Ақ халат киген Жұмагұл Бабасованың есімі Қарасай ауданының әйелдер қауымына жақсы таныс. Өйткені ол 45 жылға жуық көптеген сәбидің аман-есен өмірге келуіне ықпал етіп, әйелдердің ана болуына көмектесіп, оларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіп, отбасыларға қуаныш пен шаттық сыйлап жүр. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Жұмагүл Күлқызы бүгінде зейнеткерлікке шықса да, сүйікті ісінен қол үзбей, дәрігерлік қызметін жалғастырып келеді.
Жұмагүл Бабасова – Қызылорда облысының тумасы. 1961 жылдың сегізінші желтоқсанында Қазақстанның көлік жүйесіндегі маңызды қызметі мен бай тарихы бар үлкен теміржол торабы орналасқан Қазалы ауданында көп балалы отбасында дүниеге келген. Жеті баланың ішінде үшінші. Алғашқы білімін өзінің туған ауылында орналасқан Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте алған. Тумасынан пысық әрі қамқор кейіпкеріміз өмірін медицина саласымен байланыстырмауы мүмкін емес еді. Оны өзгеге болыссам деп тұратын туабітті болмысы 16 жасында Алматы қаласында орналасқан республикалық медицина училищесіне әкелді. Оқуға түсіп, оны 1981 жылы «акушер ісі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қолына дипломын ала сала жас маман өзінің ауылына қайтып келіп, Қазалы аудандық ауруханасына қарасты фельдшерлік-акушерлік пунктіне акушер болып жұмысқа кірді. Осында теориялық білім-білігін практикамен ұштастырып, тәжірибе жинады.
– Аудандық ауруханаға келгенде бірден қазаны қайнаған ортаға түстім десем де болады. Тіпті, ең алғашқы науқасымды үйінде босандырдым. Барлығы кешегідей есімде. Мен енді училищені бітіріп келген жас маманмын. Түннің бір уақытында бізге әйел адам босанғалы жатыр деген хабар түсті. Жедел жәрдеммен бірге мені жіберді. Науқастың үйіне жеткенде оның толғағы келіп, босанайын деп жатқанын түсіндік. Мен бірден өзімді қолға алып, үйренгенімді есіме түсіріп, әйелді босандырып алдым. Болашақ мамандығымды саналы түрде тандағандығымнан болар, осы сәтте ешқандай қорқыныш сезімі болмады. Тек баланың аман-есен дүниеге келуіне көмектескеніме қуандым, – деп жұмыс жолындағы алғашқы сәттерін есіне алды ақ желеңді жан.
Жұмагүл Күлқызы Қазалы аудандық ауруханасының фельдшерлік-акушерлік пунктінде акушер, патология бөлімінің маманы ретінде 10 жыл бойы аяғы ауыр немесе толғақ қысқан әйелдерге дер кезінде көмек көрсету жолында күн мен түнге, ауа райына, демалысқа, мерекеге қарамай, тынымсыз еңбек етті.
Бұдан кейінгі қызмет жолын Қарасай ауданында жалғастырды. Анығырақ айтқанда, 1991 жылы жеке мәселеге байланысты Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округіне қоныс аударды. Бірден осы ауылдың ауруханасына акушер болып жұмысқа орналасқан. Осында 35 жыл бойы өзінің міндетін абыроймен, аса жауапкершілікпен атқарды. Соның арқасында бүгінде Қарасай жұрты Жұмагүл әпкемізді көптеген сәбидің кіндігін кескен дәрігер ретінде ғана емес, сондай-ақ бір сәтте екі адамның өмірін сақтап, бала күткен талай отбасының қуанышына себеп болған ақ халатты абзал жан, ақ көңіл, мейірімді адам ретінде біледі.
Өз кәсібінің кәнігі майталманына айналып үлгерген Жұмагұл Бабасова зейнетке шықса да жұмыс істеуін тоқтатпай, 2023 жылы Қаскелең қаласында орналасқан «Достар Мед» медициналық орталығына жұмысқа кіріп, қазіргі уақытта сол жердің жас мамандарына тәжірибесімен бөлісуде.
Білікті дәрігердің ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмады. Өз ісіне ұқыптылығымен, адалдығының арқасында әріптестерінің ортасында абыройлы болған Жұмагүл әпкеміз аурухана, аудан мен облыс басшылығы тарапынан бірнеше рет марапатталған.
Кейіпкеріміздің еңбек жолында мұндай биік дәрежеге қол жеткізуіне Құдай қосқан жарының да қолдауы бар. Екеуі де әр бағытта қызметте болғанымен, бір салада жұмыс істеген. Яғни Жұмагүл әпкеміз Шамалған ауруханасында акушер болса, өмірлік серігі Қарасай Мәденов зейнетке шыққанша ауылдағы жедел жәрдемде жүргізуші болып қызмет етті. Алла берген үш қыз бен бір ұлға тәлім-тәрбие беріп, өсірді. Қазіргі уақытта солардан тараған немерелерінің қызығын көріп отыр.
– Өзге саладағы секілді акушерліктің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Алғаш жұмысыма 20 жасқа толмай орналасқан едім. Тәжірибесі аз жас маман ретінде түрлі ауыртпалықты да, қиындықты да көрдім. Алайда сонымен қатар тәжірибелі әріптестеріме қарап жүріп, біраз нәрсені үйрендім, шыңдалдым. Менің қанатымның бекіп, көп нәрсені үйренуіме ауылдық жердегі фельдшерлік-акушерлік пунктте жұмыс істеуім себеп болды десем, артық айтқандық емес.
Жалпы акушер маманының мойнындағы жауапкершілік жүгі орасан зор. Себебі ол бір сәтте бірден екі адамның өміріне жауап береді. Оның үстіне босанатын әйелдің жағдайы әртүрлі болады. Сондықтан осы салаға келгісі келетін жастарға болашақ мамандықтарын таңдауға аса байыптылықпен қарауға кеңес беремін. Бұл жұмысқа жүрек қалауымен ғана келу керек. Сондай-ақ алда күтіп тұрған қиындыққа төзіммен қарап, науқастармен барынша жылулық пен әдептілік сөйлесу қажет, – деді әңгіме соңында Жұмагүл Бабасова.
Мақаламыздың соңында жүкті әйелдерге қол ұшын беріп, жәрдемдесуді адами борыш санаған Жұмагүл әпкемізді алда келе жатқан 5 мамыр – Халықаралық акушерлер күнімен құттықтаймыз! Оның тынымсыз қызметіне табыс, отбасына амандық тілейміз!
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

