Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің осы жылдың ІІ жартылдығы бойынша халық алдындағы есеп беру кездесуі Бірінші Май ауылдық округінде басталды. Қайнар ауылындағы «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» аймақтық филиалында өткен жиынға округке қарасты елді мекеннің тұрғындары қатысты.
Алдымен аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы Қарасай жерін дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды. Оның ішінде, әрине, Бірінші Май ауылдық округіне қатысты шаруалардың да жай-жапсары айтылды.
Халқы 11 мыңға жуықтаған аталмыш округте шағын және орта кәсіп бағыты жақсы дамып келеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда 361 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 700-дей адамды жұмыспен қамтып отыр. Осылайша аталған мекемелер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда.
Өткен жылы Бекболат ауылында электр жүйелері жаңғыртылды. Осындай нәтижелі жұмыстар ауданға қарасты 14 елді мекенде тағы жоспарланса, соның ішінде Қайнар ауылы да бар. Оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бюджеттің өтінімі берілген.
Көше келбетін жақсартқан жұмыстарды айтар болсақ, осы жылы Бекболат ауылындағы Бәрібаев, Жаңа ғасыр-1, Жаңа ғасыр-2 деп аталатын көшелер орташа жөнделді.
Сонымен қатар Бірінші Май ауылдық округінің ауыл шаруашылығы саласы да мемлекеттің қолдауымен дамуда. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасының шапағатын көрген үш жоба бар. Олардың екеуі мал шаруашылығымен айналысса, енді бірі таңқурай өсіру ісін ілгерілетуде.
Округте игерілмей жатқан жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылғаны бар. Нақты айтар болсақ, Бірінші Май ауылдық округінде осы уақытқа дейін 1686 га ауылшаруашылығына арналған жерлер анықталып, оның 1680-і қайта игерілген. Қалған 6 гектарды мемлекттің жер қорына қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Келешекте ауылдық округтің денсаулық сақтау саласында жақсы жаңалықтар орын алмақ. Бекболат пен Қайнар ауылдарына жаңа медициналық мекемелер салыну жоспарлануда. Бұл нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, олардың бюджеттік өтінімі берілген. Егер мақұлданып жатса, екі мекеменің құрылысы басталады.
Жалпы айтқанда, Бірінші Май ауылдық округін дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынып, рет-ретімен жүзеге асырылуда. Осының әрбірін аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы есептік кездесуде жан-жақты түсіндірді.
Аудан басшысының баяндамасынан кейін халықтың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды. Солардың ішінде «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» Қайнар аймақтың филиалының директоры Жарас Мамырбеков қозғаған мәселені атап өтуге болады. Айтуынша, мемлекет меншігіне қайтарылған Үшқоңыр тауының етегіндегі жерлердің 580 га көлемі Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына тиесілі. Оның жекеменшікке өтіп кетуі Кеңес өкіметінің заманында орын алған. Қазір осы жер телімі мекеменің өзіне қайтарылғанымен, оған қолжеткізу қиынға соғып отыр. Өйткені ол жерде әлі де «өзге адамдардың кіруіне тиым салынған» деген белгі бар көрінеді. Ал аудан әкімі Жасұлан Естенов бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, тиісті құзырлы мекемелердің қатысуымен бұл жағдай біржақты шешілетінін және институттың иелігіне қайтарылатынын жеткізді. Айта кетейік, ауданда пайдаланылмай жатқан жердің мемлекет меншігіне өткені бүгінгі таңда 15,1 мың гектар болса, соның 10 мыңнан астамы – Үшқоңыр тауының етегіндегі жерлер.
Ал келесі мәселе Жамбыл мен Қарасай аудандарының ортасында орналасқан саяжайға қатысты болды. Дәл осы мекеннің тұрғыны бұл аумақты ауыл шекарасының құрамына енгізуін сұрады. Осы ретте аудан әкімі Жасұлан Естенов қазіргі уақытта округке қарасты Бекболат пен Қайнар ауылының Бас жоспарына қатысты түзетулер енгізіліп жатқанын алға тартып, тұрғынның орналасқан жер телімі көп ұзамай елді мекеннің шекарасына кіретінін түсіндірді. Аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі басшысының сөзіне сүйенсек, аталған ауылдардың шекарасын кеңейту бойынша қазіргі уақытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде жоғарыда аталған саяжайдың маңындағы тұрғынның жер телімі Бекболат ауылының құрамына кіреді.
Жиын барысында жергілікті халықтың тарапынан түрлі салаға қатысты басқа да сұрақтар қойылып, жан-жақты талқыланды. Аудан басшысы барлық мәселе заң аясында және уақытында шешілетінін айтып, округтің дамыту бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ Жасұлан Тоққожаұлы кездесу соңында Бекболат ауылының тұрғыны, 80 жастағы Бұлар Мирмановты жақында ардагерлер арасында жүзуден ел чемпионатында жеңімпаз атанған жетістігіне құтты болсын айтып, көпшіліктің алдында жеңісімен құттықтады!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

