Мәдениет пен өнер саласы жайлы әңгіме қозғалғанда, неге екені белгісіз, алдымен әуелете ән салатын әншілерді, күй күмбірін жеткізетін күйшілерді, мың бұралатын бишілерді, дарынымен дараланған әртістерді, одан қалса руханиятқа тер төгетін ақын-жазушыларды жиі сөз етеміз. Тіпті, түрлі мақтау-мадаққа ие болып, марапаттың төрінен көрініп жататындар да солар десек, артық айтқанымыз емес.
Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Әлде қалыптасқан қағида ма, кім білсін! Алайда өнер деген ауқымы кең өлкеде жоғарыда атап өткен жандармен бірге елеулі еңбек етіп, бір қазанда қайнап, сөз анасы – сәлеммен қараша халықтың қошеметіне кенелетін тағы бір өнерлі жандар бар. Олар – кез келген шараның тізгінін ұстап, көптің көңілін өзіне қарата білетін, термин сөзбен айтқанда, конфераньселер. Қарапайым тілмен жеткізер болсақ, көрермен мен өнерпаздарды байланыстыратын жүргізушілер. Жасыратыны жоқ, осындай өнер иелері жайлы жазылып жатқан жазбалар көп дей алмаймыз. Сондықтан олардың қалтқысыз қызметі мен тынымсыз табандылығын әңгіме арқауына айналдырсақ, ешкім сын көзбен қарай қоймас.
Осы ретте 21 мамыр – Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің күнін ерекше ескере отырып, «жүргізуші» деген жауапты жұмыстың жүгін арқалап, нәзік үнімен, биязы қылығымен назарға ілінетін, мерекелік кештерде күндей жарқырап шығатын Айдана Кенбаева жайлы ой өрбітіп, қалам тербесек деп едік. Бүгінде ол – өнерімен елге танылған Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдің жүргізушісі.
Айдана Сейілбекқызымен әңгімелесу кезінде оның осы жасқа дейінгі өмір өткелдері мен өнер әлеміндегі талантымен ұшталған талпынысына қатысты талай қызықты ақпаратқа қанық болдық. Ендеше, өнер иесінің мына жарық дүниеге шыр етіп келген шағынан бастап, қазіргі жай-күйін сөз етейік.
Ол Қасиетті Түркістан облысына қарасты кен өндірісімен өркендеген Кентау қаласында дүниеге келген. Әкесі Сейілбек Кенбаев өмірінің 30 жылын трансформатор зауытына арнап, өндіріс орнында жетекші лауазымда қызмет еткен. Өмірлік жары Үмітай Кенбаева екеуі шаңырақтың шаттығында бақытты ғұмыр кешіп, бес балаға лайықты, өнегелі ата-ана бола білді. Ал Айдана осындай орнықты отбасының кенжесі атанып, Орынша, Айша, Айсара атты әпкелерінің және Ғалымжан есімді ағасының орталарында қылықты қыз болып өсті.
Асқар тауын асқақ көретін Айдана Сейілбекқызы өзінің туған әкесіне «көке» деп еркелесе, анасына «маматай» деп мауқымын басатын. Сейілбек ағамыз – өндірістік ортада қызмет еткенімен, әншілік өнерімен талайдың ықыласына бөленген азамат. Жас кезінде ансамбльдің мүшесі болып, талай той-думанның көркін қыздырған. Тіпті, өнерге жаны құмар болғаны соншалық, 1994 жылы теледидардан «Айдана, бөпешім, Айдана» деген әнді естіп, «сахнаның жарық жұлдызы болсын, ай мен күндей жарқырасын» деген ниетпен кенже қызын «Айдана» деп атаған.
Айдананың дүниеге келуінің өзі қызық оқиғамен байланысты. Анасының айтуынша, құрсағындағы болашақ сәбиді көбі ұл бала болады, ал есімін «Досжан» қоямыз деп жүрген екен. Ал Үмітай әпкеміздің ай-күні жақындап, толғағы қысқан уақытта ол үш күн бойы ине мен дәрі тамызғыштың жанында жатқан. Сөйтіп, ота жасатқалы жатқан сәтте жарық дүниеге қыз бала келген. Міне, сол Айданамыз көкесі ниет еткендей, уақыт өте келе жарқырап, жайнап, берекелі отбасының шамшырақ шаттығына айналды.
Ол 2001 жылы Кентау қаласындағы №14 әл-Фараби атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, 2011 жылы осы білім ошағының түлегі атанды. Оның оқушы кезі де еркелікке, қызықты сәттерге толы болған екен. Бірінші сыныпқа барған кезде күнделік сыртын толтырып отырып, сыныптастарының тек әкелерінің есімін жазып жатқанын байқап, «бұлар неге анасын жазбайды, ол кісі ренжиді ғой» деп таңқалыпты. Сөйтіп, күнделіктің алғашқы бетін «Кенбаева Айдана Үмітайқызы» деген жазумен толтырған екен.
Оқушы Айдананың сабақ үлгерімі жаман болмаған. Тек бастауыш кезінде еркелікке салынып, арасында үй тапсырмаларын үйіндегі анасы мен әпкелеріне орындатып қоятын көрінеді. Әсіресе, Айсара әпкесі оның оқу үлгерімін қадағалап, қай пәннен қандай тапсырма бергенін тексеретін. Ал Айдана оларды ұмытып қалғанда, әпкесі: «осы, сен, шынымен мектепке барып жүрсің бе?» деп арасында ұрсып алады екен.
Десе де Айдана Кенбаева білім жолында қатарластарынан қалған емес. Бойжетіп, уақыт өте келе әр пәнді сүйіп оқып, әдебиет пен өнерге қатысты сабақтарға ерекше қызығушылық танытты. Ал сандармен байланысты математика, геометрия пәндерін көп ұната бермейтін. Сол үшін осы сабақтар болғанда үзілістегі қоңырауды асыға күткен.
Айдананың білім ұясындағы жұлдызды сәті 2010 жылы 10 сынып оқып жүргенде жарқыраған. Өнерімен оза шауып жүргенде қалалық «Көктем аруы» байқауына қатысып, 22 мектептің ішінде бас жүлдені қанжығасына байлаған. Осы жеңісі оны үлкен армандарға жетелеп, өнер әлеміне ғашық еткен.
ҰБТ дейтін білім бағытындағы алғашқы сынақ жас түлек атанатын Айдана үшін маңызды межелердің бірі болды. Алайда оның сәтті жүзеге асуына кедергі болғаны – сол баяғы өзі ұнатпайтын математика пәні. Есеп-қисапты жаны сүймегендіктен, өкінішке қарай ол ҰБТ-дан ұтатын ұпайды жинай алмады. Дегенмен оның білім жолындағы сынағы өмірлік мақсатына деген сағын сындыра алмады. Оның арманы – араға бір жыл салып, алып шаһар Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түсу.
Айдана осылай сынақтарды еңсеріп жүргенде асқар тауы 2011 жылы айықпас дертке шалдықты. Отбасының тірегіне айналған таудай азаматтың уақыт көшімен шөгіп бара жатқаны жақындарының жанына қатты батты. Ұмытшақтың қабілетінен айырыла бастағанда отбасы мүшелері ақылдаса келе Сейілбек ағаны амалсыз жұмыстан шығарып алуға тура келген. Өйткені цехтағы құрал-жабдықтың бәрі адам денсаулығына қауіпті болғандықтан, ол ортада жұмыс істеу оңай болмаған. Сол үшін қалған өмірі қауіпсіз ортада болу үшін Сейілбек ағаның қызметтен кетуі дұрыс шешім болыпты. Әрине, жұбайының осындай күйге түскені үйдің отанасы Үмітай әпкеге оңай соқпады. Ол кісі өмірлік жарының үнемі жанынан табылып, бұл сынаққа болаттай берік болды. Ал Айдананың көкесі бірде есін жоғалтып, кейде қайта қалпына келгенде осы дерттің дендеп, іштей жеп бара жатқанына көне алмай: «сендерді кім асырайды, қамқорлық көрсете алмасам, қандай әкемін мен?» деп қатты ызаланыпты.
Осындай сын-сағаттар орын алып жатқанда Айдананың отбасы 2011 жылы Алматыға қарай қоныс аударған. Үмітай әпкеміз: «денсаулық болмаса, дүниенің құны көк тиын» деп бар жиған-терген дүниелерін сатып, қолда бар қаражатпен алып шаһарға көшуді жөн санапты. Дәл осы сәтте үйдің жалғыз атұстары Ғалымжан Кенбаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алған.
Алғашында барлығы үлкен қаланың ішінде пәтерден-пәтерге көшіп, тар бөлмелерінен пана тауып, аяққа тұрғанша талай сынақты еңсерген. Одан кейін Айдананың ағасы кішкентай жер теліміне үй салып, барлығы бір шаңырақ астында баспана бақытын сезінген.
Ал Айдананың жоғары білім алуға деген талпынысы, асқақ арманы оның жігерін мұқалтпаған. Бұл ниетіне жету үшін арада бір жылдай бар еді. Осы уақыт аралықта ол өмірдің алғаш күрделі кезеңдеріне аяқ басты. Базарда даяшы болып, адамдарға тамақ тасығанда көзіндегі мөлтілдеген жасты шығармай, намысқа тырысып, арманына жету жолында адал жұмыс істеді. Бір күндік айлығы 2000 теңге болса да соны қанағат тұтып, осы жұмысының жақсы жақтарын бойына сіңіруге тырысты. Көпшілік ортада адамдармен қарым-қатынас орнатып, ашылып сөйлеуге дағдыланды. Бірақ осы жұмыстарды уақытша істеп жүргенін естен шығармады. Өйткені оның негізгі арманы жоғары оқу орнына түсіп, маман иесі атану болатын. Сол үшін өзіне іштей уәде беріп, «күндердің күнінде мамандық бойынша қызмет етемін» деген сенімін жоғалтпады.
Алматыға ойда-жоқта келуі Айдананың балалық шағындағы іштей арманымен байланысты болғандай. Оның орындалғанын есейе келе түсініпті. Айтуынша, кішкентай кезінде анасының намаз оқып отырғанын байқап, не істеп отырғанын сұрапты. Сонда анасы: «Жоғарыда Құдай деген «ата» бар. Ол бізді ылғи бақылап, көріп отырады. Алақаныңды жайып, не сұрасаң, сол орындалады», – депті. Осыны түсінген бала Айдана: «Құдай ата, пожалуйста, Алматыдай арман қалада оқығым келеді, маған көмектесші», – деп Жаратқаннан дұға тілеген екен. Онысын періштелер қабыл еткендей, қаншама жыл өткеннен кейін ол алып мегополистің тұрғыны атанды.
Айдана Кенбаева мұнда көшіп келгеннен соң, бір жылдай уақытты артқа тастап, мамандық таңдаудан жаңылмайын деген таза ниетпен өнер бағытында жоғары білім алуға бел буды. 2012 жылы талай мәдениет майталмандарының қара шаңырағына айналған Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «драма театры және кино әртісі» мамандығына оқуға түсті. Төрт жыл ішінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, танымал әртіс Мұрат Ахмановтың шеберханасында білім алды. Ал белгілі актер Еркін Сәулеұлы, марқұм, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері атанған Оразхан Кенебаев сынды атақты адамдар мен кураторы Саяжан Жұмағұлқызы Айдананың кәсіби әртіс болып қалыптасуына, осы жолда шаршамай шыңдалуына көп үлес қосып, бағыт-бағдарын айқындап берді. Ал вокал сабағынан дәріс берген Балапан Кеңесқызы оны әншілік өнерге баулып, дауысының кең ашылуына ден қойған. Сондықтан Айдана бүгінгі таңда осындай ұлағатты ұстаздарының еселі еңбегін жоғары бағалап, қай жерде жүрсе де ризашылығын білдіруден жалыққан емес.
Арада төрт жыл өткен соң Айдана Сейілбекқызы өнер академиясын қызыл дипломмен аяқтап шықты. Осылайша, кезінде ҰБТ-дан сүрінген жігерлі қыз 2016 жылы білімді, кәсіби актриса атанып шыға келді. Сөйтіп, дәл осы жылы мамандығына деген адалдығын жоғалтпай жер жәннаты Жетісуға қарай бет алып, Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы драма театрға жұмысқа тұрды. Аталған өнер ордасында әріптестерінің ыстық ықыласына бөленіп, көрерменнің көзайымына айналды. Талай кәсіби актерлерден тәлім-тәрбие алып, біліктілігін арттырып, әріптес ретінде қарым-қатынасын нығайта түсті. Театр сахнасында «Айман-Шолпан», «Достар серті», «Абай», «Алаштың Алиханы», «Деніңіз сау ма?», «Соғыстың сұрқы әйелге жат», «Хақ жолы», «Құлқынның құлы», «Ілияс», «Ромео мен Джульетта» сынды қойылымдарда басты рөлдерді сомдаса, «Құстар фестивалі», «Сиқырлы айна», «Маугли», «Жалқаудың жыры», «Үш лақ», «Наурыз – жыл басы» дейтін ертегілерде талай кейіпкер арқылы бала көңіліне жол тапты.
Айдана Кенбаева жұмысына жан-тәнімен берілгенімен, өмірлік мақсаттарын да ұмыт қалдырған емес. Қыз мұратын үнемі жадында сақтап, өнер жолында кезіктірген азаматпен көңіл жарастырып, 2018 жылы тұрмысқа шықты. Бір әулеттің келіні атанып, сол отбасындағы үлкендердің рұқсатымен театрдағы өнерін жалғастыра берді.
Осылайша алаңсыз ғұмыр кешіп жүргенде Айдана үшін 2020 жыл ұмытылмас сәтке айналды. Осы жылы ардақты әкесі – Сейілбек Кенбаев ұзаққа созылған дерттің кесірінен 64 жасында мәңгілік мекенге аттанды. Көкесінің келместің кемесіне мініп кеткеніне көне алмағанымен, уақыт дейтін емшінің арқасында тірі адам ретінде тіршілігін жалғастыруға тура келді.
Айдананың дарынымен дараланған театр әлеміндегі еңбегі ешқашан ескерусіз қалмады. Аталған өнер ошағында 6 жыл қызмет етсе, осы уақыттың ішінде «Жылдың үздік актрисасы», «Ең үздік әйел бейнесі» сияқты жетістіктерге жетіп, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатына және Құрмет грамотасына ие болған. Сонымен қатар Айдана Сейілбекқызының тағы бір жарқын жетістікке қадам басуы – 2021 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ұсынылуы. Өнер адамдарының ішінде екінің біріне беріле бермейтін бұл айрықша марапат алайда Айданаға да бұйырмады. Өйткені осы жылы тағдыр қосқан азаматымен Алматы жаққа көшуге мәжбүр болды. Ашып айтар болсақ, күйеуі әулетінің жалғыз ұлы болғандықтан, сондай-ақ ер азаматының соңғы сөзі шешуші екенін түсініп, Айдана өмірлік жарымен бірге үлкен қалаға қарай қоныс аударған.
Еңбегімен адал жұмыс атқаруды ар санайтын Айдана Кенбаева Алматы маңындағы Шамалған ауылының тұрғыны атанды. Аталған елді мекеннің маңайынан жұмыс іздеп, 2022 жылы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің мүшесі атанып, осы ұжымда бүгінгі күнге дейін жүргізуші қызметін атқарып келеді.
Күйбең тіршілікпен ғұмыр кешіп жүргенде отбасылық сынақтың тағы белесін еңсеруге тура келді. Бір шаңырақ астында бес жыл өмір сүрген ер азаматпен көңілі жараспай, жолдары екіге айырылды. Бұл шаңырақтың бұзылуы Айдана жақтан кеткен ағаттық деуге болмайды. Себебі ерлі-зайыптының ортасында ортақ түсінік қалыптасып, екі жаққа кету саналы шешім болды.
Айдана үшін бұл жағдай ауыр болағанымен, талай сыннан сүрінбеген қайсар қыз мұны да Жаратқанның жіберген қайырлы ісі деп топшылады. Сондықтан ол үшін оңай шешім болған жоқ. «Алла Тағала сүйген құлын ғана көп сынайды» деген оймен өмір сүріп, алға қарай даму жолындағы құлшыныс жігерін жасытпады. Ғұмыр көшінің керуенінде жақындарының жанынан табылып, өнер өлкесінде еңбегін жалғастыра берді.
Бүгінгі таңда «Үшқоңыр» ансамблінің белді мүшесі ретінде өз ортасында беделі қалыптасқан әріптеске айналды. Қарасай жеріндегі кез келген маңызды кештердің, кәсіби шаралардың тізгінін ұстап, көбінесе әріптесі Медет Рысбек екеуі әуезді әрі қоңыр дауыстарымен жұрттың жүрегіне жол тауып келеді. Аталған ансамбльдегі іскерлігі де елеп-ескеріліп, былтыр кәсіби мереке қарсаңында Қарасай ауданы әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Айдана Сейілбекқызының өнерден бөлек, бүгінгі таңда ұстаздық жолда қалтқысыз қызмет ететінін айрықша атап өтуге болады. Осы уақытқа дейін мұғалім болуды мүлде ойламаған. Дегенмен «ешқашан» сөзін ешқашан айтпау керек екенін енді түсініп, тәлімгерлік міндетті адал атқарып келеді. Осы уақытқа дейін түрлі орталықта актерлік үйірмеге жетекшілік етсе, бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмысын Алматы қаласындағы №176 мектеп-гимназияда жалғастыруда. Бұл білім мекемесінде де шәкірттерін өнерге баулып, байқауларда үздіктердің қатарынан табылуда.
Әрине, қызмет жолындағы жетістіктер еңбектің еленіп, берген білімнің бағалануы екені анық. Аталған марапаттар Айдананың тек жігерін ұштап, көңілін марқайтады. Алайда оның ауыз толтырып айтатын тағы бір қуанышты белесі бар. Ол – төккен тер мен қажыр-қайратының арқасында былтыр баспаналы болғаны. Күтпеген жерден жақындарын жақсы жаңалықпен қуантты. Қонысын құттыға балап, шаңырағына шаттық тілегендер көп болды. Әсіресе, Айдананың осынау жетістігіне сенер-сенбесін білмеген анасының қуанышында шек болмады. Ал ағасы болса, қарындасының осындай бақытқа кенеліп, еңбегінің арқасында үйлі болып жатқанын ерекше мақтан етті.
Айдана өзінің жекеменшік үйіне жету үшін тоқтамай жұмыс істеп, тынымсыз тіршілік етуден қол үзбеді. Анасы мен аға-жеңгесіне салмақ түсірмейін деп, «әркім өз жағдайын жақсарту керек» деген оймен екі жыл ішінде Алматының ортасынан пәтерге қолжеткізді.
Міне, еңбекқор Айдананың жарқын жетістігі осылай толығып жатыр. Өмірге, өнерге деген іңкәрлігі оны осындай биік белестерге шығаруда. Ал өмірдегі өткелдерінен ол тек сабақ алады. Өзегін өртейтін өкініштер болғанымен, оған бас қатыруға Айдананың уақыты жоқ. Үнемі Алла Тағаламен байланысын нығайтып, жақсылықтан үмітін үзбейді. Десе де жүрегінде қалып кеткен бір сызаттың да бар екені жасырын емес. Ол, әрине, жеке отбасылық өміріндегі тағдыры. Бұл жайында Айдана Сейілбекқызымен ашық әңгімелескенде, оның тамағына тығылған өксік пен жанарға жасырылған жасы сезілгендей болды. Айтуынша, кез келген қыз баласы ажырасам деп тұрмыс құрмайды. Сондықтан өмірлік жарым деп таңдаған адаммен екі жаққа кеткенде қыз баласы үшін бұл оңай шешім емес.
Расымен, тағдыр тақтасындағы жазуды өшіріп, жығылған жерден қайта тұру, жаңа өмірге жаңаша көзқараспен қадам басу үлкен күш-жігерді қажет етеді. Ондай баспалдақтан өту, сынақтарға дес бермеу көптің қолынан келе бермейді. Алайда намыс оты алаулаған Айдананың бойындағы осы қасиет ғұмыр жолын ғибратты қылып қалыптастыруға жол ашты. Сол үшін де оның өткенге айтар өкпесі жоқ. Тек армандарына асықпай, адымдап жетуін мақсат етуде.
«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, Айдана өзін әлі де театр сахнасында көргісі келеді. Шымылдығы ашылған сәттен бастап өнердің ләззатын сезініп, талантын паш етуін жан-дүниесі қалайды. Алайда театр әртістеріне қойылатын кейбір талаптарды ескергенде, қазақи тәрбиеге жат дүниелерде аттап кете алмайды. Сондықтан кәсіби актерлік білімін кино әлемінде байқасам деген мақсаты бар.
Ол өнерді аса қадірлегендіктен, оның соқпақ жолы күрделі екенін де түсінеді. Өйткені бұл бағытта еңбек ету үшін адам бойында қайтпас қайсарлық, таудай талап сынды қасиеттер болуы керек. Осы ретте Айдананың кәсіби маман ретінде жас буынға айтары – өнер жолына жай қызығушылықпен емес, оған құрмет танытып, жүрегімен жақсы көріп, махаббатпен сезініп келу керек. Себебі осы жолға баулитын сахнаның өзі тазалықты сүйеді. Оған шынайы сезім, риясыз сыйластық болмаса, онда мамандыққа деген адалдық жоғалады.
Ал театр – мүлде бөлек әлем. Кезінде Ғабит Мүсірепов: «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір әлем» деп айтып кеткен. Танымал тұлғаның осындай орамды ойын Айдана Сейілбекқызы да жалған емес екенін айтып, оның көрерменіне деген құрметті әрдайым жоғары қоюды алға тартады.
– Менің ойымша, өнер жолында жұлдызың жарқырау үшін 1% талант пен 99% еңбек керек. Бұл бағытты таңдау – жай қызығушылық емес. Менің өнер жолымда сахна деген жылап тұрып күлуді үйретті. Ауырып тұрғанда жаныма ем болды. Ал құлазығанда көрермен көңілін алға қоюды талап етті. Бұл өнер осындайымен қастерлі, қадірлі. Сондықтан өнердің талабына әскердегі темірдей тәртіп ретінде қарау қажет, – деп Айдана Сейілбекқызы ойын жеткізді.
Жалпы кейіпкеріміздің сахнадағы талантын тақырыпқа тұздық еткенімізбен, оның басқа да өнерге машықтанғанын тағы айрықша атап өтуге болады. Қолөнерді жанына серік етіп, киіз басу арқылы түрлі бұйымды қолдан өреді. Сонымен қатар гипстен бұйымдар жасап, өз қолымен шам мен табиғи сабындар өндіруді еркін меңгерген. Бұл қызығушылықтары оған тек ләззат сыйлап, емін-еркін демалыс береді.
Айдананың өнері мен біраз мақсаттарын жіпке тізгендей болдық. Ендігі тағы бір асқақ арманы – аналық махаббаты сезіну. Анығын айтар болсақ, отбасылық өмірге жауапкершілікпен қадам басып, жүрегінде иманы ұялаған, сана биігінде түсінігі тоғысатын, қызығушылықтары бір ортада табылатын ер азаматпен өмір сүруді қалайды.
Әрбір қыз баласы бақытты болуға лайықты. Осы ретте өнері мен өмірін басты бағытқа бұра білген Айдананың ізгі ниетіне жетуіне біз де тілекшіміз! Ақиқаттан аттамауды жөн көретін, жаны тазалықты сүйетін өнерлі жанның алдағы ісіне тек сәттілік тілейміз.
Айтпақшы, 26 мамыр күні шыр етіп дүниеге келген кейіпкерімізді келе жатқан туған күнімен құттықтаймыз. Ғұмыр жолында жақсылық атаулысы жанына жақын болып, әрдайым абырой биігінен көріне беруіне тілекшіміз! Өнер жолында жұлдызы жарқырап, талантымен талайдың жүрегіне жол тауып, дарынымен дара көрінуін тілейміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

