Ақыл-ойдың алыбы атанған ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойының өткеніне біраз уақыт болса да оның құрметіне арналған игілікті іс-шаралар әлі де жан сүйсінерлік жағдайда жалғасын тауып келеді. Аталған мерейтойдың жыл аяғына дейін және одан әрі де ұлан-асыр мереке ретінде ұласа беретініне сеніміміз зор. Өйткені халық үшін дана Абай мәңгілік тақырыптың алтын арқауы болмақ.
Таяуда Алматы облысына қарасты Алатау қаласы әкімдігінің бастамасымен «Жаңаталап» ықшам ауданындағы №10 орта мектепте ұлы ақынның мерейтойына байланысты FJDE рейтингін есептейтін шахмат жарысы болып өтті. Бұл турнирге облыстың қалаларынан, аудандарынан және қырғыз елінен, жалпы алғанда әр алуан жастағы 122 шахматшы қатысты. Тартысқа толы бәсекені тамашалаған халық қарасы да көп болды.
Швейцар жүйесімен өткен 9 турлық жарыстың қорытындысында жүлделі бірінші орынды Алматы қаласынан келген Айнақұл Мұхтар, екінші, үшінші орындарды ілелік Айдынұлы Тайыр мен Мұратұлы Мағжандар иеленді. Сондай-ақ жүлделі орындардан жерлесіміз, қарасайлық Даниял Қабылбек, талғарлық Дінмұхамед Меліс, Қырғызстаннан келген Әсел Лесбаева, алматылық Мәди Амангелдіұлы көрінді. Олар өздерін қандай бәсекеге болсын дайын екендерін көрсете білді.
Шахматтағы шайқас барысында 65 жастан асқан ардагерлер де өздерінің өмірлік тәжірибелерін ортаға салды. Олардың арасынан да суырылып алға шыққан, шеберліктері толысқан ойыншылар да аз болмады. Жарыстың нәтижесінде бірінші орынды қарасайлық Тұрғали Жолдасов, екінші орынды талғарлық Ахат Солтанқұлов, үшінші орынды қарасайлық Кенжебек Ермекбаевтар иеленсе, әйелдер арасынан бірінші орынды қарасайлық Мариям Нұрымова, екінші орынды Алатау қаласынан Інжугүл Ахметовалар жеңіп алды. Әйелдер арасында қатарынан озатындар баршылық екен.
Осынау жарыста таудай талабымен көрінген 8 жастағы балғындар да баршылық болып шықты. Мәселен, қарасайлық Әлисұлтан Қылыбек, Нұртуған Қылышев, талғарлық Дәрменияр Дәулет, Мәдина Қадыр, алатаулық Кәркен Аманғали, ілелік Құсайын Дадабаев, еңбекшіқазақтық Дәулет Нұрболатовтар келешегінен үлкен үміт күттіретін ойыншылар екенін көрсетті. Оларға Абай аталарының «Қара сөздер» кітабы сыйға берілді.
– Мен шахмат жарысында бастан-аяқ болдым. Басқа жарыстарға қарағанда бұл жарыс маған өзіндік өзгешелігімен әсер қалдырды. Жиналған жұртшылық Алатау қаласының әкімдігіне, Алатау қаласының шахматтан бас бапкері, Ауған соғысының ардагері Қармағаш Сейітов пен мектеп ұжымына айырықша алғыстарын білдірді, – деді шахматтан спорт шебері әрі белсенді ұйымдастырушы, қарасайлық Абдолла Адимұратов.
Аталған шахмат жарысына Шамалған ауылының кәсіпкері Рахат Алпысбаев қаржылай демеушілік жасап, шахматшылардың ризашылығына бөленді.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ардагер-журналист.

