Жұмысшы мамандықтар жылы аясында оқырмандарды әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген қарапайым еңбек адамдарымен, соның ішінде күнделікті көзге көрінбейтін, бірақ еңбегі зор мамандармен таныстыру айдары жалғасын табуда. Бұл жолғы мақаламызда біз көп жылдық тәжірибесі мен еңбекке деген адалдығының арқасында отбасы мен әріптестерінің ортасында сыйлы Бату Жалпаков есімді азамат жайлы әңгімелейтін боламыз.
Ол 18 жылдан бері ауданымызда жаһандық технологияларды қолданып, тротуар тақталары және ландшафт элементтерін жасайтын «Isker company» зауытында жұмыс істейді. Еңбек жолын құрылысшы, кірпіш жинақтаушы секілді қарапайым жұмыстан бастаған оның ісіне деген табандылығы мен адалдығы көпке үлгі.
Жұмыстан қашпай, кез келген істің ебін таба білетін Бату Базарбайұлы – бір кездері еліміздің астанасы болған әрі тоғыз жолдың торабында орналасқан Қызылорда облысының тумасы. 1985 жылдың наурызында аталған облыстың батысында орналасқан Қазалы ауданының Әйтеке би ауылында адал еңбекке ерекше ықылас танытқан шаңырақта дүниеге келген.
Көп балалы отбасының қорғаны әкесі Базарбай Жалпаков темірді қолмен немесе электр құралдарымен өңдейтін, сондай-ақ машиналар мен механизмдерді құрастыратын, реттейтін және жөндейтін слесарь болған. Өз ісінің нағыз маманы, он саусағынан өнер тамған азаматты адамдар, тіпті басқа ауылдардан да іздеп келетін болған. Сол кездері совхоздағы жеміс-жидек консерві зауытында жұмыс істеген жұбайы Несіпбелі Жалпаковамен төрт ұлды өсіріп, оларды жастайынан еңбекке баулып, адал тапқан нанның дәмі өзгеше екенін ұғындырып, білгенін үйретуден жалықпаған. Әсіресе, ұлдарын өз ісіне баулуға тырысқан. Айналасына еңбекқорлығымен танылған әкесінің өнегесін көріп, бойына сіңірген Бату да өмірде тура жолдан таймайтындай азамат болып өскен. Орта білімді өзінің туған жеріндегі 11 жылдық орта мектепте алды. Өкінішке орай жас кейіпкеріміз 10 сыныпқа келгенде асқар тауы болған әкесі қайтыс болды. Бұл сәтте төрт баласымен жалғыз қалған анасы Несіпбеліге отбасы жүгін өз мойнына алуға тура келді. Ең қиыны тоқырау жылдары ол істеген жеміс-жидек консерві зауыты жабылып жұмыссыз қалды. Сөйтіп, амалдың жоқтығынан базарға сауда сатуға шыққан.
Мектепті тәмамдаған соң бауырларымен бірге анасына қолғабыс болып жүргенде Батуға әскер қатарына қосылуға шақыру қағазы келген. Отан алдындағы борышты өтеу әрбір ер азаматтың қасиетті парызы екенін жете түсіне білген азамат 2003 жылы екі жылдық әскерге аттанды. Өскемендегі әскери бөлімде өзге жас жігіттермен ішкі әскери бөлімшеде міндетін атқарды. 2005 жылы әскерден оралған соң, анасына көмектесу үшін жоғарғы оқу орнына түспей, жұмыс істей бастады.
– Бала кезімде сурет салуды қатты ұнатушы едім. Мектепте мұғалімдер сабақ айтып жатқанда партамда отырып, сыныпта ілініп тұрған ұлылардың портреттеріне қарап, дәптерге қаламмен айнытпай салатынмын. Ұстаздар, достарым түрлі суреттерді салып беруімді сұрайтын. Өскенде бойымдағы осы қасиетті дамытып, суретші боламын деп ойлайтынмын. Тіпті, әкем маған өзі секілді слесарь бол деп білгенін үйретуге тырысқанда да қарсыласып, «слесарь емес суретші боламын» дейтінмін.
Алайда өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. 90 жылдың аяғы 2000 жылдың басы еліміз үшін ауыр кезеңдер болды ғой. Әскерден келген соң жоғарғы оқу орнында оқу үшін жұмыс істеуге тура келді, – деді Бату.
Бату Базарбайұлы арада біраз уақыт өтіп, ақысы күн көрерліктей дұрыс жұмыс табылмағандықтан, достарымен бірге табыс іздеп Алматы шаһарына кетуге бел буды. Осылайша, 2006 жылдың күзінде үлкен қалаға көршілес орналасқан Қарасай жеріне келді. Сол кездері аудан орталығы Қаскелең қаласында жүріп жатқан құрылысқа қара жұмысшы болып орналасты. Күндердің бірінде бірге жұмыс істеп, кейіннен «Isker company» атты кірпіш шығаратын зауыттың цехына кеткен әріптесі жұмысқа шақырды.
Сөйтіп, 2007 жылы бүгінде өзі еңбек етіп жүрген «Isker company» ЖШС-не кірпіш жинақтаушы (укладчик) болып келді. Біраздан кейін арнайы дайын кірпішті танымалдауға қолданылатын электрокардың жүргізушісі болды. 2014 жылы компания басшылығы тротуар тақталары мен ландшафт элементтерді шығаратын цех салды. 2020 жылы істеп жүрген кірпіш зауыты жабылған соң Бату Жалпаков жаңа цехке ауысты. Мұндағы жұмысын да ол кірпіш жинақтаушы болып бастап, кейіннен автокран машинасының жүргізушісі, үлкен пресс машинасының операторы ретінде еңбек етті. 2021 жылы күніне 500 шаршыға арналған тақтайшалар шығаратын цехтың қуаты 1500-ге дейін өскен соң, оны оператордан слесарьға ауыстырды. Ерінбей еткен еңбек қашанда жоғары бағаланатыны белгілі. Оның үстіне Батудың бойында жиған тәжірибесіне сай қай жұмысқа да сайлы екенін аңғарған компания басшылығы жеті айдан кейін бір ауыссымның бригадирі етіп жаңа жұмысты тапсырды.
Бүгінде ол бригадир ретінде 18-ге жуық жұмысшыға жауап береді. Таңертең цехке келгендерге күн тәртібін түсіндіріп, жұмыстарын бөліп береді. Сондай-ақ қауіпсіздік техникасының сақтануын, жұмыс құрылғыларының дұрыс жұмыс жасауын ауысым біткенше бақылайды. 22 жасында «Isker company» ЖШС-не жұмысқа орналасып, түрлі еңбек сатыларынан абыроймен өткен кейіпкеріміздің кәсіпорында табан аудармастан еңбек еткеніне 18 жылдан асқан.
Жұмыстың қай саласында болсын өзінің жауапкершілігін көрсетіп, әріптестерінің алдында абырой-беделге ие болған Бату Базарбайұлы өзінен кейінгі өкшебасар інілеріне адал еңбек етіп, адал табыс табудың үлгісін көрсетіп келеді. Қарбалас жұмыстың ортасында жүріп өзінің ағалық міндетін де ұмытпаған ол 2010 жылы қасына Бақытжан есімді інісін, 2023 жылы Ерлан есімді ең кіші інісін қасына көшіріп әкелді. Бүгінде екеуі де ағалары еңбек етіп жүрген компанияға қарасты «Өрлеу» ЖШС-де кран машинасының жүргізушісі және газ өткізуге арналған құбырларды тасымалдаушы болып еңбек етуде. Екі інісіне де үйін тұрғызып, отбасын құрып, жеке шаңырақ иесі атануға көмек көрсеткен. Төрт ағайындының ішінде тек үлкені Әстербек ағамыз ғана туған жеріннен кеткісі келмей, отбасымен Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұрақтап қалған.
– «Isker company» компаниясында жұмыс істеп келе жатқаныма 18 жылдан асты. Әрине, жастайымнан сурет салумен айналысуды армандаған маған бастапқапқы уақытта оңай болған жоқ. Бірақ қажеттілік, тәжірибе мен жігер бәрін жеңді десе болады. Ешқашан жұмыстан шаршадым, қолымнан келмейді демеуге тырыстым. Әр істі адал әрі жауапкершілікпен атқардым. Осылайша шыңдалып, ұшталып барып өз жолымды таптым.
Қазір әкемнің «болашақта қажет болады деп» мені өз ісіне үйретуге тырысқанында қарсыласқаным есіме түссе күлкім келеді. Қиналған сәтте жасай алмаймын дегенді ұмытып, бәрін де істейді екенсің. Алайда мұны тек есейе келе түсіндік.
Жалпы егер адам өзі еңбек етіп жатқан жерін құрметтесе, ол жердегілер де оны бағалайтын болады. Менің бір орында табан аудармай 18 жылға жуық істеп келе жатқаным – соның дәлелі. Бұл ретте компанияның негізін қалаған Болат Әбеновке, одан кейін қазіргі директорымыз Әлібек Болатұлына алғысымды білдіргім келеді. Осындай компанияны іске қосып, мен секілді көптеген азаматтарды жұмыспен қамтып отырғандары үшін, қызметкерлерінің жағдайын жасап, уақытылы ақысын беріп отырғандары үшін рақмет. Жұмыста сенім артып, қолдауын көрсетіп, үнемі жаңа биіктерге жетелеп жүрген басшылығымызға алғысым шексіз, – деді маман.
Қарапайым, ақ көңіл, еңбекқор, адамгершілік қасиеті жоғары Бату Жалпаков – ұжымдағы сыйлы азамат, қолынан іс келетін ісмер, сенімді әріптес. Бүгінде ол енді ғана тамыр жайып келе жатқан отбасының тірегі болып отыр. Құдай қосқан қосағы Мақпал Еркімбаевамен ол Қаскелең қаласында танысқан. Ол кездері Мақпал елдегі ең ірі телекоммуникациялық компания «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық филиалында жұмыс істеген. Біраз уақыттан кейін екеуі отау құруға бел буып, 2019 жылы Жалпаковтар әулетінде тағы да жаңадан бір отбасы құрылды. Ал бір жылдан кейін кейіпкеріміз әке атанды. Шаңырақтың еркесі бес жасар сүйкімді Айсана биыл Шамалған ауылындағы Қарасай батыр атындағы орта мектептің табалдырығын нөлінші сынып оқушысы ретінде аттады.
Түздегі тіршілікпен үйдегі берекені қатар ойлап жүрген Бату Базарбайұлы өзге еңбек адамдарына үлгі өнеге ретінде айтуға тұрарлық. Кішкентайынан суретші болуды ғана армандаған ол адал еңбегінің арқасында өмірде өзінің орнын тауып қана қоймай, балалық және ағалық міндетін атқарып, бүгінде Жалпаковтар әулетінің тірегіне айналуда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

