Әдебиет әлемінде өзіндік орны бар, жұмбақ істі, көбінесе қылмысты тергеу туралы баяндайтын экшнге толы жанрдың бірі – детектив. Осынау жанр мен біздің қазақ әдебиетінің байланысы, қарым-қатынасы туралы айтқанда еске ең алдымен көрнекті жазушы Кемел Тоқаев түседі. Қасиетті Қаратал өңірінің тумасы қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, ұлт журналистикасын кәсіби деңгейге көтеруге атсалысқан азаматтың бірі. Бірақ, өкінішке орай, бүгінде шытырман хикаялы проза жанрында қалам тартқан жазушы жайлы көбі біле бермейді. Сондықтан жас ұрпаққа қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында аптаның дүйсенбісі күні Шамалған ауылдық округіндегі Ә.Бұқарбайқызы атындағы орта мектепте ауқымды іс-шара өтті. Оның барысында оқушылар кемелтанушы, зерттеуші Бақтығали Айжігітовпен кездесті.
Жиында кемелтанушы жиналған жасөспірімдерге алдымен қазақ топырағында болмаған детектив жанрын кең өрістеткен жазушының өмірі жайлы, нақтырақ айтқанда, Кемел Тоқаевтың балалық шағында тағдырдың тоқпағы мен соқпағын көп көргендігін, қабырғасы қатпаған қаршадай шағында ата-анадан ерте айырылып, ағасы Қасыммен бірге балалар үйінде тәрбиеленгендігі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, алапат аштықтан кейін сұрапыл соғыс келіп жалындаған жастық шағында майданға аттанғандығы жайлы да кеңнінен айтып өтті. Мұнан кейін әдебиеттің кемел тұлғасының шығармашылығына жан-жақты тоқталып, мазмұн-сипатына кәсіби тұрғыда талдау жасады. Айрықша тақырыпты әдеби айналымға енгізген қаламгердің бұл жанрды қолға алудағы көрегендігін, қалам тарту себебін, алғышартын, өзіне етене жақын идеяны ширатудағы шеберлігін түрлі мысалдар негізінде тарқатып, жазушының бай әрі ғибратты еңбектерінен мол мәлімет берді. Жазушылардың көбі жаза бермейтін детектив жанрына Кемел Тоқайұлының кездейсоқ келмегенін, өр рухтан қайнап шыққан шымыр да ширақ туындылары әділдікке, ақиқатқа құштар адал жанның өз өмірлік ұстанымымен астасып жатқанын айтып өтті. Артында өшпес із қалдырған тұлғаның өмірі мен Отан алдындағы адал қызметі жайлы ыстық ықыласқа толы таусылмас естеліктерімен бөлісті. Бұған қоса кездесу барысында Бақтығали Сақымқожаұлы бүгінде қазақ әдебиетiнде кенже қалып отырған детектив жанрының маныздылығына тоқталып, оны жан-жақты дамытып, осы жанрда жазатын болашақ жазушыларды көбейту керектігін де жеткізді.
Шара барысында жалпы білім беру ұйымдарының педагогтары арасында Кемел Тоқаевтың өмірі мен еңбектері туралы «Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының атасы» тақырыбында өткен ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінде екінші орынды иеленген Абай ауылындағы №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әйгерім Ерланқызы мен үшінші орынды жеңіп алған Көкөзек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дастан Саймасаев өз жобалары бойынша іс-тәжірибиелерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар кемелтанушымен кездесу барысында оқушылар туындылары әдебиет тарихында өшпес мұра болып қалған жазушының шығармаларынан үзінді, ал жас ауданымыздың ақындары арнауларын оқыды. Сондай-ақ Кемел Тоқаевтың еңбектеріне байланысты жазған ғылыми ізденістері мен жобаларын таныстырып, Бақтығали Айжігітовтен өздерінің жұмыстарына байланысты бірқатар кеңестер алды.
Емін еркін әңгімелесу форматында өткен жиын соңында оқушылар арнайы шақырылған қонаққа өздеріне байланысыты жеке сұрақтар, «қазақ детективінің атасы» атанған жазушының еңбектері бойынша қызықтырған сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
«Қазақ детективінің атасы» жайлы ойлар ортаға салынды
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Общество » «Қазақ детективінің атасы» жайлы ойлар ортаға салынды