Арқалы ақындары мен жолбарыс жүректі батырларымен мәшһүр болған Жамбыл ауданы бүгінде әлемдік додаларда топ жарған спортшыларымен де мақтана алады. Бұл салада кейінгі жылдары жастар арасынан суырылып шыққан жүлдегерлер баршылық.
Жуырда тағы бір аудан түлегі халықаралық жарыста ел мерейін үстем етті. Қырғызстанның Бішкек қаласында грек грим күресінен өткен әлем чемпионатында Андрей Самарин алтыннан алқа тағып, Қазақстанның көк туын желбіретті. Осыған байланысты аудан әкімі Нұрлан Ертас әкімдікте өткен кезекті аппараттық жиында Андрей Самаринді және оның жаттықтырушысын арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады. Спорттың қоғамда алар орнының маңыздылығына тоқталған аудан басшысы спортшыны Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлық тапсырды. Андрейдің жасы небәрі 19-да болса да өзінің табандылығының арқасында осындай жетістікке жетіп отырғанын атап өтіп, алда бұдан да биіктерден көрінуіне тілектестігін білдірді.
Андрей Анатольевич осы аудандағы Қарғалы ауылында 2004 жылғы 22 тамызда дүниеге келген. Қарғалы №3 орта мектебінің түлегі. 9 жасынан бастап спортпен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып келеді. Жеңімпаз жерлесіміз биылғы наурыз айында да Бішкек қаласында өткен жарыста Азия чемпионы болған еді. Енді, міне, араға небәрі 6 ай салып әлем чемпионы атанып, қазақ елінің мерейін асқақтатты.
Жас балуанға алдағы уақытта да байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көріне беруін тілейміз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.