Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында орналасқан мемлекет қайраткері Мәсімхан Бейсебаев есімі берілген білім ошағы таяуда айтулы қуанышқа кенелді. Ғасырдан астам бай тарихы бар, білім мен тәрбиенің алтын ұясына айналған қара шаңырақ ұжымы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды республикалық байқауға белсене қатысқан еді. Табанды еңбек пен шығармашылық ізденістің нәтижесінде мектеп қауымдастығы лайықты деңгейден көрініп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл жетістік мектеп абыройын асқақтатып қана қоймай, ауыл балалары үшін заманауи спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген жаңа спорт алаңын жеңіп алуға мүмкіндік берді.
Жақсылық жүректен шығып, елге ортақ игілікке айналғанда ғана өзінің шынайы мәні мен терең маңызын арттыра түседі. Қоғамды ізгілікке бағыттап, жас ұрпақтың бойына адамгершілік, жанашырлық пен өзара бауырмалдық құндылықтарын егуді көздейтін осындай маңызды бастамалардың бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба. Еліміздің орта мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің озық педагогикалық тәжірибесін енгізуге бағытталған қайырымдылық бастамасы аясында «Жақсылық жалғасады» атты бейнероликтер байқауы ұйымдастырылған болатын. Оның басты мақсаты білім беру ұйымдарындағы үздік педагогикалық әрі әлеуметтік тәжірибелерді кеңінен тарату, өзара қолдау мен қайырымдылық мәдениетін дәріптеу, сондай-ақ балалар үшін қауіпсіз, жайлы әрі жан-жақты дамуға қолайлы орта қалыптастыруға дем беру еді.
Үздіктер бақ сынасқан тартысты бәсекеде М.Бейсебаев атындағы орта мектептің ұжымы өздерінің шығармашылық потенциалы мен жоғары дайындығын айқын танытты. Әрине, бұл жеңіс оңай келген жоқ. Мұндай айтулы нәтиже – мектеп әкімшілігі, білікті ұстаздар қауымы, талапты оқушылар мен жанашыр ата-аналардың бірлескен, табанды еңбегінің жемісі. Мектеп қауымының берекелі ауызбіршілігі, ортақ мақсатқа деген жоғары жауапкершілігі мен толассыз ізденісі игі істің биік шыңнан көрінуіне даңғыл жол ашты.
Байқаудың ең басты да қуанышты нәтижелерінің бірі – мектеп ауласында заманауи талаптарға толық сай келетін, барлық қажетті спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа спорт алаңының пайда болуы. Бүгінгі таңда пайдалануға берілген бұл спорттық кешен жас ұрпақтың дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына, саламатты өмір салтын берік ұстануына, сондай-ақ сабақтан тыс бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне мол мүмкіндік туғызып отыр. Спорт тек денсаулықты нығайтудың кепілі ғана емес, ол өсіп келе жатқан жасөспірімнің бойында мақсаткерлік, табандылық, тәртіптілік, жауапкершілік пен ұйымшылдық сияқты өмірлік маңызды қасиеттерді қалыптастыратын бірегей құрал болып табылады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

