды тарту туралы жоба дайындаған. Онымен жақынырақ танысқан Хайруддин атамыз «таудың өзінен құбыр тарту көп қаражатты және күшті талап ететінін түсіндіріп, одан да оны осы маңда орналасқан Форель фермасы жанындағы тасжолдың бойымен жүргізіп әкелу керек деп» ақылымен бөліскен. Жобамен танысуға келген депутат пен институт мамандары ағаның сөзіне құлақ асып, оның тиімді шешім екенін мойындап, жұмыстарды сол бағытта жүргізді.
Жастайынан әжесінің тәрбиесін көрген Хайруддин қай лауазымда болмасын әрнәрсеге аса мән беріп, істеген ісіне жауапкершілікпен қарап, жұмысын тиянақты орындаған. Айналасындағылармен ұрыспай, кез келген мәселені сөзбен, ақылмен шешуге тырысқан. Осындай қасиеттерінің арқасында болар ол арада көп уақыт өтпей, сол кездегі Құрылыс министрі Ержановтың назарына ілініп, «Абайская СПМК» деп аталған үлкен құрылыс фирмасының басшысы болып тағайындалды. Сол сәттен ағамыз үлкен шаһарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына белсене араласа бастады.
Басшы ретінде оның алғашқы жұмысы Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясының төрт үйін және Дінмұхамед Қонаевқа арнап қойылған ескерткіш бюсттың артындағы және қарсы беттегі көпқабатты үйлерді тұрғызудан басталған. Оған бұл жұмысты тапсырғанда аталған үйлерде жоғары лауазымды, зиялы қауым мүшелері тұрады деп жоспарланғандықтан, жобасы өзге нысандардан ерекше болуы керек деген талап қойған. Жаңа жұмысына үлкен ынтамен келген ол берілген тапсырмаға байыппен қарап, бәрін жан-жақты ойластыруға тырысқан. Нәтижесінде діттегеніне жетіп, оған артылған сенімді абыроймен ақтап шықты. Алғашқы жұмысы жақсы нәтиже көрсеткен соң ағамыздың өзіне деген сенімі артып, жаңа бастамаларға деген күш-жігері пайда болды. Ол кісінің басшылығымен салынған нысандардың бірі – бүгінде көпке танымал «Арасан» моншасы. Оның командасы монша салу тарихында кездесе бермейтін шығыс, орыс және фин моншаларын бір кешенде біріктіріп, шығыс сәулет өнері үлгісінде жобаланған нысанның құрылысын ойдағыдай аяқтады. Бұл сынақтан да сүрінбей шыққан Хайруддин Кәрімұлының абыройы арта түсті.
1975 жылы желтоқсан айының бесі күні Жамбыл ауданында 1910 жылы салынған «Қарғалы мата» фабрикасының маңындағы үйлерде қызмет көрсететін компанияның дұрыс жұмыс істемегендігінен, жылу өшіп қалған. Халықтың барлығы Кеңес Конституциясы күнін тойлап жатқанда Хайруддин ағамыздың жұмысшылары сол жаққа барып, тоқтамай үш ауысыммен істеп жүріп, бәрін ретке келтіріп, үйлерге жылу жіберген.
Бұдан бөлек сол кездері Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағын құрылыс жұмыстарын жүргізіп жүрген өзге фирмалармен бірлесе, 50-ден астам мектептің тұрғызылуына атсалысты. Бұл сол кездері елімізде білім саласының дамуы үшін есте қаларлықтай жасалған ауқымды жұмыс еді. Хайруддин Кәрімұлы басқарған фирманың мұнан басқа да қолтаңбаларын қалдырған құрылыс нысандары жетерлік. Біраз жылдың ішінде олар ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарып үлгерген.
Бұл, әрине, Алматы қаласына ғана байланысты емес. Оның өзінің ауданына да сіңірген еңбегі жетерлік. Өзінің туған жеріндей көретін Қаскелең ауданында қазір марқұм болып кеткен Серік Донбаевтай іскер азаматпен бірлесіп, оның «Дәулет-Серпін» деп аталған фирмасымен үш мектептің құрылысын жүргізіп берді. Бұған қоса 1983 жылы Қаскелеңде орналасқан Мәдениет үйінің ғимаратында сол кездері Қазақстан Коммунистік партиясының орталық комитетінің хатшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен партия конференциясы өтеді деп жоспарланған. Алайда о баста дұрыс салынбаған нысанның іші өте суық, адамдар сырт киімдермен отыратындай болған. Осыған байланысты аудан басшылығы Хайруддин атамыздан көмек сұрапты. Өзінің ауданы болғандықтан, оның үстіне көмек сұрағандардың қолын қайтара алмайтын ол өтінішті қабылдап, командасын жұмысқа тартыпты. Жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп, Мәдениет үйінің ғимараты конференция өткізілер уақытқа дейін дайын болды. Бұдан бөлек те Хайруддин Кәрімұлының аудандағы бірқатар мектептер мен аурухана нысандарының тұрғызылуында айтарлықтай үлесі бар.
Әрине, кез келген жұмыс жақсы жүру үшін оған жауапты жұмысшылар жақсы болуы керек екені анық. Сондай-ақ ол жұмысшыларды басқарып, бағыттап отыратын басшыға да байланысты. Басшылыққа келгенде Хайруддин Тутадзе жайлы қол астындағылар тек жақсы сөздермен ғана есіне алады. Себебі ол кісі өз жұмысшыларына бірінші кезекте адамгершілік көзқараспен қарап, барынша жағдайларын жасауға тырысқан. Тіпті, қоластындағы Алматы қаласы мен Алматы облысында тұратын құрылысшыларын саяжайлар учаскелерімен тегін қамтамасыз еткен. Оның бұл жақсылығы сол кездері игі іс ретінде күллі Қазақстанға белгілі болған еді. Хайруддин Кәрімұлының беделі одан самайын артып, халық арасында мақтан тұтарлық іс атқарған азамат ретінде кеңінен тарады.
Кейіпкеріміз сол кездері Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевпен де кездесіп, біраз жұмыстың басы-қасында болған. Атқарылып жатқан жұмысты бақылауға келетін Дінмұхамед Ахметұлының қасында жүріп, білікті құрылысшы ретінде салынып жатқан нысандар жайлы ойын айтып, кеңесімен бөліскен. Жұмысы жайлы көппен бөлісе бермейтін ағамыздың бұл жағы тек біраз жылдар өткен соң ғана белгілі болды.
Құрылыс саласында жүріп, көпті көріп, біраз адамдармен танысқан. Соның бірі – сол жылдары Алматы қаласындағы «Триада» фирмасының директоры Шәріп Каримов. Ол кісінің де Қазақстанның құрылыс саласына қосқан еңбегі зор. Мәселен, ол басқарған компания №1, №7 қалалық ауруханаларын, ҚР-ның Ұлттық музейінің құрлысын жүргізген, бас қаламыз Астанада орналасқан Ұлттық банкті қайта жаңғыртқан.
Міне, осындай іскер азаматпен дос болған Хайруддин атамыз оның фирмасымен бірігіп, біраз мектептер мен ауруханалар құрылысын жүргізген екен. Әңгіме барысында ол кісі жайында жылулықпен, үлкен мақтанышпен еске алғандығына қарап-ақ екі азаматтың достығы берік болғанын байқадық.
– Шәріп Каримовпен жұмыс барысында таныстым. Саламыз бір болғандықтан, кейіннен әңгімеміз жарасып, дос болып кеттік. Уақыт өтіп, зейнет жасына жақындасақ та құрылыс саласына деген қызығушылығымыз азаймады. Басымыз қосылған сайын айтатынымыз құрылыс еді. Тіпті, елімізде жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде аталып өтетін құрылысшы мамандары мерекесінде екеуіміз Алматы қаласына шығып, тұрғызылуына атсалысқан нысандарды жаяу аралап, өткенді еске алуды дәстүр қылып алғанбыз. Мұндай серуеніміз 5-6 сағатқа дейін созылатын.
Шәріп досым өте тамаша адам еді. Тек жұмыста ғана емес, өмірде де адамгершілгі мол, ақ көңілді жан еді, – деп Хайруддин атамыз біраз жолды бірге жүріп өткен досы жайлы есіне алды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейіпкеріміздің еңбегі, жеткен жетістігі әркезде ескерілген. Жай Алғыс хаттары мен грамоталардан бөлек ол кісі «Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің» медалі мен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бұл бізге белгілі болған марапаттарының біразы ғана.
Өмір арнасында өз жолын салған Хайруддин Тутадзе бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал өткен-кеткен тарихтан сыр шерткенде, өзі еңбек еткен салалардың жілігін шағып, майын ішкен майталман екенін ұдайы аңғартады. Дос-жаран мен туған-туыс, ел-жұрт алдында абыройы асқақ, еңсесі тік. Қандай жауапты қызметте болса да «құрылысшы» мамандығына адал бола білді. Бүгінде оның жолын баласы мен немересі жалғастыруда.
Хайруддин ағамыздың Құдай қосқан жары Щуша Тутадзе екеуі Айваз, Али, Ләйле есімді үш перзентіне өнегелі тәрбие берді. Өкінішке орай, осыдан 26 жыл бұрын Щуша апамыз өмірден озды. Серігінен айырылса да, атамыз қолын түсірмей ұлдарын ұяға, қызын қияға қондыра алды. Қазір сол ұл-қызынан бес немере сүйіп отырған бақытты ата атанды. Шаттығы жарасқан үлгілі отбасында тәрбиеленген ұрпақтарының әрқайсысы – өмірде өз орындарын тапқан жандар.
Бүгінде әке жолын кіші ұлы 1968 жылы туған Али Хайруддинұлы жалғастыруда. Оның «Tut-Құрылыс» атты компаниясы бар. Әкесі секілді құрылысшы-инженер ретінде жұмыс істеуде. Оның ұлы Фариз Хайрудинов та атасы мен әкесін үлгі етіп, болашағын құрылыс саласымен байланыстырған. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы KazGASA-да «инженер» мамандығы бойынша білім алған. Құрылыс компанияда директордың орынбасары болып жұмыс істеуде. Қазір ол емхана, мектеп, аурухана құрылыстарына белсенді атсалысуда.
– 1944 жылы Көксайға жер аударылып келдік. Содан бері осы ауылда қазақтардың арасында өзара ынтымақтастықта өмір сүріп келеміз. Меніңше, кез келген адам үшін алдымен туған жері, содан кейін өмір сүріп жатқан жері ыстық. Қарасай бүгінде менің кіші Отаныма айналды. Бұл жерде тұрып жатқаныма 80 жылдан асты. Осы уақыт аралығында аудан ақырындап жаңаша кейіпке еніп, көркеюде. Бүгінде бұл мұнда 350 мыңға жуық халық тұрады. Оның ішінде, әрине, өзге ұлт өкілдері де бар. Олар өзара бірлікте өмір сүріп жатыр.
Ал Қазақстан – бұл біздің ортақ үйіміз, киелі мекеніміз. Мен осындай бейбіт, ынтымағы жарасқан елде тұрғанымды мақтан етемін. Бұл жерге, қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Себебі біз секілді айдалған ұлт өкілдері үшін ортақ Отаны да, тағдыры да осы жерде!, – деді сөз соңында Хайруддин Кәрімұлы.
Бетті дайындаған
Ақтоты Мырзабекқызы.

