Жыршы-жыраулық дәстүрдің ұмытылып бара жатқаны рас. Сонымен қоса, қазақы болмыс көмескіленіп, ұлттық рухымыз да әлсіреп бара жатқандай. Осы орайда, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекованың бастамасымен Қарасай аудандық Мәдениет үйінің ішінен ақындар мен жыршы, термешілер мектебі ашылды. Бұл орталықта өнерге бейім оқушылар жыршы-жыраулық пен айтыстың қыр-сырын меңгеріп, қабілет-қарымын шыңдайтын болады.
Ұлттық дәстүрдің өзегімен тікелей астасып жатқан бұл бастама көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені техника дамып, жас ұрпақ ғаламторға таңылған заманда соқталы сөз зергері Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, бірегей туындыларының нәрін жас буынның бойына сіңіру, жыраулық өнердің құдіретін ұғындырудың өзектілігі артып отыр. Әрине, оқушылардың барлығы жыршы-жырау немесе ақын болып кетпес. Десек те, елін, жерін сүйетін, «сөз қадірі – өз қадірім» деп білетін азамат болып қалыптасары анық.
Аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің айтуынша, алдағы уақытта ақындар мен жыршы, термешілер мектебінің филиалдары округтердегі Мәдениет үйлерінде ашылу жоспарланған.
Жалпы Қарасай ауданында ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеуге жете мән беріледі. Міне, ашылып отырған ақындар мен жыршы, термешілер мектептері соның бір айғағы. Аталған өнер ордаларында бір кезеңде ақындар мектебінде 15 балаға жыршы, термешілер мектебінде 20 бала өз білімі мен өнерін жетілдіруге жағдай жасалған. Мұнда 9 бен 17 жас аралығындағы балаларды қабылдайды.
Өнер орталығының ашылуы салтанатты деңгейде аталып өтті. Мәдениет үйінің фойесінде ұлттық қолөнер туындылары мен аспаптар қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Ақындар мектебінің қызыл лентасын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев пен филолог, айтыскер ақын Айсұлу Қасымбек кессе, ал, жыршы-термешілер үшін алғашқы рәсімді Қазақстанның Мәдениет қайраткері Әбіш Әбілбек пен ардагер ұстаз Баян Мұхамедиярова жасады. Жаңа орталықтардың ішінде жас өнерпаздар алғашқы арнауларын оқып, дәстүрлі жыр-термелерді нақышына келтіре орындады. Айтыскер ақындар, ұстаздар мен оқушылар, жалпы өнерсүйер қауым бас қосқан жиынның соңы «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің концертіне ұласты.
Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді қастер тұтып, баба мұрасын құрметтейтін рухани кемел ұрпақ тәрбиелеуге ден қойған тараптың жұмысына біз де сәттілік тіледік.
Бұрым ОРЫНБАСАР.