Қаскелең қаласының күннен-күнге көркейіп, сәулеттік келбетінің жаңарып келе жатқаны – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Осы орайда қала халқының тағы бір игілігіне айналатын жағымды жаңалықпен бөліскіміз келеді. Жақын күндері қаладағы Әбен Өмірәлі мен Төле би көшелерінің қиылысында заманауи үлгідегі жаңа шағын демалыс саябақ қолданысқа беріледі.
Қазіргі таңда мұнда абаттандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Қаскелең қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұл жұмыстар ағымдағы жылдың маусым айының аяғында толығымен аяқталып, халықтың қолданысына беріледі деп жоспарланған.
Нақтырақ айтқанда, көптеген жылдар орталық кітапханаға жақын маңда орналасқан бір қабатты ескі әкімшілік ғимаратта аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі халыққа қызмет көрсеткен болатын. Алайда 2023 жылы мұнда үлкен өрт шығып, соның салдарынан мемлекеттік нысанның өзі де, оның іргесінде орналасқан жекеменшік үй де толықтай жанып кеткен еді. Содан бері бұл аумақ қайта қалпына келтірілмей, жер телімі ұзақ уақыт бойы бос әрі қолданыссыз тұрды. Енді, міне, жергілікті биліктің қолдауымен осы бір қараусыз қалған орында қала халқы жиналатын жайлы демалыс аймағына айналғалы отыр.
Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровтың айтуынша, жаңа шағын саябақтың жалпы аумағы 700 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жұмыскерлер тоқтаусыз еңбек етіп, қырлы тастарды төсеу жұмыстарымен айналысуда.
Саябақ құрылысы толық аяқталғаннан кейін мұнда тұрғындардың жайлылығы үшін үсті жабылған және ашық үлгідегі заманауи орындықтар қойылады. Сондай-ақ кешкі уақытта серуендеушілерге жарықшамдар орнатылып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы бейнебақылау камералары іске қосылады. Бұл алдағы уақытта саябақтың ішін бұзақылықтан қорғауға септігін тигізбек.
– Жалпы біздің Қаскелең қаласында тұрып жатқан халық саны күн санап артып келеді. Қаламыз үлкейген сайын тұрғындардың, әсіресе қарттар мен балалы аналардың, жастардың кешкі уақытта таза ауаға шығып, жайлы демалуларына арналған саябақтардың әлі де жетіспейтіні байқалады. Осы өзекті мәселені және тұрғындардың тілегін ескере отырып, өрттен кейін қолданылмай тұрған учаскені халыққа арналған шағын демалыс орнына айналдыру керек деген маңызды шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта осы бастаманы іске асыру бойынша тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жоспар бойынша осы маусым айының соңына дейін құрылысты толық аяқтап, шағын саябақты халық игілігіне тапсырамыз, – деді Рустам Әмірғалиұлы.
Осылайша, қала аумағында тұрғындардың уақытын тиімді өткізуіне арналған тағы бір заманауи демалыс аймағы пайда болмақ.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

