Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Қарасай ауданында тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Оған үнемі аудан халқы белсенділік танытып, сенбілік жұмыстарына бір кісідей атсалысып келеді.
Осы мақсаттағы игі шараның бірін ертең аудан аумағында өткізу жоспарлануда. «Таза бейсенбі» деп аталатын тазалық жұмысына қолдау білдіру үшін аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов Қарасай жұртшылығын игі іске белсенді қатысуға шақыруда.
– Ауданның аумағы бәрімізге ортақ болғандықтан, оның тазалығына, көркеюіне, жан-жақты дамуына жаппай үлес қоссақ, артық болмас. Өз жерімізге жанашырлық танытып, Табиғат-ананы аялау – экологиялық мәдениеттіліктің үлгісі. Сондықтан өнегелі іске барынша атсалысып, аудан халқын сенбілікке қатысуға шақырамын, – деді аудан әкімінің орынбасары Азамат Серікұлы.
Айта кетейік, Қарасай ауданында жалпы жыл басынан бүгінгі күнге дейін 24 сенбілік ұйымдастырылды. Оның бәріне 41 067 адам қатысып, 671 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Одан бөлек, жалпы 211 арнайы техника жұмылдырылып, сенбілік жұмыстарында 424 гектар аумақ тазартылды. Сонымен қатар жыл басынан аудан аумағында 8 355 түп ағаш отырғызылды.

