Аптаның сәрсенбісі күні Ұмтыл ауылдық округінде Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің тұрғындармен кезекті есептік кездесуі өтті. Алқалы жиынға тиісті аудандық бөлім басшылары, дербес мекеме өкілдері, көптеген ауыл белсенділері қатысты. Күн тәртібінде округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту және халықты толғандырған өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Әдеттегідей, басқосуда аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы алдымен жалпы Қарасай жерін өркендету бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Сондай-ақ алдағы кезеңге межеленген мақсат-міндеттерді саралап, соның ішінде Ұмтыл ауылдық округіндегі атқарылған істер мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-жапсарын егжей-тегжейлі баяндады.
Аудан әкімінің келтірген ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінде Ұмтыл ауылдық округінде халық саны өсіп, 22 мыңға жуықтаған. Тұрғындар санының өсуімен бірге елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту қажеттілігі де арта түсетіні белгілі. Осы орайда ауылдағы ең өзекті мәселе болып саналатын ауыз су жүйелерін реттеу бағытында пәрменді шаралар қабылданған. Мәселен, Жалпақсай ауылының Бекдаир көшесіндегі тозығы жеткен 1,5 шақырым ескі су құбыры толықтай жаңартылып, тұрғындар игілігіне берілді. Оған қоса Көлді ауылының Достық, Болашақ, Наурыз, Бәйтерек және Теректі көшелерінде жалпы ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын су желілері ауыстырылды. Аудан басшысы бұл түйткілді мәселе алдағы уақытта да аудандық бюджет есебінен біртіндеп, кезең-кезеңімен толық шешімін табатынын жеткізді.
Ауылды көркейту мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көшелерді жарықтандыру мен электр қуатының үздіксіз берілуі аса маңызды. Округтегі энергия тапшылығын шешу мақсатында Көлді ауылында қолданыстағы электр станциясын заманауи үлгіде жаңғырту жоспарланған. Жалпы 2026 жылы аудан бойынша 16 елді мекеннің 36 көшесін, яғни ұзындығы 30,2 шақырым болатын аумақты жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл игі істің шарапаты Ұмтыл округіне де тиіп жатыр. Бүгінгі таңда Алмалыбақ ауылының Жазылбеков (800 метр) және Тасбөгет (850 метр) көшелеріне, сондай-ақ Жалпақсай ауылының Тлеміс көшесіне (990 метр) жарық бағандары толық орнатылды. Қазіргі уақытта Алмалыбақ ауылының Жазылбеков көшесіне түнгі жарық шамдар орнатылса, қалған көшелердегі жарықтандыру жүйесі таяу күндері қосылады деп күтілуде.
Жол инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылы округ бойынша үш елді мекеннің ішкі жолдары жөнделді. Ашып айтсақ, Алмалыбақ ауылындағы Үшқайың, Бөлтірік би, 21-квартал, Жалпақсай ауылындағы Керімбеков, сондай-ақ Көлді ауылындағы Балдәурен және Көктерек көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Мұнымен қоса жақында Алмалыбақ ауылындағы Д.Қонаев атындағы саябақта да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, демалыс орны тұрғындар үшін жаңаша кейіпке енді.
Бүгінде округте шағын және орта кәсіпкерлікке кеңінен жол ашылып, жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда бұл округте 1343 кәсіпкерлік субъектісі ресми тіркеліп, 2243 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген азаматтар да аз емес. Мысалы, Ұмтыл ауылының тұрғыны Мейрамгүл Бижанова мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатын ұтып алып, қажетті заманауи технологиялық жабдықтар сатып алу арқылы физиотерапия және массаж кабинетін ашты. Ал Алмалыбақ ауылының тұрғыны Ардақ Саяхат бұл қаржыға арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, ұлттық нақыштағы 3D технологиясы арқылы пластикалық бұйымдар өндіру ісін сәтті қолға алды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында округ бойынша екі жобаға жалпы көлемі 17,8 млн теңге несие беріліп, кәсіпкерлер өз бизнесін дөңгелетуде. Сондай-ақ аталған жоба арқылы өндірісті өркендету бағытында «Шебер Furniture» (жиһаз өндіру цехы) және «ТМК Панорама» (пластикалық есік-терезе өндірісі) атты екі өндірістік кооператив құрылып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Одан бөлек ағымдағы жылдың қыркүйек айында Көлді ауылында «Kyzyr Group» ЖШС түсті металдарды (мыс, алюминий, мырыш) қабылдау және өңдеу зауытын іске қосты. Бұл кәсіпорын бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отырса, алдағы уақытта өндірістік қуатты арттыру арқылы қосымша 120 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
Әкімнің есебінен кейін сөз кезегі округ тұрғындарына берілді. Ауыл халқы тарапынан көтерілген ең өзекті мәселе – ауыз су жүйесінің сапасы мен қысымы. Бұл ретте аудан әкімі жұмыстардың жүйелі түрде жүріп жатқанын, баяндамада айтылғандай Жалпақсай мен Көлді ауылдарындағы құбырларды ауыстыру кезең-кезеңімен аяқталып, қалған мәселелер де бюджет мүмкіндігіне қарай шешілетінін баса айтты. Сонымен бірге тұрғындар таяуда қалпына келтірілген Алмалыбақ ауылындағы Д.Қонаев атындағы саябақтың ескі автоматты суару жүйесін жөндеп, іске қосуды өтінді. Аудан әкімі бұл мәселені қараша айында нақтыланатын аудандық бюджетке енгізуді округ әкіміне тікелей тапсырды.
Жиында ауылдағы бос тұрған стадионның жағдайы да қызу талқыланды. Аудан басшысы бұл нысанның үнемі назарда тұрғанын жеткізді. Осыдан жарты жыл бұрын бұл аумаққа «Қайрат» футбол клубының өкілдері шақырылып, алаңды ретке келтіру бойынша тиісті келіссөздер жүргізілгенін айтты. Алайда аталған аймақта мектеп жасындағы балалар саны аз болғандықтан, клуб бұл жобадан бас тартқан. Сондықтан әкімдік стадионды жаңартып, заманауи спорт алаңын ашуға ниетті жеке кәсіпкерлерді тарту бағытында жұмыс істеуде. Егер кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс болмаса, әкімдік бюджет есебінен жаңа жоба жасап, жаңғырту жұмыстарын өз мойнына алады.
Кездесуде денсаулық сақтау саласы да кеңінен сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, округтегі істеп тұрған дәрігерлік амбулатория ғимараттары өте тар, науқастардың ем алуына ыңғайсыз. Күрделірек ауру белгілері байқалса, орталық ауруханаға баруға мәжбүр, бұл әсіресе қарт кісілерге үлкен салмақ түсіреді. Мәселеге орай Жасұлан Тоққожаұлы ауданда қазіргі таңда іске асырылып жатқан ауқымды жобаларды жіпке тізді. Қазіргі уақытта аудандық көпбейінді орталық ауруханада күрделі жөндеу жүргізілуде, ол осы жылдың желтоқсанында аяқталады. Сонымен бірге алдағы уақытта Қаскелең қаласында заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталып, жұқпалы аурулар ауруханасын қайта жаңғырту жоспарланған. Жалпы аудан бойынша жалпы құны 34,0 млрд теңгені құрайтын 6 жаңа жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) әзірленген. Осы жобалар толық іске асырылғаннан кейін ғана басқа да жергілікті жаңа жобалар қолға алынбақ.
Жиында тұрғындар тарапынан инфрақұрылымға қатысты басқа да сұрақтар қойылды. Сондай-ақ осыдан үш жыл бұрын Қарасай ауданындағы барлық кәріз желілерін Үлкен Алматы каналына бағыттауға арналған ауқымды жобаның тағдыры туралы да сұралды. Аудан басшысы бұл бағытта Қарасай әкімдігі «Алматы Горканал» кәсіпорнынан Жәпек батыр аумағында желіге қосылуға қатысты техникалық шарттарды алғанын хабарлады. Қазіргі уақытта жобалау кезеңі басталып кетті, оны 4-5 айдың ішінде аяқтау жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, желі бағыты «Ж Қаскелең» мекемесінің коммуналдық желілері орналасқан Көлді және Мерей аумақтарынан басталып, Алматының жаңа құбыр желісі өтетін Іле ауданына дейін созылады. Аудан осы жүйеге қосылуды жоспарлап отыр. Жоба толық дайын болған соң, құрылыс жұмыстарына қажетті қаржыландыруды алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, кәріз мәселесі де шешімін таппақ.
Бұдан бөлек тұрғындар ауылдағы пошта ғимаратының әбден тозығы жеткенін жеткізіп, пошталық қызмет алудың қиындағанын айтты. Жасұлан Естенов бұл бұйымтай бойынша «Қазпошта» АҚ-ның республикалық филиалына ауылдағы тозығы жеткен пошта нысандарын ретке келтіру мен жаңарту қажеттігі туралы арнайы хабарлама жіберетінін мәлімдеді.
Жиын соңында ауыл халқы тарапынан жиі өшіп қалатын электр жарығы, қоршауды қажет ететін зират аумағы, қаңғыбас иттерді аулау және ішкі жолдарды жөндеу сияқты басқа да күнделікті тұрмыстық мәселелер көтерілді. Тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын мұқият тыңдаған аудан әкімі әрбір мәселені бақылауға алып, округ әкімі мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

