Күн мен түннің теңеліп, тіршілік біткеннің жаңадан оянатын тұсы болып есептелетін Наурызда ағаш отырғызуды ежелден халқымыз игі дәстүрге айналдырған болатын. Осы игі дәстүр биыл да ауданымызда өз жалғасын тауып, өткен аптада, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында және де Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Қаскелең қаласындағы Наурызбай батыр көшесінің бойына ағаштар отырғызылды.
Қала әкімі Асқар Мұқашев пен аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен және де аудандық мәслихат депутаттары Василий Тен, Атлана Исаева мен Елена Константинованың қолдауымен өткізілген шараға «TazaQala Betaplast» мекемесі мен таяуда Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің студенттерінен құрылған эко-волонтерлер белсенді түрде атсалысты.
– Қазақ халқына ғана емес, сондай-ақ, барша түркі елі үшін ең маңызды осынау бір керемет мерекеге орай біз ағаш отырғызу шарасын өткізуді жөн көрдік. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, ағаш егу бұл қазақ халқында атадан қалған мирас болып саналады. Бүгінгі шарамыз арқылы біз ұлтық мерекемізді атап өтіп қана қоймай, сондай-ақ, ауданымыздың тұрғындарын, әсіресе, жастарымызды өз туған жерлерін қадірлеп, оны аялап ұстауға шақырғымыз келді, – деді Асқар Өкенұлы.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанованың бастамасымен ауданымыздың көшелерін көгалдандыру мен абаттандыру мақсатында ұйымдастыралған акция барысында қатысушылардың барлығы топ-топқа бөлініп, Наурызбай батыр көшесінің бойына қарағай ағаштарын рет-ретімен отырғызды. Айта кетейік, шара аясында ауданымыздың орталығында жалпы 50 түп ағаштары егілетін болады. Сондай-ақ, дәл осы күні аталмыш көшеде ескі, қураған ағаштардан тазарту жұмыстары да жүргізілді.
Жалпы, осы игі шараны өткізу арқылы аудан тұрғындары Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне өздерінің құрметтерін білдіре отырып, ағаш бүршіктеп, төрт түлік мал төлдейтін, аң-құстың тұқымы өрбіп, ұлы табиғат жаңаратын жыл басы, көктем мерекесін атап өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.