Қарасай ауданында әлеуметтік қолдау бағытындағы игі істер кезекті қуанышпен жалғасты. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтіп, 30 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Мерейлі сәтке куә болған қоныс иелерінің қатарында көп балалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар секілді әлеуметтік жағынан осал топ санатындағы азаматтар бар.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Жасұлан Естенов тұрғындардың қуанышына ортақтасып, мемлекет тарапынан баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысын дамыту және халықты баспанамен қамту ісі басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
– Бүгінгі таңда Қарасай ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 13 036 азамат тіркелген. Оның 6 915-і – әлеуметтік жағынан осал топтар санатына кіреді. Осы бағыттағы мұқтаждықты жою жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 72 отбасы баспаналы болса, биылғы жылдың басынан бері кезекте тұрған 184 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталған.
Жыл соңына дейін тағы 73 шаңырақты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Алматы облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Қарасай ауданына қосымша 290 пәтер сатып алуға қаражат бөлінді. Бұл баспаналар да ағымдағы жылдың соңына дейін өз иелерін таппақ, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Игі шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов та сөз сөйлеп, жаңа қоныс иелеріне ақ батасын беріп, шаңырақтарына береке тіледі. Осыдан кейін салтанатты түрде пәтер кілттері табысталды. Жаңа қонысқа қол жеткізген тұрғындар өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлыққа шексіз ризашылықтарын білдірді.
– Мен – ауған соғысының ардагерімін. Отбасыммен бірге тұрғын үй кезегінде тұрғанымызға 10 жылдан асып еді. Жылдар бойы сабырмен тосқан асқақ арманымыздың орындалғанына сенудің өзі бір ғанибет. Қолыма жаңа баспананың кілті берілген сәтте төбеміз көкке жеткендей қуандық. Осы ретте біз сияқты ардагерлер мен әлеуметтік санаттағы азаматтарды назардан тыс қалдырмай, тұрақты қолдау білдіріп жатқан Мемлекет басшысына, сонымен қатар ауданымыздың басшысы Жасұлан мырзаға ерекше алғысымды айтқым келеді. Ел игілігіне бағытталған жұмыстар әрдайым алға басып, ауданымыз көркейе берсін. Біздің бүгінгі бақытымыз бен шаттығымыз баспана күтіп жүрген өзге де тұрғындарға жұғысты болсын, – деді Шамалған ауылдық округінің тұрғыны, ардагер Нұрбек Хайдаров.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

