Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау, әсіресе халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына жол ашу – бүгінгі экономикалық саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл ретте жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар тұрғындардың өз ісін ашып, отбасылық табысын арттыруына зор мүмкіндік беруде. Осы мақсатта жақында Қарасай ауданында өтінім қабылдаудың бірінші кезеңі қорытындыланып, өз жобаларының өміршеңдігін дәлелдеген біраз азамат мемлекеттік қолдауға ие болды. Негізгі өтінім қабылдау 24 маусым мен 8 шілде аралығында өтіп, өткен аптаның сейсенбісі күні үміткерлер арнайы құрылған комиссия алдында өздерінің бизнес-жоспарларын қорғады. Комиссия мүшелері ұсынылған жобаларды кәсіптің табысты болуы, даму әлеуеті, қаржылық негізділігі және ең бастысы – жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі бойынша жан-жақты бағалады.
Байқаудың бірінші кезеңінде Қарасай ауданы бойынша барлығы 78 тұрғын бағын сынап, өтінім берген болатын. Алайда бизнес-жобаны қорғаудың шешуші кезеңіне 69 үміткер өтті. Қазылар алқасының мұқият сараптауы мен дауыс беру нәтижесінде 29 қарасайлықтың жобасы үздік деп танылып, мемлекеттік қайтарымсыз гранттың иегері атанды.
Жеңімпаздардың қатарында күнделікті тұрмыстық қажеттіліктен бастап, заманауи инновациялық технологияларды меңгерген креативті азаматтар бар. Мәселен, Тұрар ауылының тұрғыны, көп балалы әке Айваз Ахметов үй құстарының ішіндегі ең ірісі саналатын күркетауық өсіру шаруашылығын бастап, өңірдегі құс шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосуда.
Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасылары да кәсіпкерлікке белсене араласып, ерекше жобаларымен көзге түсуде. Алмалыбақ ауылында мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған Ардақ Саяхат ұлттық нақыштағы 3D технологиясы арқылы пластикалық бұйымдар өндірісін қолға алса, 2-топ мүгедектігі бар жеке кәсіпкер Қанат Болатұлы «Ethno Code» жобасы аясында ұлттық ою-өрнектерді цифрлық кодқа айналдыру арқылы инновациялық өнім өндіруді бастады. Ал Көлащы ауылының тұрғыны, көп балалы ана Зафура Жанахметова «Qazaq Textile» бренді аясында ұлттық және заманауи стильдегі мата аппликацияларын өңдеуді жолға қойды. Бұл жобалардың әрқайсысы тек отбасылық бизнесті дамытып қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға да өз септігін тигізетіні сөзсіз.
2026 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни 1 730 000 теңгені құрайды. Бұл бөлінген қаражат жаңа құрал-жабдықтар мен еңбек құралдарын сатып алуға және бизнесті ресми түрде ашуға тікелей бағытталады. Айта кету керек, ағымдағы жылы бұл бағдарламаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, енді байқауға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар немесе дара кәсіпкерлігін тіркегеніне 1 жыл толмаған тұлғалар қатыса алады (бұған дейін 3 жылға дейінгі ЖК қатыса алатын еді). Сонымен қатар грант алған кәсіпкер 18 ай ішінде кемінде бір жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуы тиіс және бұл орынға аудандық мансап орталығының жолдамасымен жұмыс іздеушіні орналастыруы қажет. Оған қоса, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеретін мониторинг мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды.
Грантқа қатысудың қалған талаптары өзгеріссіз қалды. Бағдарламаның басты шарты – үміткердің әлеуметтік осал топтардың біріне жатуы. Яғни, өтінім беруші мүгедектігі бар азамат, «қандас» мәртебесі бар тұлға, өңіраралық қоныс аударушы, аз қамтылған немесе көп балалы отбасы мүшесі, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушы болуы тиіс.
Өтінімдер республикалық деңгейде Business.enbek.kz порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Ал интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып, мамандардың көмегіне сүйене алады.
– Ағымдағы жылы Қарасай ауданына жалпы 120 грант бөлінген. Оның 60-ы қайтарымсыз грант ретінде беріледі. Жалпы мемлекеттік қайтарымсыз гранттар жылына екі кезең бойынша ұсынылады. Бірінші кезеңде 24 маусым мен 8 шілде аралығында өтінімдер қабылданып, комиссияның шешімімен 29 азамат 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болды. Алдағы келе жатқан қыркүйек-қазан айларында осы конкурстың екінші кезеңі өтпек, яғни аудан тұрғындарының әлі де 400 АЕК көлемінде грант алуға жақсы мүмкіндіктері бар, – деді Қарасай аудандық мансап орталығының орталығының маманы Талғат Байжомартов.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

