Ақ жаулықтың иесі мен киесіне құрмет көрсетіп жүрген Қарасай ауданында орналасқан «Анаға құрмет» музейі дәстүрлі «Даланың дана арулары» халықаралық фестивалін өткізді. Салтанатты кеш Аналар мерекесінің 10 жылдығына және мемлекет, қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың 110 жылдығына орайластырылған. Шараның негізгі мақсаты да сол халқымыздың дәстүрлі қолөнерін, аналардың ақ кимешегін насихаттау. Фестивальде жастар назарына әжелеріміз бен аналарымыздан мұра болып келе жатқан өнер жауһарлары көрермен назарына ұсынылды. Мәселен киіз басу, кілем тоқу, кесте тігу өнері, ұмыт болған қазақтың ұлттық дәмі дәріптеліп, көне самаурындар көрмесі ұйымдастырылды. Музей алаңында әр өңірдің кимешегін киген аналардың шеруі өтті.
Фестивальдің ауқымы кең. Оған еліміздің аймақтарынан бөлек, көршілес мемлекеттердің өкілдері қатысты. Солардың бірі – Қырғызстан Республикасының этно-дизайнері Асель Қалқанова. Ол Қырғызстанда кимешектердің тігілу тәсілімен, түрлерімен таныстарды. Мәселен бір кимешекті дайындауға 40 метрге дейін мата кетуі мүмкін екеніндігі жайлы ақпарат берді. Осылайша Алатаудың арғы бетінен келген қонақтар көрерменге қырғыз кимешектерінің топтамасын көрсетті. Шара барысында кестеші Гүлнар Әбіштің жұмыстары, арнайы кітап бұрышы, «Дала жауһарлары» атты құрақ көрпелердің көрмесі көпшіліктің назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар, «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Тойбаеваның бастамасымен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жинаған көне кимешектер келген қонақтарды таныстырылды. Өйткені ежелде әр рудің өзіне тән ерекшеліктерімен тігілген кимешектері болған. Фестиваль кезінде олар кимешектер көрмесін сәнін келтірсе, содан кейін осы мұражайдың құнды экспонаттарына айналатын болады. Қазақ халқының мәдениетінде орамалдың да маңызы аз емес. «Анамның ақ жаулығы» атты экспозиция осы тақырыпқа арналды. Мерекенің осы кезеңі аясында музей қызметкері, этнограф Тілек Сұлтан өзі әзірлеген орамал үлгілерін ұсынды, сондай-ақ шеберлік сабақтарын өткізді. Оның барысында кимешекті қалай дұрыс кию керектігін, өз мәні бар орамалдарды қалай байлау керектігін көрсетті. Жуырда ол Қазақстанның атынан әлемнің 152 елінен келген этнографтар, дизайнерлер бас қосқан халықаралық байқауға қатысып, «Алтын сапа»белгісімен марапатталды. Шебер жаулықтары мен орамалдар жасау кезінде ол көптеген ғасырлар бұрын қолданған техниканы қолданатындығы ерекше атап өтті. Сондықтан шебердің өнімдері түпнұсқаларға жақындығымен ерекше бағаланады.
Фестивальде «Ұлы даланың дана арулары»атты бірлескен жоба ұсынылды. Оны белгілі қазақстандық суретшілер мен мұражай ұжымы дайындады. Сонымен, Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай талантты қолөнер шебері және әдемі кестемен танымал болған оның жары Зухра апайды еске алуға арналған көрме орайластырылды. Бір қызығы, оның жұмысын жалғастырушы тек мешіттерді кестелеуге маманданған кесте шебері Гүлнар Әбіш болды. Бір кездері Зухра апай оған өзінің талантының бір бөлігін ғана емес, сонымен қатар кесте тігуге арналған жіптерін де берген екен. Көрмеде Гүлнар Әбіштің тырнақалды туындылары ұсынылды.
Шараның ресми бөлімінде Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова сөз сөйлеп, фестивальдің өту деңгейін жақсы бағалады. Ал Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбеталиев пен Қарасай аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Байқұлов музей алдындағы «Анаға тағзым» ескерткіштеріне гүл шоғын қойды. Фестиваль әрі қарай концерттік бағдарламаға жалғасты.
Фестиваль барысында қонақтар үшін арнайы ұлттық сүт өнімдері, оның ішінде самауырның шайына тамаша қосымша болған қаймақ, айран, ирімшік, құрт, май, қымыз, шұбат та арнайы дайындалды. Аршагүл Серікқызы атап өткендей, фестивальдің басты мақсаты мәдени мұрамыздың сақталуына ықпал ету, қазақ халқының дәстүрлерін ұрпаққа жеткізу, халықтық-қолданбалы шығармашылықтың түрлі бағыттарын насихаттау және, әрине, мәдени мұрамызды сақтап қана қоймай, оны байыту үшін ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру болып табылады. Шараның соңы осылайша жоғарғы дейгейде түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.