Бүгінгі жас келіндер өздеріне қойылатын талаптарды біле ме? Ақ босағадан алғаш аттаған жас келіннің атқарар міндеттері қандай? Қазақ келіндерінің отбасылық тәрбиені, әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту мен оны сақтау мақсатында Шамалған ауылындағы Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Дана ене, дара келін» атты байқау өтті. Ене мен келіннің сыйластығын, қазақтың салт-дәстүрін, өнерін, қолөнерін, ұлттық тағамдарын насихаттауға арналған сайысқа ауыл тұрғындарынан төрт отбасы қатысты.
Байқауға қатысушы енелер мен келіндер «Таныстыру», «Ене мен келіннің бір күні», «Үй тапсырмасы», «Өз өнерлері», «Ұтымды жауап, тапқыр шешім» сынды кезеңдер бойынша бақтарын сынады. Келіндердің төртеуі де қазақ халқының ертеден қалыптасқан салт-дәстүрінен құр алақан еместігін байқатып, өздерінің таңдаулы екендіктерін дәлелдеді. Сондықтан болар бұл сынға түсу тартысты өтті. Алғашында өздерін көпке таныстырған қатысушылар, одан кейін ене мен келіннің бір күнінен көрініс қойды. Үшінші кезеңде ұмыт болған тағамдардың қалай дайындалатынын еске түсіріп, келесі сайыста өз өнерлерін көрермендер назарына ұсынды. Ал, соңғы кезеңде тосыннан қойылған сұрақтарға жауап берді. Қатысушылардың барлығы дерлік жақсы дайындықпен келгенімен, кейбір сұрақтардан мүлт кеткендері де болды. Олардың қателігін бағамдаған қазылар алқасы ұлттық құндылықтарымыздың қадірін білетін жандардан құралыпты. Атап айтқанда, олардың құрамында Шамалған ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы, «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Батиха Нұртаева, Шамалған ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Қарлығаш Исмаилова, 2014 жылғы облыстық енелер байқауының жүлдегері, Үшқоңыр орта мектебінің ұстазы Нұршайым Қоспаева бар. Төрешілер әр кезеңнен кейін жас келіндер мен ардақты аналарға бағаларын беріп отырды. Олар жастардың салт-дәстүрімізді жаңғыртатын байқауға қатысуда белсенділік танытқандарына ризашылықтарын білдірді.
Барлық кезеңдер бойынша оза шапқан қатысушылар «Дана ене, дара келін» – 2022 жыл» атағына Балдырған Ермаханқызы мен оның келіні, Шамалған орта мектебінің ұстазы Ақмарал Қуандыққызы лайық деп танылды. Ал, «Өнегелі ене, өнерлі келін» номинациясымен Света Нашыбаева мен оның келіні, Әлжан Бұқарбайқызы атындағы қазақ орта мектептің мұғалімі Айнұр Арслан, «Парасатты ене, зерделі келін» номинациясымен Әлия Жарылқасынова мен оның келіні, Қарасай батыр орта мектебінің мұғалімі Айдана Сүлейменова, «Көрегенді ене, көрікті келін» номинациясымен Күлайсан Балтабаева мен оның келіні М.Әуезов атындағы орта мектебінің мұғалімі Мақпал Сейфуллаева марапатталды. Байқау соңында Шамалған Мәдениет үйінің директоры Шәрбану Шариқызы сөз алып, жүлдегерлердің грамоталары мен сыйлықтарын табыс етті.
Қазіргі таңда жас отбасылар арасында кездесетін қиындықтардың, әсіресе, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктер көптеп орын алуда. Шаңырақтың ұйытқысы саналатын әйел затының қарым-қабілеті мен білімін, танымдық көзқарасын шыңдап, әрбір шаңырақты үлгілі, өнегелі отбасы болуға насихаттауға арналған шараны ұйымдастырушылар дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.